Мәжіліс – Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы. Онда талқыланып жатқан әрбір заң, әрбір бастама Қазақстан қоғамы үшін маңызды болмақ.
(Суреттер: parlam.kz сайтынан алынды)
Бүгін Мәжілісте Президенттің реформаларын іске асыруға арналған алқа-қотан жиын өтуде. Сонда айтылған бірқатар мәлімдемелерді топтап, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік...
СУПЕРПРЕЗИДЕНТТІК БАСҚАРУ ФОРМАСЫ КҮРДЕЛІ САЯСИ ДАҒДАРЫСҚА АЛЫП КЕЛДІ
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
«Халықпен бірге» қағидасы Президент саясатының негізгі өзегіне айналды. «Әділетті Қазақстан» қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал, реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту. Қоғамды алаңдатқан барлық өзекті мәселе Мәжіліс қабырғасында ашық талқыланып, шешімін таба бастады», - деді.
Мәжіліс спикері Қазақстанда 30 жыл бойы суперпрезиденттік басқару формасы қолданылып, оның соңы күрделі саяси дағдарысқа алып келгенін еске салды. Үш жыл бұрын елімізде басқару жүйесінің бұрынғы қағидаттары толықтай қайта қаралып, билік тармақтары арасында тиімді теңгерім орнатылған мүлде жаңа мемлекеттік-саяси жүйе қалыптастырылғанын айтты.
«Сот төрелігі мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы жаңалық – Конституциялық Соттың құрылуы болды. Қазақстан жаһандық саяси үдерістердің маңызды субъектісіне айналуда. Бірлескен жұмыс арқылы депутаттар Мемлекет басшысы көтерген көптеген әлеуметтік маңызы бар мәселелердің шешіміне қол жеткізуде», - деді Қошанов.
РЕФОРМАЛАР ТОЛЫҚ ЖАСАЛЫП БІТКЕН ЖОҚ...
Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты:
«Елді өзгеріске бастаған реформалар жасалып бітті деп толыққанды айта алмаймыз. Елдегі «өзгерістердің үш жылдығы» дегенде Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру үшін жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқына берген президенттік уәдесі ғана емес, ең басты перзенттік парызы деп түсіну керек», - деді Бапи.
ҰЛТТЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯДА!
Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:
«Елімізді жаңа дәуірге бастаған іргелі өзгерістер, салиқалы саяси реформа мемлекеттің іргесін бекемдеп, қарқынды дамуы үшін ең алдымен бірегей ұлтқа бастайтын бірлік, ырысқа жеткізетін ынтымақ керек. Тәуелсіздіктің Көк туы көкте мәңгі желбірей беруі үшін бәріміз де өз үлесімізді қосуға тиіспі», - деді Иса.
Mezgil.kz