Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өтті. Жиынға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен келген жүзге жуық танымал ғалымдар қатысты. Симпозиум аясында Ясауи мұрасының түрлі қырларын ашатын ғылыми баяндамалар жасалып, пікірталастар ұйымдастырылды. Ғалымдар арасында идеялар мен тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.
Еске салсақ, бұл симпозиумды ұйымдастыру бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында көтерген болатын. Президент өз сөзінде Ясауи мұрасының ислам өркениеті мен түркі дүниесі үшін маңызын ерекше атап өтіп, оны терең зерделеу қажеттігіне тоқталды.
«Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.
Осы ретте симпозиум аясында айтылған өзекті ойлар мен Ясауи ілімінің рухани негіздері, мемлекет пен қоғамға қатысты тұжырымдары, бүгінгі жастармен байланысы және ұлттық құндылықтармен сабақтастығы тереңірек білу мақсатында белгілі дінтанушы, теолог, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаймен сұхбаттасқан едік.
Қожа Ахмет Ясауидің гуманистік идеялары қазіргі діни радикализм мен рухани дағдарыс жағдайында қаншалықты өзекті? Бұл мұра бүгінгі қоғамға қандай рухани бағыт-бағдар бере алады?
Ясауидің адамгершілік идеялары қазіргі замандағы кез келген -измге жауап бере алатын, ең бастысы — адамның ішкі ой-санасын қанағаттандыратын құндылықтардың қоры деп айтуға болады. Себебі қазір кез келген дағдарыс, рухани немесе әлеуметтік күйзеліс — сұхбаттың жоқтығынан, идеяның болмауынан, өз-өзіне есеп бермеуден, өзін бағаламаудан, өзін басқамен салыстырмаудан туындайды.
Ясауи ілімінде адамның рухани кемелденуі мен ішкі жан дүниесін тәрбиелеу — басты мақсаттардың бірі. Бұл жолда бірнеше негізгі ұғымдар бар:
Мурақаба – өзін-өзі бақылау, яғни адамның өзінің ішкі күйіне, ойы мен әрекеттеріне үнемі назар салып отыруы;
Мухасаба – өзін-өзі есепке алу, жасаған істерін саралап, жақсылығын арттырып, қателігін түзеуге тырысу;
Мүжәһада – өзімен-өзі күресу, нәпсіге қарсы тұру, өзін жолға салу. Былайша айтқанда, бұл – өзін-өзі тәрбиелеу, рухани тазару және адамдық кемелдікке жету жолы.
Ясауидің ілімінде тәрбие дегеніміз — адамды қайта қалыптастыру, оны жақсы дағдыларға үйрету деген мәселе бірінші орында тұрады. Сондықтан оның ілімі Хәл ілімі деп аталады. Бұл – адамның тікелей ішкі психологиялық күйлерімен, хәлдерімен айналысатын ілім. Себебі адам – әрдайым сұрақ іздеуші, анықтаушы, жауап табушы болмыс. Адам табиғаты – осы. Сұрақсыз адам – адам емес. Кез келген мәселе — адамның ішкі әлемінің тоқтауына, өзіне-өзі уәжімен қанағаттануына, ішкі тыныштыққа жетуіне байланысты. Міне, осы ілім – Ясауидің хәл ілімі деп аталады. Бұл – ішкі еркіндікке, тыныштыққа, жалпы айтқанда, бақытқа жетелейтін, адамның өз-өзімен үндесуіне алып баратын ұстанымдар мен идеялардың жиынтығы. Ясауи ілімінде адамды бақытқа жетелеудің, рухани тыныштыққа бастаудың кешенді тетіктері бар. Бұл – адам баласына аманат етіп қалдырылған идеялар. Біз осыны көре алмадық па, елемедік пе – мәселе сонда. Алайда батыстық ғылым өкілдерінің өзі адамның ішкі психотехникалық кезеңдерін, қабаттарын зерттей келе, осы біздің ортағасырлық түркі-мұсылман мистиктерінің, соның ішінде ең алдыңғы қатарда тұрған — Ясауидің ілімінің тереңдігін мойындайды. Бұл – тарихи тұрғыдан дәлелденген шындық.
Ясауидің ілімі адам мен қоғам арасындағы қатынасты қалай сипаттайды? Оның этикалық, моральдық ұстанымдары қазіргі қазақстандық қоғам үшін қаншалықты өзекті?
Адам платформасы – ішке және сыртқа бағытталған моральдық, этикалық дәрежелерден тұрады. Ең бірінші мәселе – адамның өзін табуы. Өзін іштей табу, сырттай табу дегеніміз – адамның «уәжид» болмысқа айналуы. Яғни, болмысын тануы. Сонда қоғамды танудың тетіктері ретінде Ясауиде «заман», «мекен», «ихуан», «рабти сұлтан» деген төрт негізгі ұстаным бар.
Біріншісі, заман, уақыт. «Заман» – уақыт деген мағына береді. Сопылар адамды «уақыттың ұлы» деп атайды. Бұл – адамның уақытпен үндесуі, уақыт талабына жауап беруі. Бұл тұрғыда ең тоқтамайтын үдеріс – адамның рухының алаңдауы, қажетсінуі, аш қалуы, үрейі. Осы сезімдер адамның санасына, нәпсісіне, ақылына және мейіріміне психологиялық әсер етеді. Абай айтқандай, «Ақыл мен жан – мен өзім». Осы сәтте тыныштық деген ұғым уақыт үшін маңызды шартқа айналады. Тыныштыққа жету – рухтың өзін меңгеруі, өзін тануы, адамның өзімен үндесуіне апаратын жол.
Екіншісі, мекен. «Мекен» – кеңістік, Отан ұғымын білдіреді. Кез келген адамның үш Отаны бар. Бірінші Отан – тумай тұрып, қазақта оны «ана құрсағында» дейді. Сопыларда бұл – рух әлемі, барзах әлемі. Бұл дүниеге келмей тұрып, рух Алламен диалогқа түседі. «Сені кім жаратты?» деген сұраққа барлық рухтар: «Сен – біздің жаратушымызсың» деп жауап береді. Бұл – рухтың Алламен алғашқы диалогы.
Екінші Отан – ананың құрсағынан дүниеге келіп, шексіз әрі белгісіз болашаққа қадам басқан сәттен басталатын өмір кеңістігі. Мұнда рух әрдайым Аллаға арқа сүйейді. Бұл жерде ең басты шарт – иман, тәуекел. Үшінші құрал – ақыл. Сұхбат құру қабілеті. Ясауи қоғамдағы кез келген проблеманы ақылмен шешу қажет деген ұстаным ұсынады. Сондай-ақ, кез келген қоғамдағы жаратылыстың барлығы адам үшін жаратылған – фаунасы, флорасы, жан-жануарлары. Бұл түсіндірмеде ең басты мәселе – мейірім.
«Бисмиллаһир-рахманир-рахим» – исламның рухани коды. Бұл бүкіл әлемге мейіріммен, шапағатпен қарау қажеттігін білдіреді. Сонда ғана адам өзін таба алады. Абай да бұл идеяны қуаттап: «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы» – дейді.
Яғни, менмендіктен арылып, адамға мейіріммен қарау – адамның да, қоғамның да тыныштығының кепілі. Өзіңдегі тыныштық – нәпсімен үндескен рухтың белгісі. Бұл қоғам тұрақтылығының өзегіне айналады.
Үшіншісі, ихуан – адамзат бауырластығы. Ихуан – бүкіл адамзаттың біртұтас бауыр екенін тану. Абайдың: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген жолдары осыны дәлелдейді. Ихуан – «ахи», яғни ағайын, туыс, бауыр. Бұл ұғым дінге, ұлтқа бөлмейді. Христиан ба, буддист пе – бәрі де адам, Алланың жаратылысы болғаны үшін сүюге лайық. Бұл – кең әрі кемел түсінік. Ясауи былай дейді: бір дастархан басында отырып, кімнің отқа табынушы, пұтқа табынушы, христиан немесе яһуди екеніне мән бермей, барлығына бірдей қараған адам – нағыз мұсылман. Бұл – діни толеранттылықтың және адамзаттық бауырластықтың көрінісі.
Төртіншісі, рабти сұлтан – мемлекетпен байланыс, адамның жүйемен байланысы. Яғни, дін, мәдениет, өркениет үдерістері нәтижесінде пайда болатын – мемлекет. Мемлекет – адамның ішкі және сыртқы қауіпсіздігінің, құндылықтарының, өмір сүру кеңістігінің шекарасын анықтайтын құқықтық және әділеттілік негізін қамтамасыз ететін жүйе. Ясауи ілімінде мемлекет киелі ұғым. Ол – өмір мен өлім арасындағы ғұмырдың бақытты өтуін қамтамасыз ететін институт. Сондықтан бұл институтқа адалдық қажет.
Ахмет Ясауи ілімі – адам мен қоғам арасындағы байланысқа терең философиялық, моральдық және этикалық сипат береді. Оның «заман», «мекен», «ихуан», «рабти сұлтан» деген төрт ұстанымы – қазіргі қазақстандық қоғам үшін аса өзекті. Рухани дағдарыс, діни радикализм, әлеуметтік бөлінушілік үдеген заманда Ясауи ілімі адам болмысына, қоғам тұтастығына, ұлттық рухқа негізделген тұғырлы бағыт-бағдар ұсынады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын жүйелі әрі терең зерттеуге шақырған үндеуін қалай қабылдадыңыз? Бұл бастама еліміздің ғылымы мен рухани өмірінде қандай өзгерістерге жол ашуы мүмкін?
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, Ясауитануды қолға алу туралы Құрылтайда бірнеше рет айтып жүр. Ясауитануға арналған орталықтар мен ғылыми институттар ашу туралы нақты ұсыныстар жасап жатыр. Себебі Қожа Ахмет Ясауи деген кім? Ол – біздің ұлтымыз үшін тұлға ғана емес, құндылық. Ал құндылық дегеніміз – адамның болмысында өзінің тәжірибесімен, орны және рөлімен дәлелденген ұлы мән. Яғни, біз "түркі ислам өркениеті" немесе "қазақ мәдениеті" деп айтқанда, бұл ұғымдардың түп-тамырында, өзегінде Ясауи ілімі жатыр. Мысалы, қазақ мәдениетінің, жалпы ұлт ретінде қазақтың анықтамасы оның мәдениетінде болса, сол мәдениеттің кемінде 18 қабаты бар.
Бірінші қабаты – тіл қабаты;
Екінші – ойлау қабаты;
Үшінші – дәстүр қабаты;
Одан кейін – моральдық, этикалық, құқықтық, философиялық қабаттар.
Сондай-ақ дәстүрлі кәсіп, сәулет, музыка сынды қабаттар бар. Осы қабаттардың барлығының өзегінде – ислам дініне негізделген Қожа Ахмет Ясауи ілімі қалыптастырған кеңістік жатыр. Сондықтан "зерттеу" деген мәселе – бұл жай ғана діни емес, өркениетаралық тұтастыққа, құндылықтар арасындағы диалогқа, мәдениеттерді салыстыру мен түсінуге, сондай-ақ, сол диалог кезіндегі қауіп-қатер мен сын-қатерлерге берілетін жауапты да қамтиды. Бұл мәселеге ғылыми-танымдық тетіктермен келуіміз керек. Ясауитануға арналған орталықтар мен ғылыми зерттеулердің жүйелі, баянды түрде өрістеуі – біздің ұлттық болмысымыз үшін қажет әрі өзекті. Өйткені дәл осындай кезеңде құндылықтар мәселесі ең бірінші кезекке шығуы тиіс. Қазіргі заманда ешкім қарумен соғысып жатқан жоқ. Қазір құндылықтар арасында диалог, үндесу, тілдесу арқылы елдің бағы, болашағы, орны анықталып жатыр. Ал бұл үшін не істеуіміз керек? Өзіміздің тарихымызды, өркениетімізді, мәдениетімізді, дінімізді, тілімізді тануымыз керек. Міне, осы үшін Ясауитанудың өзі – кешенді құбылыс. Ол – дүниетанымдық, гуманитарлық, болмыстық, философиялық, психологиялық қабаттарымызға дейін созылып жатқан, ұшы-қиыры жоқ, ұшан-теңіз білімнің жиынтығы. Бұл – игерілуі тиіс ұлттық мұра.
Ясауи хикметтерінде жиі кездесетін «адам болу», «нәпсіні тәрбиелеу», «рухани кемелдену» ұғымдарына қазіргі жастар қаншалықты мән береді деп ойлайсыз?
Бұл мәселе – адам болу, нәпсіні тәрбиелеу, рухани кемелдену – бүгінгі күннің мәселесі ғана емес, адамзаттың ең алғашқы кездерінен басталған мәселе. Себебі, барлығы танудан басталады. Марифатун нафс – өзін тану, марифату дуния – әлемді тану, марифату Алла – Алланы тану. Осы кезде сіз бар нәрсені дағдыға, тәрбиелеуге айналдырасыз. Оның біреуі – «мен бармын» деген сөз. Сол менді анықтап, зерттей бастаған кезде ішіңізден тағы бір «мен» шыққанын, тағы бір «мен» бар екенін сезесіз. Сізден басқа ешкім бұл әлемге кіре алмайды. Себебі сізде түрлі құмарлықтар мен қажеттіліктер бар екенін сезе бастайсыз. Осы құмарлықтарды біз «нәпсі» деп анықтаймыз. Нәпсі дегеніміз – жанның құмарлығы. Демек, нәпсіні тәрбиелеу – оны дағдыға айналдыру деген сөз. Біз нәпсіні жоя алмаймыз, оны кесіп тастай алмаймыз, нәпсісіз қалмаймыз. Тек қана дағды, тәрбие және тәския арқылы (тазару) нәпсіні реттей аламыз. Ясауидің ілімінде бұл «риядат» деп аталады. Нәпсіні өзіңіз ғана бақылай аласыз, тек сіз өзіңіздің ішкі әлеміңізді өзгерте аласыз. Сондықтан адам өзіне-өзі бекем болу керек. Яссауи ілімі осыған үйретеді. Сіздің қауіпсіздігіңіз, қателеріңіз бен жетістіктеріңіз – тек сіздің өзіңіз үшін маңызды. Сізден басқа ешкім бұл дүниені бағалай алмайды. Сол себепті мақтан – сыртқы мақтан, ішкі мақтан сияқты тепе-теңдіктер пайда болады. Мысалы, адамның бойында рия бар. Яғни, ол сырттан жақсы көрінуі үшін, бай екенін, жомарт екенін немесе басқа бір нәрсе екенін көрсетуге тырысады. Бірақ шын мәнінде бұл адамның болмысын өсуіне кедергі келтіретін психологиялық ауру болып табылады. Ясауи ілімінде осы мәселе қарастырылады. Рухани кемелденудің жолында да кемшіліктер бар. Бірінші кезең – тәуба махамы. Бұл жолда 70 махам бар, олардың арасында моральдық, этикалық махамдар да бар. Әр махамның жұп қалдері бар. Мысалы, каудариджа дейді, алдымен қорқу мен үміт пайда болады. Себебі адам өзін Алламен өлшей бастайды. Аллаға бет бұру, тәуба ету – адамның рухани кемелдену жолына түскенін білдіреді. Сол кездегі негізгі өлшем – «дұрыс дедің бе, бұрыс дедің бе, көрдің бе?» деген сұрақ емес, ол – сіздің рухани тыныштығыңыз. Жастар бұған қалай мән береді деген сұраққа келетін болсақ, жастарға бұны бүгінгі ғылыми шаблондармен, таныс ұғымдармен, анықтамалар мен түсіндірмелермен салыстыра отырып ұсыну өте қызықты болар еді деп есептеймін. Себебі қазіргі әлемде коучтар, психосоматиктер, психологтардың қаптап жүрген кезі. Жастарымыз соларды игеріп алған үдерістерінің орталығына осы ілімді енгізсе, ол өте тиімді болар еді. Бұл білім беру жүйесі сияқты мекемелерде, болмаса отбасылық құрылымдарда немесе кәдімгі қоғамдық институттарда осы ұстанымдарды енгізсек, Ясауидің ілімі бүгінгі қоғамның қажеттіліктерін өтей алатын деңгейге шығады. Яғни, бұл ілім – практикалық мәні бар, қазіргі қоғамға қажетті бағытта қолдануға болатын білімдер деп санауға болады.
Сопылық ілім мен ұлттық дәстүр сабақтастығы туралы не айтасыз? Ясауи ілімінде бұл қаншалықты көрініс табады?
Яссауи ілімі – құрғақ ілім емес, әлеммен, кеңістікпен, тарихпен, болмыспен үндесіп жатқан ілім. Сондықтан ұлттық құндылықтарымыздың қалыптасуында бұл ілімнің орны ерекше. Ұлтты анықтайтын сипат – ол мәдениет. Мәдениеттің он сегіз қабаты бар, ең бастысы тіл. Тілдегі небір ұғымдар, анықтамалар, мақал-мәтелдер, құндылықтың моральдық қабаттары (жақсы мен жаман, эстетикалық қабаттар, қайсысы көркем, құқықтық қабаттар – дұрысы-бұрысы, болады-болмайды, обалы-сауабы) сияқты мәселелерде Ясауи ілімінің категориялары мен терминдері орын алғанын көруге болады.
Одан кейін ойлау жүйесі деген қабат бар. Ойлау жүйесі бізде универсализмге негізделген. Жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, жан мен тәннің ұқсастығына негізделген ойлау жүйесі. Біздің табиғатымызда тіліміздің «жыныс» (gender) категориялары жоқ, яғни женский род, мужской род, средний род дегендер жоқ. Бұл – Таухидке, гуманистік ойлау жүйесіне негізделген. Ясауи ілімінде «культурация» деген ұғым бар, яғни әлемді культурациялау, топонимика, жер-судың аттары, кеңістігіміздегі ислам дініне қатысты өркениеттік, сәулеттік таңбалар мен жәдігерлер бар. Мешіттердің, медреселердің әрқайсысында осы ілімнің іздері бар. Осыған қарап отырып, ауыз әдебиетінен қалған небір шығармаларды, каллиграфиялық еңбектерді зерттей отырып, Ясауи ілімінің негіздерін табуға болады. Тарихқа қарасаңыз да, солай. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты құқықтық нормаларды анықтайтын саяси-тарихи құжаттарымыз бар және олардың ішінде де Ясауи ілімінің іздерін көруге болады. Қазақ деген болмысқа, қожалар институты мен төрелер институтына қарасаңыз, олардың арасындағы құндылықтық байланыстар – бәрі де Ясауи ілімінен тамыр тартады. Топонимикаға келетін болсақ, мысалы, Ленгер деген жеріміз бар, Текке деген жер бар, тіпті бір қаламызды "Астана" деп атадық. Осы үш ұғымның өзінде де Ясауи ілімінің категориялары жатыр.
"Астана" – ақиқатқа ашылған қақпа деген мағына береді. Түркістан қаласын да түркі әлемінің халықтары "бақыттың астанасы", "бақыттың қақпасы" деп атаған. Бұл да – Ясауи ілімінің көріністері. "Текке" мен "ханака" дегеніміз – рухты тәрбиелейтін орталықтар деген сөз. Ал "Ленгер" – «рухты қалыптастыратын цех» мағынасында қолданылады. Әдебиетімізде де осы ілімнің іздері көптеп кездеседі. Мәселен, "Әлін білмеген – әлек" деген мақал бар. "Хәлін білу" – "өзін білу" деген ұғымды білдіреді.
Симпозиум аясында Ясауи мұрасын заманауи сын-қатерлер тұрғысынан қарастыру туралы айтылды. Қазіргі заманғы қандай негізгі сын-қатерлер бар және Ясауи идеялары бұл сын-қатерлерді жеңуге қалай көмектесе алады?
Заманауи сын-қатерлер — әрқашан адамның бетпе-бет келетін проблемалары. Әр уақыттың өзімен бірге келетін қысымдары болады. Соған қарсы жауап іздейді: мәдениет, мемлекет, ұлт, адам болсын. Сондықтан алдымен өзімізде қандай тәжірибелер бар екенін қарастырамыз. Ясауиді неге конференцияның тақырыбына айналдырып отырмыз? Себебі ол тәжірибелердің кенішіне айналған тұлға. Ал тәжірибе дегенді сатып ала алмайсыз, ешкім сізге оны бере алмайды. Тәжірибені өзіңіз басыңыздан өткізіп, анализ жасап, қорытындылап, жақсы мен жаманын, дұрысы мен бұрысын анықтайсыз. Міне, осындай тәжірибенің бірі — Ясауи ілімі, мұрасы. Егер ол тәжірибе заманауи сын-қатерлерге дұрыс жауап бере алатын болса, ол сізді бақытқа жеткізеді. Ал егер заманыңызға кері әсер етсе, ол да өз кезегінде сіз үшін ғибрат болады. Яғни тәжірибе ешқашан артық болмайды. Екіншіден, тәжірибе — сіздің болашаққа деген сеніміңіздің бастауы. Бұл тану мәселесі туралы. Сондықтан, Ясауи тәжірибесінде эпистемологиялық тұрғыдан өзін тану бірінші орында тұр. Бүгінгі заманауи сын-қатерлерге жауап беру дегеніміз — сол ұғымдардың не мән беретінін түсіну. Ол үшін ешкімнен ештеңе көшіріп алатындай жағдайымыз жоқ. Тарихи тұрғыдан қарағанда, өзімізді мәдениет, ұлт, мемлекет екенімізді, мемлекеттігіміздің болғанын тұлғалардың қалдырған мұраларынан таба аламыз. Жүріп өткен жолдарынан үлгі ала аламыз. Біздің тарихымыз бос емес, әр қабатында тұлғалардың еңбектері тұр.
Сұхбаттасқан Жанна Жомарт
Mezgil.kz