Украина әскерінің Ресей жағында шайқасқан Қытайдың екі азаматын тұтқынға алынғаны туралы ақпарат әлемдік БАҚ-та ызу-қызу талқылануда. Бейжің «бейбітшілік» және «соғысты тезірек тоқтату» туралы ұстанымын үнемі мәлімдеп келеді. Ендеше Қытай азаматтары не үшін Украинаға қарсы соғысқа араласты?
(Коллаж: Mezgil.kz)
Әңгіменің әлқиссасын мынадан бастайық: Украинаға қарсы соғысқан Қытай азаматтарының тұтқынға түскені туралы ақпаратты президент Зеленский Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевермен болған кездесуден кейін мәлімдеді.
ЗЕЛЕНСКИЙ: БІЗ БІР МЕЗЕТТЕ БІРНЕШЕ ЕЛМЕН СОҒЫСА АЛМАЙМЫЗ...
Оқиға былай болған: Донецк облысында Тарасовка және Белогоровка елді мекендерінің маңында Украинаның әскери жасағы алты қытайлық әскермен ұрысқа түскен. Екеуін тұтқынға түсірген. Олар қазір Украина Қауіпсіздік қызметінің қолында. Олардың жеке бастарын куәлейтін құжаттар толықтай тәркіленген.
Президент Зеленский: «Біздің Украина күшті ел. Бірақ, біз өз жерімізде бір мезетте бірнеше мемлекетпен соғыса алмаймыз. Ресей-Украина соғысына Бейжіңнің араласуы – Путиннің соғысты тоқтатудан басқаның барлығын жасауға бейілді екенін көрсетеді. Путин соғысты әрі қарай жалғастырудың түрлі жолдарын іздестіруде», - деп мәлімдеді.
Украина Президенті бұл тақырыпты серіктестермен, АҚШ-пен шұғыл түрде талқылау қажеттігін атап өтті.
ҚЫТАЙ ТҰТҚЫНДАРЫ: РЕСЕЙ АЗАМАТТЫҒЫ МЕН АҚША...
Тұтқынға түскен қытайлық сарбаздар орыс тілін білмейтін болып шықты. «Луганск» жедел-тактикалық тобының подполковнигі Дмитрий Запорожецтің айтуынша, тұтқындардың бірі Ресей армиясына Ресей азаматтығын алу ниетімен келген. Ресейліктер ақша табу үшін соғысқа ниет еткен қытайлық әскердің қолына шамамен 3470 долларды ұстата салған. Ақша Қытайдағы делдалға төленген. Ал, олар жіберетін адам Ресейге «интернационалист» турист ретінде келген. Тұтқынға түскен қытайлық сарбаз өз отбасына соғысқа бару туралы ниетін ашық айтып, жағдайды түсіндіріп кеткен.
Әскери даярлық тобында болған қытайлықтар Луганск облысында соғыс қимылына бейімделуден өтіпті. Орыс нұсқаушыларымен қимылмен және мобильді қосымшалармен сөйлесіп, аудармашысыз ұғыныстқан.
Тұтқынның бірі 1991 жылғы жігіт. Ресей агенттері Қытайда жүргенде-ақ арбап, соғысқа шақырған. Мәскеуге 2025 жылдың ақпанында барып, келісімшартқа қол қойған.
Екінші тұтқын 1998 жылғы жігіт. Ресейге 2024 жылдың желтоқсанында турист ретінде барған. Интернеттен соғысқа өз еркімен барғандарға 2 млн рубль төленеді деген жарнамаға еріп, өз еркімен келісімшартқа отырған.
Ол тұтқынға беріліп жатқан сәтте, тылдағы Ресей сарбаздары оны жарып жіберу үшін газды жарылғыш затпен атқылаған. Салдарынан қытайлық тұтқын уланып қалған. Өлген жерім осы екен деп жатқанда, Украина әскері оны тұтқынға түсіріп, жанын сақтап қалған.
ҚЫТАЙ НЕ ДЕЙДІ?
Кеше, Қытай Сыртқы істер министрлігі аталған факт бойынша пікір білдіріп: «Қытай билігі өз азаматтарын соғысқа жіберген жоқ. Қытай өз азаматтарын Ресей-Украина соғысынан аулақ болуға шақырып, қандай да бір тараптың жағында соғыспауды үнемі айтып келеді. Қытай соғысты бейбіт реттеу туралы позициясынан айныған жоқ», - деп мәлімдеді.
Әрине, Қытай азаматтарының майданда болуы Бейжіңнің ресми ұстанымының құбылмалы екендігін көрсетеді. Қытай СІМ әлі де мәселенің ақ қарасын айыру үстінде.
Ал «The Wall Street Journal» украиналық барлауға сілтеме жасай отырып, Ресей армиясы құрамындағы Қытай азаматтарының саны қазірдің өзінде екі жүзге жуықтап қалғанын жазады. Украиндық барлаушылардың қолында 168 қытайлықтың аты-жөні, келісім-шарттарға қол қою күндері және олар тіркелген бөлімшелері туралы деректер бар. Олар көбіне атқыш қызметін атқарғанымен, араларында дрондар операторлары да бар екені анықталды.
ЗЕЛЕНСКИЙ: ҚЫТАЙ МӘСЕЛЕСІ – БІЗ ҮШІН ӨТЕ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ...
Украина президенті Зеленский Ресей жағында соғысып жүрген қытайлықтардың санын атады.
«ҚХР-ның 155 азаматы Украина аумағында украиндықтарға қарсы соғысып жатқаны белгілі, олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қытай мәселесі Украина үшін күрделі мәселе. Біз ақпарат жинаудамыз. Олардың қарасы бұл мөлшерден әлдеқайда көп деп есептейміз», - деді Зеленский.
Mezgil.kz