Төтенше жағдайлар қызметкерлері ұдайы басын қатерге тігіп, мемлекеттік мүлік пен жеке секторды қорғауға барын салатын батырлардан тұрады. Солардың ішінде өрт сөндірушілер де бар. Қызыл жалынмен айқасып, ажалмен бетпе-бет келетін қауіпті жұмысты абыроймен атқарып жүрген жандар аз емес. Елімізде жыл сайын 10 мыңға жуық өрт болады. Өрт сөндірушілер күн сайын ірілі-ұсақты деңгейдегі түрлі өртпен күреседі.
2023 жылы еліміздің тарихындағы ең ауқымды өрттің бірі болды. «Семей орманы» аймағында қызыл жалын орманның бір бөлігін отқа орап, 14 орманшы мен өрт сөндіруші қаза тапты. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен жан аямай күресті.
Жыл сайын болатын орман және дала өртіне өрт сөндірушілер дайындықты ерте бастайды. Тұрғын үй жайларындағы өртке қарағанда, орман өрті мен дала өртін ауыздықтау қиын дейді мамандар. Бұл арнайы техниканың көптігін, өрт сөндіру құрамының жоғары кәсібилігін және жылдам әрекет етуді талап етеді.
Еліміздің мемлекеттік орман қорының ауданы 30,9 млн гектар, оның ішінде 13,7 млн гектары нағыз орманды өлке саналады. Қазақстан орманы аз ел және ел аумағының бар болғаны 5%-ын ғана орман алып жатыр. Жыл сайын орманның үлесін арттыру үшін жасылдандыру акциялары мен бағдарламалары іске асып келеді. Алайда жаз және күз маусымындағы орман өрттері жасыл желектің санын арттырып, үлесін көбейтуге үлкен кедергі жасауда. Орманды сақтап қалудағы ең үлкен қызметті орманшылар атқарса, құрметтің тағы бір парасы өрт сөндірушілерге тиесілі.
Орман және дала өртімен күресуде ұшақ пен тікұшақтың маңызы зор. Бұл арнайы техника жетуге қиын алқапқа жылдам жету мүмкіндігін береді және үлкен аумақты қамтуға болады. Сол себепті де Қазақстан өрт сөндірушілерге арналған арнайы ұшақтар мен тікұшақтарды сатып алуды жалғастыра бермек.
2024 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі 2 ұшақ және 7 тікұшақ сатып алу жоспарының барын айтқан-ды. Әр аймақты тиісті авиациялық техникамен қамтамасыз етіп, шалғай ауылдардағы өрт қаупін азайту шаралары іске асуда.
Еліміз үшін өрт сөндірушілер, төтенше жағдаймен күрес қызметінің қызметкерлерін тиісті техникамен қамтамасыз ету басты міндет саналады. Ең алдымен өртті жылдам ауыздықтау құрылғыларын, құтқару жұмысына қажетті техникаларды және эвакуациялауға қажет көліктерді алу маңызды. Әуеден өртті сөндіру құрылғылары және апат аймағында жылдам медициналық пункт құру құрылғылары алынуда. Өртке қарсы күресте тиімді болатын жылдам құрылатын деполар мен табиғи кедергілерді жылдам еңсеруге мүмкіндік беретін үрлемелі қайықтар мен құрастырылмалы көпірлер де сатып алынуда. Аталған техника тиісті мекемелерге жеткізілуде.
Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметінде, оның ішінде өрт сөндіру қызметіне арнап арнаулы техникаларды алу, бөлімшелерді тиісті құрылғымен қамтамасыз ету іске асуда. Қазіргі таңда ең маңызды техниканың бірі – дрондар. 2024 жылы Қазақстанның орманды алқабынды қызмет ететін қызметкерлеріне 99 дрон берілді. Ал Төтенше жағдай қызметінің өрт сөндірушілеріне 120 дрон жеткізілді. Дрондар орман және даланы бақылап, өрт шыққан жағдайда бірден анықтауға көмектеседі. Сонымен бірге су айлақтарының су деңгейін өлшеуге, өрт пен тасқын сәтінде жағдайды әуеден мониторинг жасап, бағамдауға қажетті құралдың бірі осы дрондар саналады. Қазақстан билігі өрт сөндірушілерді дрондармен, арнайы техникамен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек.
Mezgil.kz