АҚШ президенті Дональд Трамптың кейбір қатқыл шешімдері жаһандық сауда соғысын тұтандырып, әлемдік экономикалық қарым-қатынастарға әсер етуде.
(Суреттер: М.Махмутованың жеке парақшасынан және digitalbusiness.kz сайтынан алынды)
Президент Трамптың салық тарифтері Қазақстанды да айналып өткен жоқ. АҚШ Қазақстаннан келетін тауар түрлеріне 27 пайыздық тарифтер енгізгені белгілі. Қазақстан тарабы бұл бойынша АҚШ-пен келіссөздер өткізуге құлықты екендіктерін білдірді.
Ал АҚШ пен Қытайдың арасындағы «сауда соғысы» ушығып тұр. Әуелі АҚШ Қытай тауарларына жиыны 54 пайыздық тарифтер енгізген еді. Бұған Қытай жауап қатып, АҚШ тауарларына 34 пайыздық жауап тарифтер енгізді. Бұған ашулы Трамп Қытай тауарларына қосымша 50 пайыздық тарифтер енгізіп, жиыны 104 пайыз болды. Бұл шешім бүгіннен бастап күшіне енді.
АҚШ пен Қытай арасындағы бұл «сауда соғысы» өрши түскен тұста, әлемде мұнай бағасы күрт құлдырай бастады. Қазір «Brent» маркалы мұнайдың бағасы баррельіне 60 долларға жақындады.
Қазақстан көпжақтылы саясатты ұстанушы мемлекет десек те, еліміздің экономикасы шикізат экспортынан түсетін түсімдерге тәуелді. Әсіресе, мұнай мен газ экспортының түсімі – Қазақстан экономикасының күретамыры болып отыр.
Әлемде мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Қытаймен географиялық картада ең жақын орналасқан, алыс-беріс, барыс-келісі көп ел ретінде АҚШ пен Қытай шиелінісі Қазақстанға қалай әсер етеді? Біз есім-сойы елге белгілі экономист Меруерт Махмутова ханымнан пікір сұрадық...
Меруерт Махмутова, экономист:
– Негізі мұнай бағасы төмендейді деген болжам 2024 жылы айтылған, өзім соған байланысты пікірімді «Фейсбук» парақшамда 2024 қырқүйекте жазғанмын. Бірақ, соған қарамастан, бізде осы 2025 жылғы бюджетте мұнай бағасын баррельіне 75 доллардан деп есептеп, тіркеді. Сондықтан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттік түсімді 5,25 трлн теңге көлемінде бекітті.
Дәл осы болжам бойынша, мұнай бағасы баррельіне 75 доллар деген бағаменен есептегенде, 2025 жылы 4,8 трлн теңге Ұлттық қорға түсуі керек еді. Мұнайдың бағасы қазір төмендеп жатқандықтан, бюджет түсімі де, Ұлттық қор түсімі де төмендеуі мүмкін. Бұл дегеніңіз – бюджет тапшылығы ұлғаяды деген сөз. Бюджет тапшылығы ұлғайғаны себепті, Ұлттық қордан трансферттің де көлемін ұлғайтуға тура келеді. Ұлттық валютамыз айырбастау деңгейі долларға қарағанда 2025 бюджетінде 470 теңге деп бекіткен. Қазір теңгеміз құнсызданып бара жатыр. Ол бір жағынан бюджеттің кірісін көтереді. Бірақ, Ұлттық валютамыздың құнсыздануы себепті, бағаның барлығы өседі. Ол өз кезегінде – инфляцияның өсуіне себеп болады.
Ал баға өсті дегеніңіз – қарапайым азаматтардың тұрмыс жағдайы нашарлайды, күн көру деңгейі төмендейді, азаматтардың тұрмыстық қажеттіліктеріне керек қаражат та көбейеді деген сөз.
Мысалы, біздегі ең төменгі жалақы – 85 мың теңге деп тіркелген. Сол 85 мың теңгені қазір елімізде 1,8 млн адам алып жатыр. Бұл 85 мың теңге – күн көруге бұрын да жетпеуші еді, енді бұл тіптен жетпейтін болады. Қысқаша айтқанда, мұнай бағасы мен бюджет тапшылығы бір-бірімен тығыз байланысты!
Қазір көріп тұрғанымыздай, Қытай мен АҚШ арасында сауда соғысы ушығып тұр. Бұл АҚШ валютасы – доллардың күшейуіне ықпал етті. Сол себепті де, мұнай бағасын төмендетуде. Ал Қытайдың ұлттық валютасы – юань әлсіреп жатыр.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық негізінен қай валютамен жасалуда? Юаньмен бе, әлде басқа валютамен бе, бұл жағы ашық жарияланбайды. Сол себепті, бұл «сауда соғысының» бізге нақты әсері туралы кесіп айта алмаймыз. Юаньнің құнсыздануы – Қазақстан мен Қытай арасындағы саудаға қалай әсер ететіні қазір белгісіз. Бірақ, Қытай АҚШ-қа жетпеген тауарларын басқа нарықтарға жіберуге тырысады. Сондықтан, біздің елдегі Қытай тауарларының үлесі көбейуі мүмкін деп болжам жасауға болады.
Mezgil.kz