Кез келген мемлекеттің экономикалық дамуында «Туризмнің» алатын орны зор. Өйткені, осы бағытта берік экономикалық іргетас қалыптастыру белгілі бір табиғи ерекшелікке ие өңірлердің өркендеуіне мүмкіндік береді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Иә, 20 ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастап, дүниежүзі бойынша «Экологиялық туризм» ұғымы өмірге келіп, осы бизнесті өркендетуді қолға алған елдер жарнаманы әлемнің кез келген түпкіріне жайып, туристерді өз еліне тарта алды.
Осы термин аясында адамның еңбек процесінде жұмсаған дене және рухани күштерін қалпына келтіру мен дамыту (рекреация) һәм экология арасындағы үйлесімділік идеясы ту етіп көтеріліп, саяхаттауды хош көрген жұртшылық арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Сол себепті, елінің дамуына бей-жай қарамайтын мемлекеттер табиғи игіліктерді ұтымды пайдалануға негізделген рекреацияның белсенді нысаны ретінде экотуризмді бәрінен жоғары қоя бастады.
Еліміз өз тәуелсіздігін алған соң экотуризм мәселесі күн тәртібіне қойылып, саясхаттаушыларға ұсынылатын маршруттар мен өңірлер айқындалып, олардың бұқаралық коммуникациялары, қолжетімділіктері төңірегінде талай шаруалар атқарылды.
Ата-бабымыздан ұлтымызға мұраға қалып, білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғалған Алакөл көлі, Ақсу-Жабағылы қорығы, Бурабай табиғи паркі, Катонқарағай ұлттық паркі, Қорғалжын қорығы және Қызыларай сынды табиғи игіліктер рекреацияның белсенді нысаны ретінде өздерін ұтымды пайдалануға негізделген экотуризмнің ошақтарына айналды. Қазақ билігі экотуризмнің мәні, оның Қазақстандағы даму бағыттары мен принциптері және Қазақстандағы экотуризмнің танымал орындарын қалыптастыру бағытында орасан зор жұмыстарды қажырлылықпен атқара білгенін бүгінгі өмірдің өзі айқындап отыр.
Осы орайда біздің мемлекет шетелдіктер отандастарымызды тек табиғаты ерек жерлерiмен таныстыруды ғана емес, сонымен қатар, оларды болашақ ұрпаққа аманаттау үшін көздің қарашығындай қорғауды да көздейдi. Қазақстанның экотуризмді дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті барлығын, әлбетте орасан зор қорық аумақтарымыз танытатыны да рас. Мемлекеттің жіті көңіл бөлуінің арқасында олардың көпшілігі отандық және шетелдік туристердің танымал орындарына айналғанын көріп отырмыз.
Экологиялық туризм немесе жасыл туризм - табиғатты қорғауға жәрдемдесетiн, қоршаған ортаға тиімді әсер ететiн жақсы білеміз. Бұның тағы бір артықшылығы сол жерде тұрып жатқан жергiлiктi тұрғындардың еліміздің өзіндік дамуына белсендi әлеуметтiк-экономикалық қатысу қамтамасыз етеді. Және ерекше сұранысқа ие кәсіп түрлері өмірге келіп, осы кәсіп түрлерін игергендер осы қызметтен өмірдегі өз орындарын таба алады. Рухани-мәдени һәм эстетикалық ләззат алу мақсатында табиғат пен мәдени көрнекi жерлердi аралау отандастарымыз бен шетелдік туристерге зор бақыт сыйлайды.
Тақырыбымызға қатысты «Қазақстанда экотуризмді дамытудың негізгі бағыттары? Қазақстанда экотуризмнің қандай түрлері бар?» деген сауал туындайтыны рас. Иә, тұмса жаратылыспен оның төл перзенті саналатын адамының өзара әрекеттесудің мақсаттары әртүрлі. Осыған байланысты еліміздің әртүрлі қорықтарында экотуризмнің өзідік түрлері дамып отырған жайы бар.
Экотуризмнің елімізде қандай түрлері барлығына ой жүргіртіп, енді сол жайында сөз ете кетейік.
1.Ғылым-зерттеушілік. Қорық аймақтарына келушілер табиғатты зерттеуге атсалысып, далалық бақылау жүргізеді. Бұған көбінесе экспедицияның ғалымдары немесе далалық тәжірибедегі студенттер қатысады.
2.Тарихи-танымдық. Табиғат тарихының турлары, қорық аймақтарына қоршаған ортаны тану мақсатында барады. Бұл - кең таралған тақырыптық оқу экскурсиялары.
3.Сауық-сайрандық, яғни, ел мен жерді қызықтап дем алу амалы. Бұндай демалыс тәсіліне: тау туризмі, су, тау шаңғысы, дайвинг, сондай-ақ ат саяхаты жатады.
Елімізде дамып отырған жасыл туризмнің кез келген осы бағыттары егер бұл ретте оның басты қағидаттары сақталатын болса, экотуризмнің хас сипатына толықтай жауап береді. Бұл орайда біздің жауап береді дегеніміз – тұмса табиғатпен және жергілікті салт-дәстүрлермен танысу, экологиялық білім және ағарту, табиғатты қорғауға жәрдемдесу болып табылады.
Осы ретте біз сарапшы пікірін назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық...
ТУРИЗМ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ТАБЫС КӨЗІ ҒАНА ЕМЕС, МЫҢДАҒАН ЖҰМЫС ОРНЫ!
(Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды)
Мурад Шамилов, саясаттанушы:
– Қазақстандағы туризм — экономика дамуы үшін маңызды сала, бірақ оған тиісті назар мен инвестициялар жетіспейді. Президент Тоқаев елдің табиғи және мәдени потенциалын тиімді пайдаланудың маңыздылығын, сондай-ақ инфрақұрылым мен туризм саласында бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуды атап өтті.
Негізгі мәселелердің бірі — билет бағаларының жоғары болуы, әлсіз логистика және туризм аймақтарын дамытуда стратегиялық көзқарастың болмауы. Туризм тек экономикалық қозғалтқыш болып қана қоймай, экологияны да қорғап, елдің табиғи байлықтарын сақтай отырып пайда әкелуі керек. Бұл жағдайды өзгерту үшін нақты шаралар қажет және соңғы мәлімдемелерге қарағанда, үкімет жұмысқа кірісуге дайын.
Туризм — Қазақстан үшін табыс көзі ғана емес, мыңдаған жұмыс орнын құрып, инфрақұрылымды дамытатын сала болуы мүмкін. Мұндай мәдени-туристік іс-шаралар, мысалы, жәрмеңкелер мен фестивальдер, Қазақстанға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, басқа елдермен экономикалық байланысты нығайтуға көмектеседі. Бұл шараларды брендтеу және жарнамалау ішкі және сыртқы туризмді дамытуға, қонақтарды және инвесторларды тартуға ықпал етеді.
Дегенмен, туризмді тиімді дамыту үшін бірнеше маңызды мәселелерді шешу қажет. Олардың ең маңыздысы — көлік қатынасының жақсартылуы, билет бағаларының төмендеуі және туристерге қолайлы жағдайлар жасау. Сонымен қатар экологиялық мәселелерді ескере отырып, елдің табиғи мұрасын сақтап, туризмнің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Үкімет осы барлық факторларды ескеретін нақты стратегия әзірлеп, ұлттық деңгейде туризмді дамытуы тиіс.
Mezgil.kz