Қазіргі қазақ экономикасын Алматысыз елестете алмайсыз. Ірі мегоплоисте ел дамуына ерек үлес қосып жатқан өндіріс ошақтары шоғырланған. Сол себепті қала басшылығының басты назарында қала экологиясы тұрады.
(Сурет: Sputnik / Анатолий Устиненко)
Осы бағытты қолға алған басшылық қашанда қала табиғатын қорғау және оны орнықты даму жолында бірқатар стратегиялық бағыттарды жүзеге асырып келеді. Бұл орайда ірі қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек табиғатты сақтау емес, сонымен қатар халықтың денсаулығы мен болашағына тікелей әсер ететін маңызды мемлекеттік міндет екенін қала билігі жақсы түсініп отыр. Қала басшылығы тарапынан энергия тиімділігін арттыру, жасыл экономика қағидаттарын енгізу, газификацияны кеңейту, су және жер ресурстарын сақтау мәселелері ешқашан күн тәртібінінен түскен емес.
Бұл орайда біздің айтпағымыз қаланың экологиясын қорғау бағытында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қолға алып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы секілді ауқымды бастамалар арқылы қоғамды экологиялық мәдениетке тартуда бірқатар тиімді шаралардың жүзеге асып жатыр. Ерекше атап өтетін жайт: қаланың табиғи сұлулығын пайдалана отырып экотуризмді дамыту басты орынға шыққандығы да қажетті мүмкіндіктерді қалыптастырып үлгерді.
Біз жоғарыда сөз еткен қала басшылығы тарапынан қолға алынып жатқан бастамалардың барлығы тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты арттырып, жауапкершілікті тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр десек әсте артқы айтпаймыз. Әсем қаламыз Алматының экологиялық болашағы – бүгінгі нақты әрекеттер мен қоғамдық бірліктің нәтижесі болмақ.
Осы мәселе аясында біз сарапшы маман, ҚазҰУ профессоры Абубакирова Калкаш Дауренбековнаның пікірін білдік...
– Энергия тиімділігі дегеніміз не және оның Қазақстан үшін маңызы қандай?
– Энергия тиімділігі – бұл «көрінбейтін отын». Яғни, экономикалық өсімді энергияны көп тұтынбай-ақ, үнемдеп, тиімді пайдалану арқылы қамтамасыз ету. Бұл – шығындарды қысқартып қана қоймай, көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтып, экологиялық әсерді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мысалы, Германия, Жапония, Қытай секілді елдер бұл бағытта үлкен жетістікке жетті. Қазақстан да осы жолмен келе жатыр, бірақ қарқыны төмендеу.
– Елдегі қазіргі энергия тұтыну көрсеткіштері қандай?
– 2023 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) энергия сыйымдылығы 0,3156 тонна шартты отынға тең болды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 39%-ға төмен. Бірақ халықаралық деңгеймен салыстырсақ, Қазақстан әлі де энергияны тым көп тұтынатын елдердің қатарында.
– Қазақстанда энергияны ең көп тұтынатын сектор қайсы?
Көпшілікті таңқалдыратыны – бұл тұрғын үй секторы. Қазіргі таңда үйлер зауыттардан да көп энергия жұмсайды. Себебі тұрғын үй қоры ескі, жылу оқшаулауы нашар. 1970 жылға дейін салынған 736 мың үй әлі де пайдаланылып жатыр.
– Бұл мәселені шешу үшін не істеліп жатыр?
– 2029 жылға дейінгі энергия үнемдеу тұжырымдамасы қабылданған. Онда 10%-ға ЖІӨ энергия сыйымдылығын төмендету, жылу және электр желілерін жаңарту, «жасыл» технологияларға инвестиция тарту көзделген. Бірақ 2023 жылдың қорытындысы бойынша тек 1,38% төмендеу тіркелді – бұл тым аз.
– Алматыдағы экологиялық жағдай туралы не айта аласыз?
– Мәселе тек энергияда емес. Алматы мен Қарағандыда ауа сапасы – дабыл қағарлық деңгейде. Мысалы, Алматыда PM2.5 деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген нормадан 17 есе жоғары. Бұл адамдардың тыныс алу жүйесіне, жүрек пен қан тамырларына, тіпті онкологиялық ауруларға себеп болуы мүмкін.
– Ал тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласы қалай дамып жатыр?
– 2024 жылы 4,8 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтың тек 25,8%-ы ғана қайта өңделді. Қалғаны – полигондарға кетеді. Проблемалар көп: ескі техника, қаржыландырудың жетіспеушілігі, халықтың экологиялық сауаттылығы төмен. Кей өңірлерде сұрыптау мүлде жүргізілмейді.
– Алматы қаласына жеке тоқталсақ, қандай мәселелер ерекше?
– Алматыда ең басты үш экологиялық мәселе бар:
Бірінші: Атмосфералық ауаның ластануы – қалада көлік тым көп, жеке сектор көмір жағады.
Екінші: Қалдықтарды басқару жүйесі – шаһар қоқысқа тұншығып отыр.
Үшінші: Энергияны үнемдеу мен көлік жүйесін оңтайландыру – ескі инфрақұрылым мен бітеліп қалған жолдар экологияға кері әсер етеді.
Ал жалпы Қазақстанға келесідей негізгі бағыттарға назар аудару қажет: Энергияны үнемдеу мен қолжетімді технологияларды енгізу, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, беттік суларды қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жолға қою және топырақ деградациясының алдын алу. Бұл – елдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін түйінді бес бағыт.
Ал Алматыда аса маңызды мәселелер мыналар: Атмосфералық ауаның сапасы – денсаулыққа тікелей қауіп, қалдықтарды өңдеу – жаңа зауыттар мен сұрыптау пункттері қажет, энергия тиімділігі мен көлік – қаланың өмір сүру сапасын арттыратын факторлар. Алматыны құтқару – жүйелі, батыл әрі технологиялық шешімдерге байланысты.
Түйін: Маманмен болған сұхбатымызды қорытындылайтын болсақ, таза ауа, тиімді энергия, қалдықсыз экономика – бұл болашақ емес, бүгін басталуы тиіс күн тәртібі. Қазақстан экологиясын сақтау, оның ішінде Алматының экологиясын сақтау – әрқайсымыздың жеке дербес азаматтық жауапкершілігіміз болып табылады.
Mezgil.kz