Маңғыстау мүмкіндіктері: экономист логистиканы дамытудың маңызын атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі көлік-логистика инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларымен танысты. Атап айтқанда, Ақтау теңіз портындағы заманауи терминалдың жұмысын қарады.  


B1F44CAC-16A6-42DC-A24F-7E64B64C80AD.jpg

 

Ақтау портының халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы – оның стратегиялық маңызын айқындай түседі. Порттың әлеуетін арттыру арқылы еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және логистикалық қауіпсіздігін нығайту көзделіп отыр.

 

Сапар аясында Президентке Маңғыстау облысындағы көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 24 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.

 

Аталған бастамаларға қатысты экономист Бекнұр Қисықов өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда логистика саласының рөлі ерекше.


«Қазіргі таңда Ресейге қарсы санкциялар енгізілгендіктен, бұрын сол ел арқылы жүзеге асатын логистиканың шамамен 80 пайызы шектеліп қалды. Бұл – Қазақстан үшін экспорт пен импорт ағынын қиындатып отыр. Осындай жағдайда бізге Ақтау теңіз порты арқылы балама бағыттарды дамыту өте маңызды», – дейді сарапшы.

 

Экономистің айтуынша, 2023 жылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Бұл Ақтау портының өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.

 

«Ақтау порты арқылы біз тек Қытаймен байланысты арттырып қана қоймай, мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстарымызды Кавказ арқылы Түркияға жеткізе аламыз. Сонымен қатар Иран бағыты бойынша да экспорттық әлеуетімізді дамытуымыз қажет. Бұл – Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына тікелей шығатын тиімді жол», – дейді Бекнұр Қисықов.

 

Сарапшы сонымен қатар өңірлік инфрақұрылымның өзекті мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Ақтау, Маңғыстау өңіріндегі әуежайлардың қуаты қазіргі сұранысқа сай емес.

 

«Маңғыстау өңірі – туризм тұрғысынан да ерекше тартымды аймақ. Бозжыра, 362 әулие сияқты тарихи-мәдени нысандар туристер үшін аса қызықты. Бүгінде өңірге саяхаттап келушілер саны артты. Сондықтан бұл аймаққа заманауи, кең көлемді халықаралық әуежайлар қажет», – дейді ол.

 

Теміржол және автокөлік жолдары инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі де сарапшы назарынан тыс қалмады.

 

«Маңғыстауға теміржол тартылған, алайда Қызылорда мен Ырғыз бағытындағы автожолдар әлі де жетілдіруді қажет етеді. Болашқта Қытайдан Ақтау арқылы Атырау мен Оралға дейін созылатын жаңа магистраль салынса, бұл аймақ толыққанды логистикалық хабқа айналар еді», – дейді Бекнұр Қисықов.

 

Сөз соңында сарапшы Маңғыстаудың геосаяси орналасуы – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда ерекше артықшылық екенін атап өтті. Кавказ, Түркия, Әзербайжан және Грузия бағыттарына шығатын көлік ағыны осы өңір арқылы өтетінін ескере келе, Маңғыстауды дамыту – елдің экономикалық болашағы үшін маңызды қадам екенін жеткізді.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар