ОА мінезі: Өктем сөйлеген Лавровты Өзбек депутаты орнына қойды!

Өзбекстанға барып, өктем сөйлеген Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавровты Өзбек депутаты орнына қойды. Енді-егжей-тегжейлі айтайық...

1745576305289739.jpg

Ресми Ташкент бастапқыда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына дайындық аясында, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Самарқанға сапары мерекелік жағдайда өтеді деп жоспарлаған.

Алайда, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Самарқанға сапары кезінде «Азалы ана» ескерткішінде ағылшын тіліндегі мәтін болғанымен, орыс тіліндегі жазу жоқ екенін айтып, өкпелей сөйлеген, өктем сөйлеген.

Бұл жаңалықты Ресей пропогандалық ақпарат құралдары іліп әкетіп, дуылдатып тұрып жазды. Енді қараңыз:

Самарқандағы «Азалы ана» мемориалында «Сен әрқашан менің жүрегімдесің» деген сөз өзбек және ағылшын тілдерінде (You are always in our heart, my dear) жазылған екен.

Мәңгілік алауға гүл қою кезінде Лавров Өзбекстан өкілімен әңгімелесіп тұрып, ағылшын тіліндегі жазбаға назар аударып: «Сізге ағылшындар қалай кіріп кетті? Мен ағылшын тіліндегі жазуды ғана көріп тұрмын», - деп сөйлейді.

Оған өзбек жағы Самарқан – туризм қаласы екенін түсіндіріп, жазбалар «баршаға ортақ тілде» жазылғанын айтады.

Бұған көңілі толмаған Лавров: «Орыс тілін көріп отырған жоқпын», - деп кіжінеді.

Лавровтың жанында болған Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов әңгімеге араласпай қалады. Кейін де Лавровтың «Азалы ана» монументі алдындағы наразылығына қатысты Өзбекстан СІМ-і әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Десе де, Ресей ақпараты шулағаннан соң, арада бір күн өткенде Лавровқа Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының депутаты Одилжон Тожиев өткір жауап беріп: «Өзбекстандықтарды орыс тілін үйренуге мәжбүрлеуге болмайды», - деп мәлімдеді.

«Шет тілін жасанды түрде ілгерілету махаббат емес, қарама-қарсы көзқарас тудырады. Оның үстіне, құрмет көрсетуді талап етуге болмайды! Егер Мәскеудің басты алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, онда біз ойлайтын шығармыз», - деді Одилжон Тожиев.

Посткеңестік кеңістіктегі орыс тілі мәселесі – әсіресе соңғы жылдары Кремль тарапынан геосаяси қару ретінде пайдаланылып келе жатқаны жасырын емес. Кремль төңірегіндегі түрлі рангктегі саясаткерлер Қазақстан мен Өзбекстанға «тілдік қысымды» белсенді қолдана бастағанын Ресей БАҚ-тарындағы түрлі мазмұндағы ақпараттардан анық аңғарамыз.

Қазақ Ресейдегі отаршылық рухымен уланған итаршылардың бұндай тірлігін «шарадағы айраннан дауыл туғызу» деп атайды.

Десе де, ОА елдері Кремльдің бұндай арандатушы риторикаларынан шаршай бастағаны, оған лезде жауап қатып отыруды әдетке айналдыра бастағаны және рас. ОА елдері енді тілдік тәуелсіздікке басымдық беріп, оны ұлттық қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылықтың негізгі элементі ретінде қарай бастайтын болады. Тожиевтің бұл жауабы Орталық Азия елдеріндегі жаңа буын саясаткерлерінің дүниетанымын көрсетеді. Қазір Орталық Азия мемлекеттері ішкі және саясатын өз бетімен жүргізеді деген пікір әлемдік геосаясатта берік орнығып келеді. Ресей саясаткерлерінің бұлқан-талқан болып, бүлік іздеуінің басты себебі де осы болса керек...

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар