Биылғы жылдың басында сепаратистік аймақтар саналатын – Абхазия, Оңтүстік Осетия, Приднестровье, солармен бірге Молдова және Армения бойынша Кремльдің кураторы болып тағайындалған Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары және Кремль командасының бас саяси технологы Сергей Кириенко өзіне жүктелген миссияны жүзеге асыруға білекті түріне, бел шеше кірісіп кеткенге ұқсайды.
(Сурет: armenpress.am, kavkaz-uzel.eu)
Бұған дейін Армения БАҚ-тары кіжіне һәм қынжыла жазғандай, Кириенконың белсенділігі Мәскеудің аталған сепаратистік өңірлерді, сондай-ақ, Армения мен Молдованы Бералусь секілді «одақтас мемлекетке» экспансиялау және толық интеграциялау жөніндегі жоспарларын айқын көрсетеді.
АБХАЗИЯНЫ РЕСЕЙГЕ ҚОСУ ЖОСПАРЫ...
Ресей президентінің әкімшілігіне жақын «Кремльская табакерка» телеграм-арнасы: «Кириенко Абхазияны Ресейдің құрамына кіріктіру жөніндегі жоспарды ыждаһатықпен жүзеге асыра бастадф», - деп жазады.
Биыл ақпанда Абхазияда өткен «президенттік сайлау» Кремль үшін табысты аяқталды: Онда Мәскеудің өкілі Бадри Гунба жеңіске жетті. Алайда, жасырып-жабатын несі бар, осы бір Гүржістандық жікшіл өңірді одан әрі дамыту перспективалары белгісіз болып қала беруде.
Абхазияның Ресейге қосылуы туралы мәселе соңғы рет 2023 жылы белсенді түрде талқыланды. Көп ұзамай өңірге жоғары дәрежелі ресейлік саясаткерлер делегациясы жіберілді. Алайда үш айдан кейін Кириенко республиканы РФ құрамына қосу процесін тежеді.
Ал биыл 1 мамырдан бастап, отыз жыл ішінде алғаш рет Мәскеу мен Сухуми арасында тұрақты әуе қатынасы қалпына келтірілді. Оған қоса, «Имерети курорты - Сухуми» бағыты бойынша жаңа электр пойызы жүре бастады.
Ресейлік дереккөздердің жазуынша, келесі кезең – Абхазияның ішкі ресейлік туризм саласына интеграциялана түсу кезеңі деп болмақ. Ол бойынша: Федералдық баспасөзде Абхазияның туристік артықшылықтары туралы насихаттық мақалалар жарияланып, ТМД-ғы «Орыс әлеміне» танымал тревел-блогерлер Абхазияға сапарлай түспек.
Осылайша, Кириенко өзінің өңірдегі белсенді жұмысы туралы Путиннің көзін жеткізеді. Артынша, қарқынды ақпараттық науқаннан кейін Кириенко Абхазияның Ресейге қосылуы туралы мәселеге қайта оралуы мүмкін.
КРЕМЛЬДІҢ ОҢТҮСТІК ОСЕТИЯҒА ҚАТЫСТЫ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?
Сарапшылардың пікірінше, Кремль Оңтүстік Осетияға қатысты да осыған ұқсас саясат жүргізуде. Биыл 8 мамырда өзін Оңтүстік Осетия «президенті» деп атайтын Алан Гаглоев өзінің кураторы Сергей Кириенконы «Жеңіс күнімен» құттықтады. Бұған жауап ретінде Кириенко президент Путин өзінің резерв қорынан Оңтүстік Осетиядағы әрбір ауыл мен мектепке мерейтойлық мерекеге орай бір миллион рубльден бөлгенін мәлімдеді.
9 мамырдағы әскери парадтан соң, Гаглоев Путиннің қабылдауында болды. Ресей Президенті өз сателлитін «Оңтүстік Осетия Ресейдің қолдауына ие болады» деп сендірді.
Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу жоғарыда аталған аумақтардың ішінде ең әуелі осы Оңтүстік Осетияны өзіне қосу жоспарын құрған.
Сепаратистік режимнің көшбасшылары бұған дейін Ресейдің құрамына ерікті түрде кіру бастамасын бірнеше рет көтерген болса да, Мәскеуде сепаратистік құрылымды құқықтық жақтан жұту жоспарларына салқын қарап келген еді. Енді көзқарас өзгере бастады.
МӘСКЕУ ПАШИНЯННЫҢ ІЗІНЕ ТҮСТІ...
Жоғарыда айтқанымыздай, кураторлық қызметін қызу қарқынмен тақарып жатқан Кириенко қазір негізгі күшін армян бағытына жұмсауда. Ақпараттық кеңiстiкте билiкке қысым жасайтын проресейлiк реваншистiк күштердi күшейту үшін көп жұмыс жасалуда.
Мысалы, қазір ресейшіл көзқарастағы түрлі саяси топтар мен саяси тұлғалар, күштер бірігіп, премьер-министр Никол Пашинянға сенімсіздік білдірудің жаңа бастамасы туралы қызу талқы жасауда. Және олар Парламентте Пашинянға импичмент жариялау үшін, ең кемі 36 депутаттың қолдауына ие болу үшін жұмыс жасауда.
КОЧАРЯН ПУТИННЕН СҰРАЙДЫ. ПУТИН КИРИЕНКОҒА БҰЙРЫҚ БЕРЕДІ
Парламенттегі бұрынғы президент Роберт Кочарян бастаған «Армения» фракциясы (27 мандат): «Егер импичмент туралы құжат тағы 9 қол жинаса, біз оны қолдаймыз», - деп мәлімдеген.
Тағы бір экс-президент Серж Саркисянның «Менің абыройым бар» деп аталатын фракциясы (7 мандатқа ие) да бұл іске қатысуға дайын екендіктерін білдірген.
Сөйте тұра, Пашинянға импичмент жариялау бастамасын Парламентке өткізу үшін 2 дауыс жетіспейді. Кириенко қазір Арменияның батысшыл саяси тұлғаларының ішінен 2 адамды сатып алуға барын салуда. Мұны Арменияның билік партиясы біліп қойып, үлкен қарсылық тудырған. Осылайша, Кочарян фракциясы парламенттік жолмен Пашинянға сенімсіздік дауысына қол жеткізу мүмкін еместігін түсінген соң, альтернативті жол ретінде үкіметті революциялық жолмен кетіруге тура келетінін ашық мәлімдегелі отыр дейді дереккөздер. Яғни, армян оппозициясы жаппай наразылық акцияларын қайта бастауды қарастыруда.
Бірнеше күн бұрын «Грапарак» газеті өз дереккөздеріне сілтеме жасап: «Кириенконың Армения бойынша куратор болып тағайындалуы Ресейдің бұрынғы колониясына деген қызығушылығының артып келе жатқанын растайды», - деп жазды.
Басылымның мәліметінше, бірнеше апта бұрын Кочарян Кремльге барып, Путинмен консультация өткізген.
Басылымның мәліметінше, Ресей билігі тек бір саясаткерге – Серж Саргсянға қатысты күдік пен ескертпелер айтқан. «Сірә, Путин Саргсянның Ресейдің Армениядағы ықпалын жойған түрлі-түсті революциямен күрестегі сәтсіздігін кешіре алмайтын сияқты).
«Қалғандарына: жұмыс істеңіздер, күресіңіздер, белсенділік танытыңыздар — кім неғұрлым ықпалды және перспективалы болатынын көрейік, соған қолдау көрсетеміз деп айтылды. Кейбіреулер Серж Саргсянның оппозициялық алаңдағы деструктивті мінез-құлқын дәл осымен түсіндіреді», - деп жазады басылым.
«АУЫР АРТИЛЛЕРИЯ» ЕРЕВАНҒА ДАЙЫНДАЛУДА
Еске салайық, Ресейдің армян оппозициясымен ынтымақтастығының жандануынан соң, Пашинян үкіметі Кремльмен ынтымақтастықты кеңейте бастады. Пашинянның өзі 9 мамырда Мәскеудегі парадқа қатысты. Жақын арада Ереванға Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко барады деп күтілуде.
Ресей Арменияға қатысты өз саясатына елеулі түзетулер енгізіп, ресейлік лагерьді күшейтуге, оны билікке қайтаруға, ал жаңа сәтсіздік болған жағдайда - «ұжымдық Батыстың» құлдырауы жағдайында батысшыл билікпен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа стратегия әзірледі.
Mezgil.kz