Еліміздегі басты мегаполис саналатын Алматы қаласы жастар мен оқушылар арасындағы әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән беретін шаһар саналады. Жаһандану жылдамдығы ғарыштық деңгейге жетіп, адам миындағы шекаралар жойылып, құндылықтар құнсыздана бастаған кезеңде, әр жастың жүрегінде Отанына деген ерекше махаббат пен айрықша мақтаныштың болуы маңызды. Қазіргі оқушы – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат.
(Сурет ziyatker.org сайтынан алынды)
Алматы қаласында 216 мемлекеттік және 131 жеке мектеп бар. Әр мектепте тиісті деңгейде патриоттық тәрбие беруге ерекше маңыз қойылған. 2022 жылдан бастап қалада 50-ден астам білім беру нысаны салынды. Олардың ішінде 47 мектеп бар. Қазіргі уақытта тағы 47 білім беру нысанының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда: 7 балабақша, 37 мектеп (оның ішінде 21 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында), 2 колледж, 1 мамандандырылған «Жанұя» интернаты. Міне, бұл білім беру орындарында әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән берілуде. Мектеп сыныптары Алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізуге ыңғайлы негізде жасалып, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Алматы қаласында «Алғашқы әскери және технологиялық даярлық» сабақтарының өткізілу деңгейін тексеруге қатысты ұдайы мониторинг жасалып тұрады. Бұл білім саласындағы патриоттық тәрбиенің деңгейін де тексеру деген сөз. Соңғы мониторинг 2025 жылғы 10 ақпан мен 30 сәуір аралығында мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде өтті. Мониторинг барысында Алматы қаласының 216 мектебі қамтылды, тек аталған кезеңде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер есепке алынбады.
Мониторинг қорытындысы бойынша «Алғашқықы әскери және технологиялық даярлық» (АӘжТД) пәні оқытылатын барлық мектептерде (100%) сәйкес оқу кабинеттері бар екені расталды. Ал 7 мектепте 10–11 сыныптар болмауына байланысты бұл пән оқытылмайды. Осылайша, мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру тиісті негізде жүруде деп ауыз толтырып айтуға болады.
Алматы мектептеріндегі әскери-патриоттық тәрбие тек қана әскери саланы үйрету мен ел шекарасын күзетуді ғана емес, сонымен бірге әр шынайы азаматтың бойында болуға тиіс игі қасиеттерді де сіңіреді. Алматы қаласының мектептеріндегі әскери-патриоттық клубтар мен алғашқы әскери дайындық сабақтарында оқушыларға қазақ батырларының ерліктері мен өрліктері оқытылып, Отанды сүю мен қорғаудың маңыздылығы түсіндіріледі. Әр оқушыға мемлекеттік рәмізді қастерлеу мен қадірлеудің маңыздылығы, әр рәміздің жасалу тарихы һәм оның мағынасы айшықтала айтылады. Қазақ тарихындағы қанды шайқастар, тарихта атын ерлікпен ойып жазған баһадүрлер жайлы біліп өседі. Қазақстан әскеріне құрметі артып, отан алдындағы борышты өтеуді парыз санайтын түсінік қалыптасады. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, Ауғанстанда от кешкен жауынгерлерді құрметтеуді үйрету іске асады. Әскери-патриоттық тәрбие тек сабақ форматында ғана емес, оқушылар үшін қызықты әрі заманауи форматта өтуде. Алматы мектептері әскери-патриоттық тәрбиені ерлік жасаған жауынгерлерді шақырып, ашық сабақтар мен кездесулер өткізу арқылы, арнайы деректі фильмдерді көрсету арқылы, оқушылар арасында түрлі сайыстар ұйымдастыру арқылы беруде.
(Сурет kazpravda.kz сайтынан алынды)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтып, әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын атап өткен болатын. Патриотизм рухымен өскен жас ұрпақ ел тізгінін ұстайтын тұлға боларын айтып, мектептегі әскери-патриоттық тәрбиені күшейту туралы тапсырма берді. 2019 жылы Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен білім басқармалары бірігіп, «Жас Сарбаз» республикалық акциясын өткізді. Акция аясында Алматы қаласының мектептерінде «Жас Сарбаз» сыныптары ашылды. Ал 2025 жылы Ұлттық гвардияның «Жас Бүркіт» сыныптары Алматы мектептерінде ашылды. Бұл Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен байланысты іске асты және оқушыларды әскери патриоттық рухта тәрбиелеу миссияларын атқаруда.
Алматы қаласындағы әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы жайлы саясаттанушы Нурболат Нышанбаев былай дейді: «Алматы қаласы –еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар рухани-мәдени, ғылыми-ағартушылық орталығы. Сондықтан, жастардың қоғамдық көзқарасын қалыптастыруда әскери-патриоттық тәрбие ерекше маңызға ие. Қазіргі геосаяси ахуал мен ақпараттық қауіп-қатерлер артып тұрған шақта, тәрбие бағыты тек формалды іс-шара ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін стратегиялық құрал деп те ойлаймын.
Мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалар, қазіргі таңдағы әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын айқындап отыр. Қаламыздағы білім ордаларында, жұмыстар тек Әскери дайындық пәнімен шектелмей, түрлі әскери-спорттық жарыстар, тәрбие сабақтары, ардагерлермен кездесулер арқылы жүйелі түрде ұйымдастырып отыру қажет деп ойлаймын. Себебі, – Отанға адалдық, тәртіпке бағыну, жауынгерлік рухты қалыптастыру, бұл ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде жастардың бойында болуы тиіс ең маңызды құндылықтар.
Екіншіден, өсіп келе жатқан жас буын бойынша – ақпараттық ашықтық пен отандық рух ұшқындарын қалыптастыруымыз қажет. Олар үшін әрине, бірінші кезекте жастар бойынша мемлекетшілдік идеясын, отансүйгіштік қабілетін дамыта түсуіміз керек. Ол дегеніміз, мектеп оқушылары арасындағы ел тарихын терең білу, батырлар ерлігін дәріптеу, еліміздің Қарулы Күштерінің құрылымы мен миссиясын түсіндіру – барлығымыз үшін, азаматтық жауапкершілік.
Алматы қаласы – республикамызда, қоғамдық-саяси процестердің алдыңғы шебінде тұрған қала. Қаладағы жастардың рухани, патриоттық иммунитеті ел ішіндегі тұрақтылық пен сыртқы ықпалдарға қарсы тұрудың басты факторы. Әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі жүргізілуі радикалды идеялардың алдын алып, жастарды әлеуметтік жауапкершілікке баулып, бойында отаншылдық идеясын арттырады.
Алматы қаласындағы оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру – болашаққа салынған инвестиция. Тек тәрбие мәселесі емес, ұлттық мүдде, идеологиялық қауіпсіздік және стратегиялық дамудың құрамдас бөлігі».
Саясаттанушының пікірімен келіспеу мүмкін емес. Алматы қаласы оқушылар мен жасөсіпірмдерге әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша еліміздің авангардына айналды және бұл жалғасын таппақ.
Mezgil.kz