«Әралуандықтағы бірлік» қағидатын жүзеге асыруда Алматыға ерекше жауапкершілік жүктелген. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) Алматы қалалық филиалының сессиясында айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның 34-сессиясында қойған міндеттерін орындаудағы негізгі бағыттарға тоқталды.
(Cуреттер Алматы қаласы әкімдігінен алынды)
«Алматы еліміздің ең ірі қаласы әрі этномәдени өзара ықпалдастықтың тарихи орталығы. Сондықтан бұл міндеттерді іске асыруда қалаға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Қаланың этникалық әртүрлілігі, мәдени және білім беру әлеуетінің жоғары деңгейі ұлттық бірліктің үлгісін одан әрі дамытудың берік негізі. Әрбір алматылық өзін біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі ретінде сезінуі, елімен мақтанып, оның дамуына белсене атсалысуы маңызды», – деді әкім Дархан Сатыбалды.
Шаһар басшысы Алматыда жаңа заманауи әрі көпфункционалды Достық үйін салу туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Қазіргі ғимарат заман талабына сай келмейді және қоғамдық-мәдени әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді.
«Мемлекет басшысы Ассамблеяның 34-сессиясында қоғамдық келісім инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өтті. Достық үйі мәдени өмір мен туризмнің тартылыс орталығына айналуы тиіс. Алматыдағы Достық үйінің қазіргі жағдайы бұл мақсатқа толық сай емес. Сондықтан қазіргі заманға лайық жаңа Достық үйін салу туралы шешім қабылданды», – әкім Дархан Сатыбалды.
Әкімнің тапсырмасы бойынша тиісті басқармалар қысқа мерзімде жаңа нысан үшін ыңғайлы орынды анықтап, тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс.
Сессия барысында мегаполис басшысы Ассамблеяның ақпараттық кеңістіктегі рөліне де ерекше назар аударды. Дархан Сатыбалды этносаралық құрмет, тіл және мәдени әралуандық мәселесінің БАҚ пен әлеуметтік желіде тұрақты түрде жарияланып тұруы қажет екенін айтты.
«Ассамблеяның журналистер клубы республикалық және өңірлік жетекші БАҚ өкілдерінің араласуымен белсенді медиаплатформаға айналуға тиіс. Сондай-ақ этникалық медиадағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы қолдау мүмкіндігі қарастырылады», – деді Алматы әкімі.
Жастар арасында бейбіт диалог мәдениетін нығайту және қақтығыстардың алдын алу мақсатында Достық үйінің базасында этномедиация бойынша оқыту семинарлары басталады. Бұл іс-шаралар Ассамблеяның Медиация кеңесі мен Жастар саясаты басқармасының қатысуымен өтеді.
Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының Алматыда этностардың театр өнері фестивалін өткізу жөніндегі тапсырмасын еске салып, Мәдениет басқармасына бұл бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе әзірлеуді тапсырды.
Қала әкімі әртүрлі этностардың қазақ тіліне деген қызығушылығы артып келе жатқанын жеткізіп, тіл мәселесіне келгенде толеранттылықтың маңызын ерекше айтты. Қалада мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндерге арналған тегін тіл клубтары мен онлайн платформалар жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктерге өкілдерін қазақ тілін үйренуге үндеу ұсынылды. Тілді дамыту және ономастика бөліміне тілге деген құрметтің мәні туралы ақпараттық науқан бастап, этносаралық араздыққа жол берілмейтіні жайлы түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қоғамдық тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалмады. Қала аудандарының әкімдіктеріне этникалық топтар тығыз қоныстанған аумақтарда тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргізіп, Ассамблея құрылымдарымен өзара іс-қимылды нығайту жүктелді.
Сессия соңында Дархан Сатыбалды «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясының маңызын атап өтті. Бұл бастама азаматтық жауапкершілік пен туған қалаға деген сүйіспеншіліктің көрінісі екенін айтып, Ассамблея мүшелерін көгалдандырып, көркейтуге және экологиялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Әкім Президент тапсырмаларын іске асыру жолындағы бірлескен жұмыс Алматыда қоғамдық келісім мен орнықты дамуды нығайта түсетініне сенім білдірді. Ассамблея мүшелерінің барлық сындарлы ұсынысы қаралып, мүмкіндігінше қолдау табатынын жеткізді.
Mezgil.kz