Бүгін таңға қараған уақытта Украина әскері Ресейдің ондаған облысына, соның ішінде Мәскеу мен Мәскеу облысына ауқымды шабуыл жасады. Шабуылдар соққылаушы дрондар арқылы жасалған. бірнеше тұрғын үй зақымданып, ондаған көлік өртенген. 1 адам қаза тапқан. Жараланғандар да бар.
(Сурет: 5.ua)
МӘСКЕУГЕ АУҚЫМДЫ ШАБУЫЛ: ӨРТЕНГЕН ҮЙЛЕР, ӨЛГЕН АДАМДАР...
Ресей ақпараты бүгін таңнан бері дабыл қағып, дабыраласып жатыр. Ел астанасы Мәскеуге, Мәскеудің маңайында орналасқан қалашықтарға Украина тарапынан ауқымды шабуыл жасалғаны айтылуда. Бұл ақпаратты Мәскеу әкімдігі мен РФ Қорғаныс министрлігі де растады. Мәскеу мен Мәскеу маңайындағы бірнеше әуежай, теміржол жұмысы тоқтатылды. Тұрғын үйлер бүлініп, көліктер өрт ке оранған. Қаза тапқандар мен жараланғандар да бар.
Сонымен, Украинаның Мәскеуге шабуылы қалай жасалды?
Ресей ақпараты Украина тарапынан Мәскеудің өзіне ғана 70-тен (әзірге белгілісі 73) жуық соққылаушы дрон шабуылдағанын айтады. Мәскеу мері Сергей Собяниннің айтуынша, бұл әуе қорғаныс кешендері (ПВО) қағып түсіргендері ғана.
Мәскеудегі Домодедово темір жол станциясына дрон түсіп, жолақтың бір бөлігі қираған. Қазір теміржол станциясында барлық бағыт бойынша қозғалыс тоқтаған.
Раменское қалашығы: Бұл Мәскеуден 30 шақырым жерде орналасқан, жан саны 115 мыңға жуықтайтын шағын қалашық. Украинаның соққылаушы дронды осы қалашықтағы тұрғын үй кешеніне тиген. Салдарынан өрт шыққан. Кемі 7 пәтер өртенген. Аталған тұрғын үйдің адамдары шұғыл эвакуацияланған.
Видное қалашығы: Мәскеудің дәл түбінде, 32 шақырым жерде орналасқан. Жан саны 110 мыңға жуықтайды. Бұл қалашықта бірнеше тұрғын үй дрон соққысынан бүлінген.
Высокий Берег елдімекені: Бұл Мәскеудің түбінде ғана орналасқан коттедж қалашық. Украинаның соққылаушы дрондары бұл жақтың да мазасын қашырған. Бір коттедж қираған.
Мәскеудің өзі. Домодедовский көшесінде тұрғын үйге дрон құлаған. Капотни орман шаруашылығы аумағына да соққылаушы дрон құлаған.
Мәскеудегі Домодедово: «Мираторг» агроөнеркәсіптік компаниясының автотұрағына соққылаушы дрон тиіп, өрт шыққан. Кемі 20-ға жуық көлік өртенген.
Мәскеу түбіне шабуыл: 1 адам қаза тауып, 3 адам ауыр жараланған. Бұл туралы Подмосковье губернаторы Воробрев айтты.
Мәскеудегі Домодедово, Шереметев, Жуковский, Внуоково әуежайлары жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Росавиация мәлімдеді.
Дрон шабуылына ұшыраған аймақтар: Коломна (132 мың адам тұрады), Зарайск (21 мың адамы бар), Серебрянные пруды (10 мың адамы бар), Серпухов (280 мың адамы бар), Воскресенск (100 мыңға жуық адам тұрады), Луховицы (30 мың адам тұрады), Бронницы (21 мың адамы бар), Ленинское, Подольск (312 мың адам тұрады), Электросатль (414 мың адамы бар), Черноголовка (15 мың адамы бар) және Котельники (75 мың адам тіркелген). Бұлардың барлығы дерлік Мәскеу мен оның маңайында орналасқан ірілі-ұсақты қалашықтар.
СОҚҚЫ АСТЫНДА ҚАЛҒАН РЕСЕЙ ӨҢІРЛЕРІ: 400-ГЕ ЖУЫҚ СОҚҚЫЛАУШЫ ДРОН...
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Украина әскері кеше түнде һәм бүгін таңда Ресейдің бірқатар өңіріне ауқымды дрон шабуылдарын ұйымдастырған. Соққылаушы дрондардың ұзын-саны 337. Бұл Ресейдің есептеуі.
Мәскеу мен оның төңірегіне 91 дрон, Курскі аумағына 126 дрон, Брянскі аумағына 38 дрон, Белгород аумағына 25 дрон, Рязан аумағына 22 дрон шабуылдаған. Тағы бірнеше дрон Калуга, Липецскі, Орлов, Воронеж, Нижегород облыстарының аумағына шабуылдаған.
Тақырыпқа тұздық: Бұл Украина әскерінің Ресей аумақтарына жасаған биылғы жылғы ауқымды шабуылдарының бірі болды. Және бұл АҚШ тарапы әскери көмекті тоқтатқаннан кейінгі һәм бейбіт келіссөздер туралы талқылаулар қайта жанданғаннан кейінгі ауқымды шабуыл болды. Бүгін АҚШ пен Украина делегациялары екіжақты келіссөздер өткізу үшін Саудияда кездеседі. Украина делегациясын – Украина президенті кеңесінің басшысы Андрей Ермак бастап барса, АҚШ делегациясын – АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бастап бармақ.
Mezgil.kz