2024 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең зардапты су тасқыны болды. Қазақстанның ондаған аймағын су шайып кетті. Бұл Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметі үшін нағыз сынаққа толы кезең еді. Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметі бұл күтпеген сынақтан сүрінбей өтіп, емтиханды жақсы тапсырды дейді сарапшылар. Бірқатар қиындықтың барына қарамастан Қазақстанның Төтенше жағдайлар қызметі алдына қойылған міндетті атқарды.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар қызметі көктемгі су тасқыны болуы ықтимал аймақтарда белсенді жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері ел үкіметі тарапынан берілген тапсырмалар орындалуда. 2025 жылдың қаңтар айында Қазақстанның мыңға жуық елді-мекені су басу қаупі бар аймақта орналасқаны айтылды. Бұл өзен суының көтерілуі мен қарғын судың әсерінен су астында қалуы мүмкін кіші және үлкен елді-мекендер еді. 2024-2025 жылдың қысында Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына қалың қар түсті. Бұл су басу қаупін арттыратын фактордың бірі саналады.
Елімізде тасқын судың болу қаупін мониторинг жасайтын TASQYN бағалау жүйесі іске қосылған. Жыл басында аталмыш жүйе еліміздің 1223 елді-мекенінде су тасқыны болу қаупі барын бағамдады. Аталмыш бағамдауға сәйкес әр аймақта төтенше жағдай қызметкерлері қызу жұмыс атқаруда.
Елімізде тасқын судың алдын алу үшін төтенше жағдайлар қызметкерлері су қоймаларының сиымдылығын арттырып, артық суды ағызу жұмыстарын іске асырды. Дамбаларды күшейту және құм толтыруға қажетті қаптарды алу жұмыстары іске асуда. Суағарлар мен арықтарды тазарту жұмыстары елді-мекеннің сыртқы аумағында және ішінде үздіксіз жүргізілуде.
Статистикаға жүгінсек, Солтүстік Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Ақмола облысы және Шығыс Қазақстан облыстары су басу қаупі бар аймақтар ретінде саналады. Аталған аймақтарда қарғын сумен күресуге дайындық қызу жүруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы су тасқыны қайталанбауы тиістігін айтып, тиісті министрліктерге тапсырма берген болатын.
Әскерилер де су тасқынын болдырмау шараларына белсенді түрде қатысуда. Мысалы Шығыс Қазақстан облысының Алтай аймағында Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери бөлім қызметшілері еріген қардың суы аймаққа жайылып кетпеуі үшін, суағарларды тазартуда. Ал Қостанай облысының Амангелді ауданында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылар тобы мен Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының әскери қызметшілері күні-түні жұмыс істеп жатыр. Амангелді ауданында жағалау сызығын нығайту, өзен арналарын тазарту, суды сору, жергілікті тұрғындарға көмек көрсету жұмыстары жолға қойылған. Құтқарушылар мен әскери қызметкерлердің келісілген жұмысы су тасқыны кезеңін ауыр зардаптарсыз тыныш өткізуге көмектеседі. Мамандар жағдайды бақылауды жалғастыруда және кез келген өзгерістерге жедел әрекет етуге дайын екенін айтуда.
Су тасқынын болдырмау үшін арнайы техникалар алынуда. Төтенше жағдайлар қызметкерлері өзендердің тоң болып қатқан мұзын жару жұмыстарын іске асыруда.
Mezgil.kz