Кишинев әуежайында Ғағауызия басшысы Евгения Гуцул тұтқындалды. Оның ұсталғаны жайлы ақпаратты «Жемқорлықпен күресудің ұлттық орталығы» растады. Гуцулды екі қылмыстық іс аясында 72 сағатқа ұстаған.
Ғағауыз басшысының ұсталғаны жайлы ақпаратты алғаш болып Gagauznews сайты 25-наурызда жариялады. Евгения Гуцул Түркияға барып, журналистердің конгрессінде сөз сөйлеуі тиіс еді. Ол Түркия басшылығымен кездесулер өткізуді жоспарлаған болатын.
«Жемқорлықпен күресудің ұлттық орталығы» ресейшіл «Шор» партиясына қатысты тексеру жұмыстарын аяқтап, партияны қаржыландыруға Гуцулдың қатысы барын анықтады. Ақпарат көздері Евгения Гуцул «Шор» партиясының хатшысы қызметін атқарған сәтте Ресейден ұдайы қаржы әкелгенін жазды. Ғағауыз башқаны бұл айыпты жоққа шығаруда және өзіне қатысты ашылған қылмыстық істі «Молдова билігінің саяси тапсырысы» деп санайды.
Молдова билігі Евгения Гуцулға қатысты екі қылмыстық іс ашқан. Бірінші қылмыстық іс Гуцулдың «Шор» партиясын заңсыз негізде қаржыландырды деп ашылды. Ол 2019-2022 жылдары Ресейден заңсыз қаржы кіргізіп, партияны қаржыландырғаны анықталған. Екінші қылмыстық іс 2022 жылы Кишиневте өткен митингтерге байланысты ашылды. Ғағауыз басшысы митингке қатысушыларды қаржыландырды деген күдікке ілінуде.
Бұған дейін Молдованың Ziarul de Gardа басылымының журналисі Мэриуца Нистор есімін өзгертіп, «Шор» партиясына мүшелікке өтіп, партияның саясаты жайлы тың ақпараттарды көлемді мақала етіп жариялаған болатын. Мақалада «Шор» партиясы Ресейден қаржы алып, Молдовада наразылық акцияларын ұйымдастырғаны жайлы дәлелдер келтірілді. 2023 жылы Молдова билігі «Шор» партиясының басшысы Илан Шорды 15 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда Илан Шор Ресейге қашып үлгеріп, Ресейдің азаматтығын алды.
Мэриуца Нистор «Шор» партиясының жабық жиналыстарына қатысып, арнайы көзілдірік арқылы видеолар түсірді. Ол Молдова билігіне қарсы митингтерге қатысушыларға 50 доллардан қаржы төленетіні жайлы видеоны жариялады.
Қазіргі таңда Ғағауыз аймағында 135-140 мың адам тұрады. Ғағауыз басшысы Евгения Гуцул Ресеймен тығыз әріптестік орнатуды қалайды және Молдованың ЕО-ға қосылуын қолдамайды. 2024 жылдың қазанында ЕО Гуцулді «Путинмен тығыз әріптестік орнатып, Молдованың тұтастығына кері әрекет жасауда» деп айыптап, оған қарсы санкция салды.
Mezgil.kz