Есірткімен күрестегі авангард қала: Алматы жарқын болашақты таңдайды!

26-маусымда жыл сайын Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аталып өтіледі. Аталмыш күн 1987 жылы, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының жиыны аясында қабылданды. Басты мақсаты әлем елдерінде нашақорлықпен күресті күшейтіп, есірткі айналымын азайту әрекеттеріне үндеу жасау еді.


Смертельная игра - наркотики! - БСМП Гродно

 

XXI ғасырда адамзат бұрын-соңды болмаған технологиялық, медициналық, мәдени жетістіктерге жетуде. Сонымен қатар, жаһандық деңгейде алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділік. Бүгінде есірткінің сан түрі шығуда. Оны тарату жолдары да көбеюде. Есірткінің арзан әрі қолжетімді типтері пайда бола бастады. Бұл есірткі қолданушылардың санын арттыруда. Салдарынан әлем бойынша жастар арасында есірткі қолданатындар саны еселеп артып келе жатыр. Осылайша бұл жекелеген адамның ғана мәселесі емес, тұтас қоғамның мәселесіне айналуда. Ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деңгейіне жетуде. Себебі ұлттың саулығы, ұрпақтың парасаттылығына қауіп төнуде.

 

Еліміз есірткі атты әлем дертімен күресуде. Алматы қаласы есірткімен күресті жан-жақты өткізіп жатқан қала саналады. Еліміздегі ең үлкен қала есірткі сатуды жарнамалаумен күресіп, қылмыс санын азайту әрекеттерін жасауда. Жастар мен қала тұрғындары арасында профилактикалық шаралар ұдайы ұйымдастырылуда.

 

Алматы қаласы есірткімен күрес бойынша авангард қаланың бірі. Оның себебі көп. Қала халық саны бойынша елімізде бірінші орында тұр. Қалада ресми 2 млн 310 мың халық бар. Алайда бейресми қала халқының саны 4 млнға жуықтайды дейді мамандар. Алматы урбанизация бойынша бірінші орында тұр. Студенттер саны бойынша да алдыңға қатарда. Осы және өзге де факторлар түрлі қылмыс түрімен күресуді күшейту керектігін білдіреді.

 

Алматы қаласы географиялық тұрғыдан Қырғызстанға жақын орналасқан. Саясаттанушылар Ауғанстанда өндірілетін есірткінің бір бөлігі Тәжікстан және Қырғызстан аумағы арқылы, Қазақстанға кіріп, артынша Ресей бағыты арқылы Еуропаға өтетінін айтуда. Қылмыскерлер үшін есірткіні тасымалдау үшін Қырғызстанда Бішкек, ал Қазақстанда Алматы қалалары тиімді дейді мамандар. Аталған қалаларда қылмыстық топтар түрлі жасырын тасымалдау жүйелерін құрып, зертханаларда синтетикалық өнімдерді жасап, сату және тасымалдаумен айналысуға тырысады. Есірткі сатушылармен және тасымалдаушылармен Алматы қаласының қылмысқа қарсы органдары күні-түні күресуде.

 

2024 жылдың статистикасына назар аударатын болсақ, Алматы қаласында 700-ден астам есірткіні заңсыз тасымалдау, айналымға енгізу фактісі тіркелген. Алматы полициясы бір тоннадан астам есірткі заттарын анықтап, тәркілеп, көзін жойған. Сондай-ақ, 23 есірткі жасау лабораториялары анықталған. Қазіргі сәтте синтетикалық есірткімен күрес қызу жүруде. Өткен жылы 105 есірткі жасырушы ұсталған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп дейді мамандар. Сонымен бірге, көшеде есірткі сатуды жарнамалайтын түрлі граффитилер анықталып, өшірілген. Олардың саны 12 мыңнан асады. Есірткіні сату және жарнамалау әлеуметтік желі арқылы іске асуда. Қылмыспен күрес органдары интернет ресурстардан 600-ден астам сайт, арна, топты анықтап, бұғаттаған.

 

Есірткінің адам денсаулығына зияны шаш етектен. Есірткі ми нейрондарын бұзады, адам логикалық ойлау қабілетінен, есте сақтау мен зейін қою мүмкіндігінен айырылады. Есірткі ми құрылымын өзгертеді, бұл ұзақ мерзімді психикалық ауытқуларға әкеледі. Кейбір есірткі түрлері жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтеріп, инфаркт немесе инсульт тудыруы мүмкін. Бұл қазіргі сәтте жастар мен орта жастағылар арасындағы ең жиі кездесетін дерттің біріне айналуда. Есірткі қолданған адамның ағзасында улану, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, бауыр мен бүйрек функцияларының әлсіреуі байқалады. Есірткі өзге де ауру түрлерін таратуға сеп болады. Инъекциялық есірткі қолданушылар арасында ВИЧ/СПИД, гепатит С сияқты аса қауіпті аурулардың таралуы өте жоғары.

 

Есірткі адамды еріксіз тұтынуға мәжбүрлейтін, физикалық және психологиялық тәуелділік тудыратын қауіпті зат. Бұл тәуелділік адамды өз отбасынан, достарынан, жұмысынан, қоғамнан алшақтатады. Түрлі қылмыс жасауға итермелейді. Есірткіні табу үшін, сатып алу үшін нашақорлар ұрлық жасайды, алаяқтықпен айналысады, кісі тонайды, адам өлтіреді. Түрлі ауыр қылмыс жасап, өз өмірін құрбандыққа шалады. Есірткінің кесірінен отбасының шырқы бұзылып, берекесі қашады. Ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс артады, ажырасу көбейеді. Балалар толық отбасында өспейтін болады. Есірткі қолданған аналардан кем-тар балалар өмірге көп келетіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

 

Есірткіні бір мәрте пайдалану арқылы да тәуелділікке тап болуға болады. Әлемдегі ең табысты қылмыстық кәсіптің бірі есірткі болғандықтан, қылмыстық топтар оның сан түрін ойлап табуда. Жарнамалаудың түрлі әдістерін іздестіруде. Мақсаттары қаржыны көбірек табу.

 

Алматы қаласының арнайы органдары бұл зауалмен күресуде барын салуда. Оқу орындарында, мектеп пен колледж, университеттерде ұдайы есірткінің зияны жайлы түсіндірме жұмыстар жүргізіледі. Қала көшелерінде есірткіні қолданбау керектігі жайлы көрнекті құралдар қолданылады. Арнайы бейнероликтер түсіріліп, жариялануда. Есірткіге қарсы өзге де шаралар ұйымдастырылып келеді. Мақсат біреу: қала жастарын, қала тұрғындарын есірткіден қорғау. Алматыны есірткісіз шаһарға айналдыру.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар