Голандағы бітімгерлер елге оралды: Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу!

Елордалық әскери авиабазада БҰҰ миссиясы аясында (UNDOF) Голан жоталарында қызмет атқарып, бір жылдан кейін елге оралған Қазақстанның тұңғыш бітімгерлік контингентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

1744617620336266.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасы және ҚР Қорғаныс министрлігі)

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әр бітімгердің қолын алып, жеке құрамға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, Қазақстан армиясының тарихында алғаш рет Голан жоталарында «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясында өзінің қару-жарағы мен техникасымен дербес ұлттық контингент орналастырылғанын атап өтті.

«Бұл миссия аласапыран аймақта халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндет болды. Сіздердің күш-жігерлеріңіз назардан тыс қалмай, халықаралық аренада Қазақстанның беделін жауапты, әрі бейбіт мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға негіз болды. Адал қызметтеріңіз бен жауынгерлік тапсырманы орындаудағы жауапкершіліктеріңіз, сондай-ақ, қазіргі таңда басынан қиын кезеңді өткеріп жатқан адамдарға көмек қолын созғандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деді министр Руслан Жақсылықов.

Нақты дерек: Осыдан бір жыл бұрын біздің 139 адамнан тұратын алғашқы бітімгерлік контингентіміз Голан жоталарына аттанды. Қазақстандық контингент миссия аясында 600-ден астам тапсырманы орындаған. Жауапкершілік аймағында ротаның жеке құрамы жүктерді алып жүру бойынша патрульдік және гуманитарлық қызмет атқарды. Қазақстан бітімгерлері 4 эвакуация жасап, 400-ден астам жарылмаған заттардың жойған.

Бүгін Қазақстан бітімгерлерін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады.

– Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Президенттің айтуынша, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген ел бітімгерлік күштерге қосылуға ұмтылатынына, бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейтініне назар аударды. Қазақстанға осындай мүмкіндік беріліп отырғанын, бұл ретте ұлттық армиямыз былтыр тағы бір тарихи қадам жасағанын айтты.

– Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет, – деді Президент.

– Бұл әскеріміздің аса күрделі міндеттерді орындауға қабілетті екенін көрсетеді. Сіздер Сирия дағдарысының шешуші сәтінде ұтымды әрі батыл әрекет жасадыңыздар. Қазақстан армиясының кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдеп бердіңіздер. Сол күндері қазақ жауынгерінің асқақ рухы мен қайсарлығына бүкіл әлем куә болды. Сіздер қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, ерен ерлік көрсетіп, мол тәжірибе жинап келдіңіздер. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет. Бітімгерлік миссия кезінде меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізу өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Қазақстан жер жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға белсенді түрде атсалыса бермек.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар