Бүгін Мәжілісте қосымша құн салығының шектік межесі мен, пайыздық мөлшері талқыланды. ҚР Үкіметі қосымша құн салығының мөлшері мен межесіне қатысты әуелгі ұсынысынан кері шегініп, Мәжіліспен компромисске келді.
(Коллаж: qaz.ulysmedia.kz)
Сонымен, ҚР Вице-премьері һәм Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуы бойынша: ҚҚС – 16%, ал шектік меже – 40 млн теңге болды.
«ҚҚС 16% болады. ҚҚС шегін 40 миллион теңге етіп белгіленеді. 40 миллион теңге – біз қол жеткізген ымыраның нәтижесі. Бірақ, осы үшін біз 160 мың жаңа салық төлеушіні жоғалтып жатқанымызды және 400 миллиард теңгеге жуық қосымша кірістен айырылып жатқанымызды айтқым келеді. Мұны айтып отырған себебім, біздің бизнесмендер біздің үкімет пен парламент мұндай ымыраға келуге дайын екенін түсінсін», - деді Жұманғарин.
Еске салайық, 2025 жылдың 28 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің Қазақстанда ҚҚС көтеруді ұсынып жатқанын мәлімдеп, «даму бюджеті» жеткіліксіз деп мәлімдеген болатын.
Кейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесі бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын, бірақ оны көтеру қажеттігін мәлімдеді. Сол күні Жұманғарин ҚҚС «ставкасының» көтерілуіне байланысты бағаның көтерілуі міндетті түрде болатынын мәлімдеді.
Сонымен бірге, 2025 жылдың 28 қаңтарында өткен Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың тоқырауына жол бермеу үшін бюджетті жалпы үнемдеу және шығыстарға қатаң бақылау енгізу қажеттігі туралы айтып, «белбеуімізді қатайтып, өз мүмкіндігімізбен өмір сүретін уақыт келгенін» айтты.
3 ақпанда Қазақстанда ҚҚС шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуге қарсы петиция басталғаны белгілі болды.
7 ақпанда президент Тоқаев министрлер кабинеті белгілеген ҚҚС мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтып, өткір реакция тудырып, ҚҚС «ставкасын» шығару бойынша қосымша жұмысты тапсырды.
11 ақпанда министрлер кабинеті ҚҚС базалық мөлшерлемесін 16 пайыз деңгейінде белгілеуді ұсынғаны белгілі болды. Бұған қоса, үкімет Қазақстанда ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді талап етіп отырғаны белгілі болды.
Сәуірдің 8-і күні Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне енгізілген бірқатар даулы түзетулерге, соның ішінде ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуге және басқа да бірқатар өзгертулерге қарсы шықты.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Енді бұл сома 40 млн теңгеге дейін азайтылмақ.
Mezgil.kz