Министрдің есебі «мінсіз». Ал халықтың тұрмысы неге төмен?

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев есеп-қисабын көтеріп келіп, баяндама жасады. Елдегі экономикалық ахуал туралы баяндады. Қаржының қайда жұмсалып жатқанына тоқталды.

1751012796181255.jpg

(Министрдің суреті: bizmedia.kz сайтынан алынды)

Сонымен, Такиевтің сөздері мен сандеректерін портал оқырмандарына топтап ұсынғанды жөн көрдік.

Такиевтің мәліметтері бүйдейді:

* 2025 жылдың бес айының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6%-ға өскен. Яғни, жыл басынан бері ел экономикасының өсуі 6%-ды құраған;

* Қазақстан экономикасы 2024 жылы тұрақты өсім көрсеткен. Жалпы ішкі өнім 4,8%-ға артқан. Бұған ықпал еткен – мұнай секторы. Ал мұнайдан тыс кірістердің үлесі 2,5 пайыздық тармаққа өскен;

* Ал инфляция деңгейі 8,6%-ға дейін төмендеген. 2024 жылы Қазақстанда инфляция деңгейі 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендеген. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 2,7%-ды құраған. Мемлекеттік борыш 31,8 трлн теңге немесе  жалпы ішкі өнімге 23,7%-ға жеткен;

* Ұлттық қордың активтері $66,2 млрд-қа дейін өскен;

* «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында әр балаға 233 доллардан беріледі деп есептелген. 2 жылда шамамен 7 млн балаға дәл осынша сомадан беріледі деп жоспарланған;

* Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2%-ға орындалған-мыс. 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 19,6 трлн теңге түскен. Қаражаттың түсуінің төмендеуі үшінші елдерден импорттың азаюына және Теңіз кен орнында кеңейту жөніндегі жобаны іске қосудың кейінге қалдырылуына байланысты;

* Қазақстанда салықтар1,4%-ға өскен. Яғни, салық түсімдері 1,4%-ға және жалпы ҚҚС 4,8%-ға өскен;

* Ал көлеңкелі айналымды қысқарту бойынша жұмыстардың нәтижесінде бюджетке қосымша 1,2 трлн теңге түскен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 349 млрд теңгеге немесе 37%-ға артық;

* Бюджет қаржысын игеру кезінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріліп отыр.  2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 23,6 трлн теңгені құраған;

* Балабақшаларда педагогтердің еңбекақысы өскен. Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің жалақысын арттыруға 93,8 млрд теңге бөлінген;

* Мектептерде 1,7 млн-нан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ былтыр елімізде 89 мыңнан астам орындық 789 балабақша ашылған;

* Қазақстанда 2025 жылы шетелдік жоғары оқу орындарының 10 филиалы ашылады деп жоспарланған. Бүгінде шетелдік студенттер саны 30 мың адамға жеткен. Сондай-ақ, өткен жылы студенттердің стипендиясы 2 есеге, ал гранттар саны 7%-ға өскен;

* Қазірге дейін елімізде студенттерге арналған 40 жатақхана пайдалануға берілген. 2025 жылы да 10,5 мың орындық 23 жатақхана салу жоспарланып отыр;

* Қазақстанда 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Әлеуметтік осал санаттағы 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген;

* Өткен жылы 300 мыңнан астам адам газбен, ал 200 мыңнан астам адам орталық сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 2024 жылы 3,5 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланған;

* 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көздерін жаңғырту жүргізілген, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделген. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр генерациясы да енгізілген;

* Өткен жылы елімізде 12 мың шақырым жол жөнделген. Сондай-ақ 1,5 мың шақырым магистральдық теміржол желісін жөндеу жұмыстары аяқталған;

* Транскаспий бағыты бойынша тасымалдау көлемі 62%-ға өскен. Бұл ретте жалпы транзит көлемі 4 есеге, ал Қытай елінен 28 есеге артқан. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежай ларын да үш жаңа терминал пайдалануға берілген;

* Агроөнеркәсіптік кешен 2024 жылы ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың біріне айналып, 13,7% өсуді көрсеткенті. Дәнді дақылдар 26,8 млн тоннаны, ал өнімділік 16,2 ц/га құрап, 12 жылдағы рекорд орынатқан. Агроөнер кәсіп кешенінің 505 субъектісі қаржыландырылып, 3 585 субъектіге кредит берілген. 577 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі сатып алынған. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасына жаңғырту аяқталған. Жерді су үнемдеу технологияларымен қамту 1,5 есеге, яғни 470 мың гектарға дейін өскен;

* 750 млрд теңгеден астам қаражат үш ұлттық жобаны іске асыруға бағытталған. Олар: «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет» жобалары. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 105 мектептің құрылысы аяқталып, 254 мың оқушы орны ашылған. Бұл 22 апатты, 69 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге, сондай-ақ 100-ден астам мектепте орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» 460 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Биыл 195 нысанның құрылысы аяқталып, 32 көпбейінді аудандық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Цифрландыру шеңберінде 2024 жылы 5G желілерімен қамту Республикалық маңызы бар қалаларда 30%-ға және облыстық маңызы бар қалаларда 15%-ға жетті;

* Өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетті тиімсіз пайдалану көлемі 24%-ға азайды.  Жыл қорытындысы бойынша бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 372 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 24%-ға аз. Құрылымды өзгертпестен 12 түзету жүргізілді, есеп беру және бақылау жүргізу күшейтілді.

Тақырыпқа тұздық: Бұл ҚР Қаржы министрі Мәди Такиевтің есебі. Ал Ұлттық статистика бюросы жариялаған (биыл) деректерге көз жүгіртсек, елімізде миллионға жуық қазақстандықтың табысы 52 мың теңгеден аспайды.  ҰСБ дерегінше, халықтың 4,8 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз табыспен өмір сүреді. Ал елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды.

Ал бүгін Мәжіліс кулуарында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі сұраққа жауап беріп: «Келер жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өсуі мүмкін», - деді.

Министрдің есебіне көз салсаңыз, мін жоқ дерсіз. Сонда халықтың тұрмысы неге төмен?

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар