Cарапшы: Алматы БҰҰ-ның бір маңызды хабына айналады!

Алматы қаласы Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша саяси және гуманитарлық мәселелерді реттеуге қатысты маңызды шешім қабылдау орталығының біріне айналады. Қалада Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығы ашылатын болды. Бұл маңызды шешім Бас Ассамблеяда қабылданыпты.


1221730_600526_1287x836.jpg

 

БҰҰ-ның түрлі бөлімдері, маңызды орталықтары бар. Мысалы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы деген бар, ол Римде орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму ұйымы деген бар, ол Венада орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмысты жүйелі ұйымдастыру агенттігі деген бар, ол Амман қаласында орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының СПИД бойынша бірлескен бағдарламасы бар, ол Женевада орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы деген бар, ол Найробиде орналасқан. БҰҰ-ның осындай жиырма шақты маңызды ұйымдары мен бағдарламалары бар. Олар түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді және штаб пәтері болады. Енді осылардың қатарына Алматы қаласы кіріп отыр. Қазақстан кіріп отыр.

 

Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығы 17 тармақтан тұратын мәселені қарастырады. Ол әлемдегі ашаршылық, сапалы білім, экономикалық өсім және басқа дегендей. БҰҰ-ның бұл жоспарды қалай іске асырары белгісіз, алайда осы жоспарды іске асыруға тиіс штабтың біздің елімізде ашылуы біз үшін маңызды. БҰҰ жалпы осы штаб арқылы Ауғанстандағы жағдайды да реттеуге тырысатынын аңғартады.

 

Неге Қазақстан таңдалып алынды? Ауғанстанмен тікелей шекарасы жоқ, алайда соған қарамастан Ауғанстанға жақын жатыр. Ауғанстанмен шекарасы бар елдердің тәлібтермен мәселесі бар. Ташкентпен тікұшақтар мен ұшақтар үшін келіспеуде, Көш-Тепа су қоймасы тағы бар. Тәжікстанмен қырғи-қабақ, ал Түркіменстанмен байланысы белгісіздік күйде тұр, шекарада кейде қақтығыс болуда. Орталық Азияда өзара шекара мәселесі шешілмеген елдер де бар. Кабулдың өзінде мұндай штабты ашу мүмкін емес. Осының бәрін ескере келе, Алматыда штабты ашу лайықты деп таныса керек.

 

Енді Ауғанстанға қатысты саяси шешімнің көбі біздің аумақ арқылы қабылданады. Яғни БҰҰ-ның Ауғанстанға қатысты жиындары, басқосулары, гуманитарлық бағдарламалары Алматыдағы штаб аясында ұйымдастырылады. Алматы БҰҰ-ның бір маңызды хабына айналады деген сөз ғой. Сыртқы саясат үшін бұл жақсы.


Асхат Қасенғали


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар