Ілгерілеу әлеуеті: Алты жылда алған асулар мен жаңа белестер

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың мақаласы Қазақстан азаматтары арасында жиі талқыланып жатыр. Жұрт жаппай пікір білдіріп жатқан жарияланымда Премьер-министр өткен алты жылда атқарылған жұмыстарды жан-жақты шолып, қол жеткізген жетістіктерді тізіп шықты.

1742380027947519.jpg

(Президент суреті Ақорда сайтынан алынды)

Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан экономикалық көрсеткіштер бойынша алға жылжыды және алдағы жылдары осы жетістіктер жалғаса береді. Аса мазмұнды мақала туралы әртүрлі сала мамандарының пікірлерін жинақтап, ортаға салдық.

БІЗДЕ ІЛГЕРІЛЕУ БАР...

1742379777149911.jpg

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)

Бауыржан Ысқақов, экономист:

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келуі елдегі үлкен сынақтармен тұспа-тұс келді десек болады. Дегенмен бұл сынақтар елдің тұрақты дамуына серпін берді. Коронавирус пандемиясының ауыр зардаптарына қарамастан, мемлекет басшысы экономикалық қолдау шараларын қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін көптеген  бағдарламаларды жүзеге асырды. Шағын және орта бизнесті тексеруге, салықтық төлемдерге мораторий, жеңілдіктер берілді. Пандемиядан кейін экономиканың цифрлық трансформацияға көшуі сияқты жағдайларды бастан кешірді. Сыртқы саясатты айтсақ, жаһандық геосаяси жағдайдың шиеленісуі, экономикалық дағдарыстар мен басқа да сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан халықаралық аренадағы рөлін нығайтты. Сыртқы саясатта балансталған және көпвекторлы стратегияны ұстанып келе жатқаны белгілі. Сонымен қатар елдің ішкі саяси жүйесінде рефрмалар жасалып, демократиялық институтты дамытуға қадамдар жасалды. Жалпы экономиканың дамуына септігін тигізген бағдарлама деп «экономиканы әртараптандыру» бағдарламасын айтар едім. Өйткені біздің экономикамыз мұнай, газ, табиғи минералдар секілді көбінесе шикізатқа тәуелді болғандықтан және соның әлемдік нарықтағы бағасына тәуелді болғандықтан ең дұрыс шешім - тезірек экономиканы әртараптандыру. Сол бағытта осы 6 жылда ауыз толтырып айтатын көрсеткіш ретінде бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласын айтар едім. Бұл сала агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік берілді. Мысалы алты жылда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Машина жасау, индустрияландыру бағдарламасы аясында да машина жасау саласында да өндіріс көлемі үш есе артып 1 трлн теңгеге жеткені белгілі. Мұнай және химия саласында полимерлер, композиттік материалдар және химиялық реагенттердің өндірістік жолға қойылғаны бар. Оған мысал ретінде Атырау облысында іске қосылған KPI пропилен өндірісін атқара бастады. Бұл зауыт - Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Құрылыс материалдары мен силикон өндірісі саласында да шикізаттарды экспорттық тауар ретінде сатуға мүмкіндік алды. Жалпы, салық саясаты қазір өте өзекті. Бірінші кезекте салық салатын базаны қамтамасыз ететіндей күшке айналу керек. Сол бағытта қосымша құн салығының ставкасын түсіре отырып немесе оны бизнеске де экономикаға да, мемлекетке де тиімді қылатын жолдарын қарастырып жатқандығының өзі тиімді болып табылады. Одан кейін екінші деңгейлі банктердің корпоративтік секторға несиелендіру жүйесіне көшуі, яғни қабылданған, 30 жыл жұмыс жасаған заңды өзгертіп, қазіргі екінші деңгейлі банктерді ел экономикасына ақша салуға қарай бейімдеу. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, қосымша экономикаға қаражат тарту сияқты мәселелері де жақсы жолға қойылып отыр. Келесі мәселе - сыртқа кеткен активтерді қайтаруға байланысты, сол қаржы активтерін экономикаға бағыттап, әлеуметтік жобаларға бағыттаудың өзі экономикаға тиімді әсерін тигізіп отыр. Міне, осындай жұмыстар арқылы бізде ілгерілеу бар деп айта аламыз.

БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕДЕ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛАДЫ

1742379837718544.jpg

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)

Бектұрған Ахметов, Алматы құрылыс-техникалық колледжінің директоры:

– Жақын күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруға келгеніне тура алты жыл толады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті қызметінде бірқатар маңызды реформаларды жүзеге асырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Саяси реформалар мен демократияландыру, экономикалық даму, әлеуметтік саладағы жетістіктер, қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік, құқық қорғау және әділдік, халықаралық қатынастар мәселелермен қатар,  білім беру сапасын арттыруға да өте көп көңіл бөлді. Оның ішінде,  мектептер мен колледждер және жоғары оқу орындарын қолдау, жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалар арқылы білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсартуға, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған жобалар іске асырылды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкімет Жұмысшы мамандықтарының жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітті, оған қоса кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы - 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаятын болады. Бұл кәсіптік-техникалық білім беруге жаңа серпін берді.

Бастама қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге көмектеседі, сондай-ақ еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Бұл баршамыз үшін үлкен қуаныш.  Біздің ұжым барлық күш-жігерін Еңбек адамын  даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағыттайды.

Сонымен қатар, Президент жастарға арналған көптеген бастамаларды қолдады. Жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, кәсіптік даярлықты арттыру, сондай-ақ, жастардың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Қасым-Жомарт Кемелұлының білім мен тәрбиеге қосқан үлесі тек қазақстандық қоғамды жаңғыртуға бағытталған ғана емес, сонымен қатар ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауға арналған.

УАҚЫТТЫҢ ӨЗІ ӨЗГЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

1742379895778500.jpg

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)

Нұрлан Камитов, сәулетші, INK Architects негізін қалаушы, RIBA Британдық сәулетшілердің корольдік институтының мүшесі:

– Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында ғылыми кадрларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Соңғы алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі 6 есе өсіп, 46%-ды құрады. Сонымен қатар, ғылыми жетістіктерді экономиканың нақты секторына енгізу және оларды коммерцияландыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Биыл 2 297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар 1 055 ғылыми жобамен айналысып жатыр. Жобаларды коммерцияландырудың ел экономикасына қосқан жалпы үлесі 118,7 млрд теңгені құрады.

Мен, өз кезегімде, Қазақстандағы сәулетшілерді даярлау саласына халықаралық стандарттарды енгізудің маңыздылығын атап өткім келеді. Сәулет және қала құрылысы нысандарын жобалау бойынша ескі нормалар мен ережелерді шетелдік үздік тәжірибелерге сәйкес жаңарту қажет деп санаймын. Бұл отандық мамандарға өз қызметтерін экспорттауға мүмкіндік береді. 

Кеңес Одағы кезеңінде құрылыс пен сәулет саласында бірыңғай стандарттар қолданылды. Осы стандарттар Қазақстан сәулет мектебі мен тәжірибесінде әлі күнге дейін қолданылады. Шымкент, Түркістан немесе солтүстіктегі қалалар болсын қазіргі уақытта еліміздің барлық қалалары мен өңірлерінде қала құрылысы регламенті бірдей.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, көптеген бірыңғай стандарттар Қазақстанның әртүрлі климаттық аймақтарында тиімсіз, тұрақтылық пен ресурс тиімділігіне сәйкес келмейді. Бұл жағдайдың себебі – кеңестік нормалардың жоспарлы экономика мен орталықтандырылған басқару жүйесіне негізделіп жасалғанында. Сол кезеңде шешімдер бір орталықтан қабылданып, тұрғын үйлер сериялы түрде салынды. Бүгінгі күні қандай да бір ережелерді жаңарту қажет болғанда, ең алдымен, ТМД елдерінің тәжірибесіне сүйенеді, ал халықаралық стандарттар ескерілмейді. Ал қазір әлемде сәулетшілердің еркін жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналды. Мысалы, АҚШ сәулетшілері Бразилия, Малайзия немесе Жапонияда жобалар жасайды, өйткені оларда бірыңғай және өзара түсінікті стандарттар бар. Сәулетші ретінде осы мәселелрді көтергім келеді.

Сонымен қатар, жобалау саласындағы нормативтік базаны қайта қарау маңызды. Кем дегенде, ескірген және қажетсіз нормалардың 40%-ын алып тастау қажет. Біздің ережелеріміз өрт қауіпсіздігі мен құрылымдық шешімдер бойынша батыстық стандарттардан әлдеқайда артта қалған. Сонымен бірге, көптеген қажетсіз пункттер жобалардың құнын арттырады. Мысалы, бізде әлі күнге дейін терезе қасбетінде әйнектің қанша болуы керектігі туралы ереже бар. Немесе қоқыс контейнерін ғимараттан 20 метрден жақын және 100 метрден алыс орналастыруға болмайды деген талап бар. Бұл ережелердің мақсаты түсінікті, бірақ олар кеңестік кезеңде, жоспарлы құрылысқа арналған кезде жасалған. Ал бүгінгі күні қалдықтардың құрамы өзгерді, оның ішінде пластик көп, сондықтан қазіргі заманғы халықаралық нормаларды қарастыру қажет. Мәселен Дубай халықаралық стандарттарды сәтті қолданудың жақсы үлгісі болып табылады. Олардың тәжірибесін көшелерден-ақ байқауға болады.

Уақыттың өзі өзгеруді талап етеді. 50 жыл бұрынғы стандарттармен бүгінгі технология мен ғылымның дамыған кезеңінде жұмыс істеу мүмкін емес. Қазіргі заманғы ғимараттар энергия тиімділігі, адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға әсері жағынан мүлдем өзгеше. Ал ескі нормалар тек «ескі ғимараттарды» туындатады, тұрақтылық пен қауіпсіздік жағынан олар көбіне талапқа сай келмей жатады. Ал жаңа стандарттар заманауи материалдарды қолдануға және әр жобаны жеке қарастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық стандарттарға көшу қазақстандық өндірушілерге әлемдік нарыққа шығуға, көрші елдерге қызмет көрсетуге және тұрғын үй мәселелерін тиімді шешуге жол ашады. Негізі халықаралық стандарттарға көшу қиын емес. Архитектор ретінде мен бұл бағытта жұмыс жасап жүрмін. Астана мен Дубайға бірдей келетін оңтайлы жобаларды атқардық. Әлемде сапалы өнімге сұраныс әрқашан бар және бола береді. Сондықтан Қазақстан да осы салада көптеген жетістіктерге жетеді деп сенемін.

Автор: Меруерт Райым

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар