Украина президент Зеленский жуырда «CBA News-ке» сұхбат беріп, болашақ «бейбіт келісім», АҚШ-Украина қарым-қатынастары, Ресейдің соңғы шабуылдары жайында әңгімеледі. Біз аталған сұхбаттың басты тезистерін шолып шығып, ықшамды түрде портал оқырмандарының назарына ұсынбақпыз.
(Сурет: bbc.com)
ЗЕЛЕНСКИЙ: МЕН ПУТИНДІ 100 ПАЙЫЗ ЖЕК КӨРЕМІН!
«Мен Путинді 100 пайыз жек көремін. Тіпті, 99,9 пайыз емес, толық 100 пайыз! Бірақ, бұл біз соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауға дипломатиялық жолды табуыға тырыспауымыз керек деген сөз емес! Айтыңызшы, бізді, біздің балаларымызды өлтіру үшін соғыс ашқан адамға басқаша қалай қарауымыз керек? Қазір біздің мектептеріміз бомбадан қорғану орындарына айналды. Біздің балаларымыз бомбадан қорғану орындарында білім алып жатыр. Сол мектептерде Ресей бомбасынан біздің балаларымыз өліп жатыр. Путинге енді қалай қарауға болады? Путинге бәрібір. Украина халқының, өз халқының ол туралы қандай көзқараста екені оны қызықтырмайды. Меніңше, ол өз әлемінде өмір сүріп жүр. Ол әлем – өзі үшін ыңғайлы әлем. Ол сол әлемге әбден үйреніп алған», - деді Зеленский.
ЗЕЛЕНСКИЙ: АҚШ-ТЫҢ КҮШІ БІЗГЕ ҒАНА ЖЕТІП ОТЫР. ПУТИН СОҒЫСТЫ ТОҚТАТПАЙДЫ!
«АҚШ не істеді? Салдары біз үшін өте ауыр болатынын, баллистикалық соққылар жалғасатынын, біздің бейбіт тұрғындарға оқ қарша борап жатқанын біле тұра, АҚШ бізге көмек көрсетуді және барлау мәліметтерді беруді тоқтатты. Біз сөзсіз атысты тоқтатуға келісетінімізді айттық. Олар маған барлық көмекті бұғаттап тұрып: «Атысты тоқтатуға келіс. Әйтпесе біз бұғаттағы көмекті ашпаймыз және қару-жарақ пен барлау мәліметтерінен толық айырыласың», - деді. Мен келістім. Ал енді АҚШ Ресейге қандай талап-шарт қойды? «Атысты тоқтатуға келіс. Әйтпесе, өте жойқын санкциялар саламын», - деді.
Шындығы сол – әуелі бізге көрсетіп жатқан көмекті бұғаттап тастап, сосын ғана Ресейге ұсыныс жасады. АҚШ Ресейге жай ғана ұсыныс жасады. Ештеңесін бұғаттаған жоқ! Сонда, біз «бейбітшілікті күшпен орнату» дегенді айтсақ, сол күш бізге ғана көрсетіліп отыр ғой. Бұл әділетсіз!. Путин соғысты тоқтатуға ешқашан мүдделі болған жоқ. Ол соғысты тоқтатқысы келмейді. Сол үшін де мынау атысты тоқтату келісімі жүзеге асып жатқан жоқ», - деді.
ЗЕЛЕНСКИЙ: ПУТИН БІЗДІ ТОЛЫҚ ОККУПАЦИЯЛАЙ АЛМАЙДЫ!
«Бүгін біздің басты міндетіміз – егемендігімізді, тәуелсіздігімізді жоғалтпау. Біз орыстар бізден тартып алғанның бәрін уақыты келе қайтарамыз. Уақытша басып алынған аумақтар түгел қайтады! Қазір деоккупация жасауға біздің күшіміз жетпейді. Бұл үлкен қиындық, тарихи қиыншылық, тарихи сынақ деп түсінемін. Бәрі қайтып келеді. Біз адам шығынын тоқтатып, дипломатиялық жолға түсуіміз керек.
Қаншама адам қаза тапты. Бейбіт халық, балалар, әскерилер... Бұл шығындардың орны өтелмейді. Соғыс қай форматта аяқталса да, бұл жоғалтулардың орнын толтыра алмаймыз. Дипломаттар не деп, не киінсе де, бұл сұмдық шындықты ешкім терістей алмайды. Соғыс келіссөз үстелінде аяқталады. Біз бәрібір дипломатиялық жолға тсүеміз. Путин бізді толық оккупациялай алмайды!
Украина оккупацияланған аумақтарды ешқашан Ресейдікі деп мойындамайды. Ресей АҚШ арқылы, басқа әріптестер арқылы қысым жасауы мүмкін. Бірақ, біз оған келіспейміз», - деді Зеленский.
«Мен шағымданып, жылағандай болмайын. Біз АҚШ-тың бізге көрсеткен, көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бірақ, дәл қазір біздің жерде бейбіт халық пен бейкүнә балалар Ресей зымырандарынан қаза тауып жатыр. Сонда біз қалай ша, қосымша Patriot кешендерін ала алмай отырмыз? Бұған не кедергі? Оның үстіне Украинаға қосымша Patriot кешендерін беру туралы НАТО саммитінде келісілді», - дейді Зеленский.
ЗЕЛЕНСКИЙ: ПУТИНДІ ТОҚТАТПАСАҚ, ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС БОЛАДЫ
«Егер біз позициямызда нық тұрмасақ, Ресей президенті Путин түпкі мақсатын әрі қарай жалғастыра береді. Бұл бос жорамал емес, нақты қауіп! Путиннің түпкі мақсаты – Ресей империясын қайта жаңғыртып, қазір НАТО қорғауындағы аумақтарды қайтарып алу. Осының бәрін ескере отырып, бұл үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін деп ойлаймын», - деді Зеленский.
Түйін: Украинадағы соғыстың үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін екені туралы осыған дейін Еуропалық лидерлер бірнеше мәрте айтқан болатын. Мысалы, Литва президенті Гитанас Науседа: «Ресей 2030 жылға дейін НАТО елдеріне шабуыл жасауы мүмкін», - деп сөйлесе, Польша, Германия секілді елдер Ресейден болатын потенциалды қауіпке әл-әзірден дайындықты бастап кеткен. Германиялық әскери сарпашылар: «Ресей алдағы 5 жылдың ішінде Еуропаға шабуыл бастайды», - деп есептейді. Сол себепті де Еурокомиссия ЕО азаматтарына кемінде 72 сағатқа жететін азық-түлік пен ауызсу қорын әзірлеп қоюды ұсынды.
Mezgil.kz