Көбейген киік, жортқан жолбарыс: Қазақстан табиғатты қорғауды күшейтуде

Қазақстанда жыл өткен сайын қоршаған ортаны қорғауға байланысты түрлі бастамалар жүзеге асуда. Еліміз жоғалып бара жатқан құстарды, сирек кездесетін аңдар мен түз тағыларын, балықтар мен шөп түрлерін қорғауда игі бастамаларды іске асыруда.


Фото: Всемирный фонд дикой природы (WWF)

 (Сурет cabar.asia сайтынан)


Елімізде соңғы жылдары киіктердің саны еселеп артты. Қазақстанда 2003 жылы 21 мың ғана киік қалған болатын. Ал 2025 жылы киіктердің саны 4 млнға жетті. Сарапшылардың болжамы бойынша еліміздегі бөкендер саны 4,1 млнға жеткен. Бұл еліміздегі жануарларды қорғаудың нәтижелі жұмысының көрінісі.

 

2019 жылы елімізде бірқатар заңнамаларға толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Осылайша рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту іске асты. Бұл саны азайып, құрып кетудің алдында тұрған аңдарды сақтап қалуға мүмкіндік есігін ашты.

 

Қазақстан сайын далада сайран салған, алайда КСРО кезеңінде жойылып кеткен жан-жануарлар популяциясын қайта қалпына келтіру бойынша орасан жұмыс атқаруда. Қазақстанның бір нышаны болған Тұран жолбарысының популяциясын қайта қалпына келтіру жұмыстары Балқаш аймағында басталды. Бұл жобаға тек қана Қазақстан емес, сонымен бірге әлемдік қауымдастық та назар аударып, Қазақстанның әрекетін жоғары бағалауда.

 

Қазақстан Іле-Балқаш аймағында жолбарыстарды қайта әкеліп, жерсіндіру үшін соңғы 7 жылда дамылсыз жұмыс жасады. Жолбарыстарға қажетті азық болар аң түрлері өсірілді, арнайы суаттар салынды және аймақты қоршау жұмыстары іске асты. 2024 жылы Қазақстанға Нидерландыдан алғашқы екі жолбарыс әкелінді. Ал 2025 жылы Қазақстанға Ресейден 4 жолбарыс әкелінбек. Осылайша Іле-Балқаш аймағында жолбарыстарды жерсіндіру жұмыстары қызу іске асады және алдағы уақытта жолбарыстар жабайы табиғатқа жіберілуі мүмкін.

 

Қазақстан алдағы уақытта қар барысын қорғауды күшейтіп, санын арттыру жобаларын іске асыруы мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен «Ұлттық құрылтайда» айтты. Соңғы жылдары Қазақстандағы ілбістер саны күрт азайып кетті. Ілбістердің санына қатысты нақты ақпарат аз. Мамандар 2018 жылы Қазақстан аумағында 223 ілбіс болғанын айтады. Ал 2023 жылғы көрсеткіштер бойынша ілбістер саны 100-120 аралығында тұр. Ілбістердің санының азаюына түрлі себеп бар. Браконьерлік, ауыл шаруашылығының дамуына байланысты жабайы тамақтану аясының тарылуы, ілбістер арасындағы жұқпалы аурудың тарауы және басқа. Мамандар Қазақстан аумағында көбейген ілбістердің тау асып, Қырғызстан аумағына өтіп, аңшылардың құрбанына айналып жатқанын да айтуда. Сол үшін де ілбістерді көбейту жобасын Бішкекпен бірлесе жүзеге асыру идеясы да көтерілуде.

 

Қазақстан жоғалып бара жатқан және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалу үшін алғаш рет ортақ ақпараттық база құрып, оған 2959 түрлі типті енгізді. Мемлекет басшысы Биологиялық әралуандықты қорғау қорын құруды тапсырды. Қордың негізгі мақсаты Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарларды сақтау болып саналады.

 

Биологиялық әралуандықты сақтау бойынша алты ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылуда. Олар «Арал», «Жайық орманы» және «Ертіс Жайылмасы» мемлекеттік табиғи қорықшалары, «Түкті» ұлттық паркі, «Меркі» өңірлік саябағы және «Қызылқұм» қорықшасы саналады.

 

Еліміз табиғатты қорғау жұмыстарын күшейте бермек. Бұл мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі де бірегейі. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар