16-17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанада бас қосады. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатыcты. Биылғы форум «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Орталық Азия. Стратегиялық даму құралы ретіндегі медиа» деп аталады.
(Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі)
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия қазіргі уақытта Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір әрі транзиттік хаб ретінде ғана емес, зор инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар ауқымды орталық ретінде қарастырылатынын атап өтті.
«Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен консультативті кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдерді жасау бастамасын көтерді. Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтық әлеуетті осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды және халықтарымыздың тарихи мән-ерекшелігі туралы танымдық телерадиобағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады. Бүгінгі кездесуімізде осы мәселеге мұқият тоқталып, Silk Way телеарнасының жұмысына бірлескен контент дайындау бойынша нақты шешімдерді қабылдадық», − деді министр форумның ашылу салтанатында.
Сонымен қатар министр Аида Балаева Орталық Азия медиафорумы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
2025 жылғы 16 сәуірде, II Орталық Азия медиафорумы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Аида Балаева Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті.
Тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.
Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен өткен келіссөздер барысында тараптар халықтар арасындағы жақындасу мен ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атап өтті.
Әсіресе, тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары мен перспективаларын талқылады.
Mezgil.kz