«Аударжан» - Қазақтың қарапайым қара домалақ жасанды интеллектісі. Таныс сөз бе? Бұл ChatGPT-дың қазақша бөлімі ғой. Бұрында бұл «сауатсыздау» еді. Қазір мәтіндерді қазақ тілінде сауатты жазатын болыпты. Студенттер қызығын көріп жатыр. Рефератты «Аударжан» жарықтықтың көмегімен қазақ тілінде 6 минутта әзірлеп жүр. Бұл тілдің дамуы үшін жақсы әрине. Себебі тіл заманауи гаджеттермен бірлесе симбиоз болып дамиды.
«Алиса» да қазір қазақша сөйлей бастады. Бұрын сөйлемейтін. «Алисаның» сауаты Аударжаннан төмен. Дегенмен болашақта дами бастайтын болар.
Google Translate-тің де қазақша аудармасы жақсарып қалды. Apple компаниясы тілдерінің қатарына қазақ тілін енгізді. Бұның бәрі маңызды. Неге? Себебі технологияларға тіл енбесе онда ол жаңа заманға бейімделе алмайды. Жалпы тілдердің дамуын үш деңгейге бөлуге болады. Біріншісі, тайпалық кезең. Анау-мынау әңгіме айтып, кітап жазбай, гу-гу сөзбен жүрген сәт. Екіншісі, феодалдық кезең. Тіл дами бастайды, бастапқы әдебиет жазылады. Үшіншісі, ұлттық кезең. Бұл сәтте сол бір тілде кітаптар жазылады, сабақ беріледі, газеттер шығады. Бұны мен ойлап тапқан жоқпын, Шмуэль Море деген филолог айтып кеткен. Бұл үш кезеңнен де біздің тіл өтті. Бірақ тағы бір кезең басталған сияқты, ол тілдің жаңа технологияға ену кезеңі. Жоғарыда айтылған технологиялар соның бір көрінісі. Бұл әлбетте мемлекеттің әлгі компаниялармен келіссөз жүргізуімен, ал халықтың осы өнімдерді пайдалануымен іске асады.
Мысалы өткен жылы Disney сапалы түрде «Ойжұмбақ-2», «Моана-2» және «Муфаса: Арыстан патша» өнімдерін қазақшалады. Ірі компанияның бұл бастамасы жақсы әрине. Биыл «Ақшақар» деген туындыны қазақша көрсетті. «Ақшақардың» жарнамасы әлсіз болды ма, әйтеуір прокаты нашар болды деп жатыр. 240 млн долларға түсірілген туынды 190 млн доллар ғана жинап, сәтсіз жоба болды. Дегенмен прокаты сәтсіз болса да, бұл туынды қазақ тіліне аударылыпты.
Тағы бір дүние балаларға арналған TiJi, Nickelodeon-ның кей өнімдері қазақ тіліне аударылды. Бұл мемлекеттің ұзақ келіссөз жүргізуінен кейін іске асты. Менің балаларым бұларды көрмейді, «Балапанды» көреді.
Қазақ тіліндегі кітаптардың болғаны жақсы ғой. Оқулықтардың аударылғаны да жақсы. Бірақ ең алдымен осындай кино, анимациялық өнімдер, гаджеттер, жасанды инттелект аудармасының қазақша болғаны керек. Себебі бұл өнімдерді барлық адам пайдаланады. ChatGPT-ды қазір жастардың көбі қолданады.
Қазір біздегі қазақша контент ең көп желі Тик-Ток сияқты. Контенттің сапасы мен мәні, ондағы сауат мәселесі мүлде бөлек тақырып, бірақ Тик-Токта қазақша контент басқа желімен салыстырғанда әлдеқайда көп екені анық енді. Онда қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері де көп. Тікелей эфир ашып алып, стрим жүргізіп отырады. Бір орыс қыз бар, қазақ тілін үйретіп отырады. «Тек қазақша сөйлеймін» дейтін өзге ұлттар көп ол жақта. Сол үшін де Фейсбукте отырып алып, «Тик-Токты жабу керек» деп шулай бермеу керек. Ол жаққа кіріп көру қажет. Оның тынысын білу қажет. Тик-Ток қазақ тілін насихаттаудың бір алаңы. Өзім сол жақта парақша ашып, аз уақытта 20 мың оқырман жинап алдым. Қазір көңіл бөлмей кеттім, соны қайта қолға алу керек болды. Жалпы тез оқырман жинауға болатын желі. Мына жақта қазақ тілінде пост жазып, 100-150 лүпіл алып, жазбаға мәз болып отырғанша, ана жақта сол жазбаңызды ауызша айтып, 100-150 мың қаралым жинай аласыз. Қазақ тілін солай насихаттауға да болады.
Биыл мысалы мемлекет қазақ тілін дамытуға 1,7 млрд теңге бөлетін көрінеді. Одан бөлек түрлі курстар бар. Анимациялық өнімдер бар. Соның бәрін өзге желілерде де насихаттап, жарнамалап отыру керек. Былтыр мысалы 369 мың бала бірінші сыныпқа барыпты. Оның 70 пайызға жуығы қазақ тілін таңдапты. Солардың бірі менің балам. Биыл да шамамен осындай бала мектепке барады. Олардың арасында қазақ тілін таңдайтындардың үлесі көп болу үшін қазақ мектебіндегі білімнің өзге тілде білім беретін мектептен еш төмен еместігін айтып, насихат жүргізу керек. Әйтпесе кей адамдар мида қатып қалған «қазақ тіліндегі мектептің білімі төмен» деген жалған стереотиппен баласын басқа тілді мектепке береді. Бұл да бір идеологиялық шабуыл еді ғой, одан арылу қажет.
Енді тіл бойынша арандату дегенді кім қалай түсінеді? Адамдар арнайы түрде арандатады деп ойламаймын. Кейбіреуі бар болар, бірақ ондайлар аз. Көбіне бұл тұрмыстық жанжал ғой. Мысалы базарда, автобуста, сауда орталығында, көшеде күнде жанжал. Екеуара ұрсыс. Бірақ сол ұрсысты басқа позицияда да көрсетуге болады. Мәселенки, екі кемпір қоғамдық көлікте қазақша сөйле, орысша сөйле деп қызылкеңірдек болып жатуы мүмкін. Оны біреу қаралым жинау үшін видеоға түсіріп алып, желіге жариялап қояды. Осындайды күтіп отырған Соловьев сияқтылар қағып алып, «тіл бойынша қыспаққа алып жатыр» деп, автобустағы қос кемпірдің жанжалынан саяси жанжал жасап жібереді. Саяси технологияның бірі ғой. Арандату деген негізі солай жасалады. Үйдің ішінде өзіміз болсақ та, үйдің сыртында өзгелер небір әдіс қолданады (ғой). Соны да ойланып қою керек. Президент арандатуға жол берілмеуі тиістігін айтқанда, осындай пайыммен айтты деп ойлаймын.
Елдегі сатып алушылардың басым көпшілігі қазақ тілді орта. Бұл үлкен күш. «Чоколайф» кейсі соны бір дәлелдеді. Олар қазақ тілді аудиториямен санасуы керек.
Сондықтан да, тілді дамытуға әр адам үлес қоса аламыз. Фейсбукте қандай әдемі жазбалар бар. Қазақ тіліндегі өлеңдер, әдеби шығармалар үзінділері, танымдық посттар, тарихи оқиғалар, сараптамалар дегендей. Бірақ соны бір айналасы 300-400 адам ғана оқып отырады. Соларды басқа да желілерге салып, әдемі контент жасап, жариялай беру қажет. Ол да тілге қосқан бір үлес. Жалпы қазақ барда – қазақ тілі де бола береді ғой.
Жазба Асхат Қасенғалидің Фейсбук парақшасынан алынды
Mezgil.kz