7 мамырға қараған түнде Үндістан Пәкістан мен Кашмирдегі Пәкістан бақылауындағы аумақтарға соққылар жасады.
(Сурет: eurasiatoday)
Үндістан «Синдур» операциясын жариялап, аталған аумақтардағы террорлық топтардың инфрақұрылымдарына соққы жасағанын мәлімдеді. «Ұзын-саны 9 нысанға соққы жасалды», - деді Үндістан.
Ал Пәкістан өз кезегінде «Кек қайтару процессін» жарилады.
«Үндістан біздің елдің аумақтарына шабуыл жасады. Олар террорлық топтарды емес, азаматтық нысандарды зақымдады. Үндістанның бір сәттік «жеңісі» өзіне сор болып оралады», - деді Пәкістан. Сөйтті де Үндістанның Купвара, Барамулла, Бандипора, Пунч, Раджури, Каргил, Лех, Ахнор дейтін территорияларына қосарланған (артиллериялық және балистикалық зымырандар арқылы) соққылар жасады.
ҮНДІСТАН МЕН ПӘКІСТАН: АДАМ ЖӘНЕ ӘСКЕР ШЫҒЫНЫ ҚАНША?
Пәкістан тарабы Үндістанның соққыларынан 31 адам қаза тауып, 57 адам жараланғанын хабарлады. Ал Пәкістанның жауап соққыларынан 7 адам қаза тапқаны айтылды.
Үндістан өз кезегінде Пәкістан мен Кашмирге жасалған соққыдан 70-ке жуық терроршының көзін жойғанын мәлімдеді. Одан бөлек, Пәкістанның 2 ұшағы мен 1 тікұшағын құлатқанын айтты.
Ал Пәкістан болса, Үндістанға дереу жауап соққылар жасап, 1 дана «Rafale», 1 дана «Су-30МКИ», 1 дана «МиГ-29» және 1 дана «Mirage 2000» ұшақтарын атып түсіргенін мәлімдеді.
Кеше Пәкістан премьері Шахбаз Шариф Үндістан шабуылдары туралы арнайы мәлімдеме жасап: «Біз Үндістан шабуылынан төгілген әр тамшы қанның кегін қайтарамыз. Біздің қарулы күштеріміз 240 миллион пәкістандықты қорғай білді және біз армиямызбен мақтанамыз. Үндістан БҰҰ Жарғыларына және халықаралық құқық нормаларына құрметсіздік танытты. Кашмир жұрты өз тағдырын өжі анықтауға құқылы. Ал біздің армиямыз бен халықымыз бірауыздылық танытты және біз өлімнен қорықпаймыз. Біз жеңіс жолында құрбандыққа да дайынбыз», - деді.
КАШМИР ҮШІН ШАЙҚАСТАР: ЕСКІ ҺӘМ ЖАҢА СОҒЫСТАР
Бұл екі ел де ядролық қаруға ие елдер. Бұл екеуінің арасындағы айтыс-тартыс кеше-бүгін басталған жоқ. Қазақшалап айтсақ, ежелгі жаулар. Үндістан мен Пәкістан арасындағы даудың түбі 1947 жылға барып тіреледі. Екеуі Кашмирді бөлісе алмай келеді. Екеуінің арасында 3 үлкен соғыс болған екен.
Біріншісі: 1947-1949 жылдар аралығында.
Екіншісі: 1965 жылғы Кашмир соғысы.
Үшіншісі: 1971 жылғы соғыс (Бангладеш тәуелсіздігімен байланысты).
Ал шекара бойында екі күннің бірінде атыс. Және ол тоқтаусыз жалғасып келе жатыр.
СОҒЫСТЫ ҚАЙТА ТҰТАТҚАН СӘУІРДЕГІ ТЕРРОРЛЫҚ АКТ
Екеуінің арасының соңғы апталарда қатты ушығуына себеп: 22 сәуірде Кашмирдің Үндістан бақылауындағы бөлігіндегі Байсаран алқабында туристерге терроршылар шабуыл жасап, 22 адам қаза тапқан. Үндістан: «Терроршылардың артында Пәкістан тұр», - деп айыптаған. Ал Пәкістан мұны терістеп, халықаралық тергеуге ашық екенін мәлімдеген.
Осылайша, 22 сәуір оқиғасынан соң екеуінің арасы күрт ушықты.
Бірінші: Пәкістан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгінді;
Екінші: Үндістан Чинаб өзенін тосап, Пәкістанға су беруді тоқтатты;
Үшінші: Пәкістан балистикалық зымыранын сынақтан өткізіп, сес көрсетті;
Төртінші: Үндістан 1960 жылғы Инд сулары туралы Пәкістанмен арадағы келісімді тоқтатып, Пәкістан азаматтарына виза беруді доғарды. Бұрын берілген визалардың күшін жойды;
Бесінші: Үндістан Джелум өзеніндегі Кишанганга бөгетіне қатысты да осындай шешім қабылдауы мүмкін екенін айтты;
Алтыншы: Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған дейін суға шектеу әрекетін Пәкістанға қарсы агрессия ретінде қарастыратынын мәлімдеген.
Түсіндірме: Тараптар арасында 1960 жылғы Инд сулары туралы шарт бар. Оған сәйкес Пәкістан Инд, Ченаб және Джелум суларын пайдалану құқығын алды, ал Үндістан Беас, Рави және Сутлеж өзендерін пайдалану құқығын алды. Құжатта гидрологиялық ақпаратпен алмасу және Су мәселелері бойынша тұрақты комиссия құру да қарастырылған. Қазір бұл келісім тоқтап тұр!
Қазір Пәкістан мен Үндістан ауық-ауық бір-бірін балистикалық зымырандармен атқылауда. БҰҰ мен АҚШ бастаған халықаралық қауымдастық тараптарды сабырға шақырып, атысты доғаруды ұсынуда. Әзірге, тараптар бұл ұсынысты елеусіз қалдыруда.
Mezgil.kz