Америкалық әйдік кәсіпкер Илон Маск «Америка» деп аталатын жаңа партия құратынын жария етті.
(Сурет: 24tv.ua)
МАСК: БІЗГЕ ЖАҢА ПАРТИЯ КЕРЕК!
«Біздегі 2 партияға төтеп беретін 1 партия керек дейсіздер ме? Мінкейіңіз! Біз «Америкалықтар партиясын» құрамыз. Бұған себеп еліміздегі бюджетті оңды-сол шашудың шектен шығып бара жатқаны және жемқорлық. Бұл шешімдер елімізді банкроттыққа бастап барады. Біздегі бюджет тапшылығы Байденнің тұсындағы көрсеткіштен асып жығылды. Бүйте берсе еліміз банкрот болады», - деді Маск.
Миллиардер Маск осылайша АҚШ-тағы қос партиялық жүйенің әбден ескіргенін, АҚШ демократиядан адаланып жатқанын айтты.
Масктың сөзінше, партия құру туралы талқыға 1,2 млн адам қатысқан. Соның 65,4 пайызы «АҚШ-қа жаңа партия керек» деп дауыс берген…
ҚОС БІРДЕЙ ЖАҢА ПАРТИЯ: КІМДЕР ПАТИЯ ҚҰРМАҚ?
6 шілде күні АҚШ Федералдық сайлау комиссиясының дерекқорында (FEC) «America Party» деп аталатын партияны тіркеуге өтінім берілген. Өтінімді миллиардер Илон Масктің өзі берген.
«Deutsche Welle» басылымының жазуынша: Өтінім құжаттарында партияны тіркеуші үміткер ретінде Илон Масктың өзі, қазынашы ретінде «Tesla-ның» бас қаржы директоры Вайбхав Танежа көрсетілген.
Сонымен қатар, «FEC» дерекқорында тағы бір өтінім пайда болған. Ол – «Х» деп аталатын партия құру туралы өтінім. Алайда бұл өтінімнің иесі белгісіз.
ТРАМП: МАСК АҚЫЛЫНАН АДАСТЫ...
Бұл қос партияны тіркей-тіркеумей жайлы АҚШ билігі әзірге пікір білдірген жоқ. Десе де, Масктың жаңа партия құру туралы бастамасына осыған дейін АҚШ президенті Трамп пікір білдіріп: «Ақылынан адасып бара жатқан Маскке қарап, менің көңілім түседі», - деп қысқа қайырған.
МАСК ПЕН ТРАМПТЫҢ ТЕКЕТІРЕСІ
Әлгінде АҚШ-тың Өкілдер палатасы Трамптың «One Big Beautiful Bill» деп аталатын салықтар мен мемлекеттік шығындар туралы заңын мақұлдаған. Дәл осы заң жобасы Трамп пен Масктың арасын бұзған. Tesla қожайыны бұл заңды қатты сынаған.
Трамптың қайтадан президент болуына көп шабылған Маск еді. Артынша Трамп Маскті Ақ үйге кіргізіп, дәудей қызмет, лауазым ұстатты. Содан Маск іске мықтап кірісіп, бірсыпыра қатал һәм батыл шешімдер қабылдады. Содан тіпті, Масктың аты әйдіктеле түсті, БАҚ-та Мастың есім-сойы Трамптан көп атала бастағаны да өтірік емес.
Осыған дейін біз «Трамп – мақтаусүйгіш» деп жазған едік. «Молда сөзін азаншы растайды» дегендей, сол сөзімізді әлгінде германның экс-канцлері Меркел ханым да растап бүйдеген: «Трамп - мақтаншақтау адам, әрдайым өзіне назар аудартқысы келеді. Бірде Ақ үйдегі ресми қабылдаудан соң БАҚ алдына бірге шыққанымызда, ол демонстрациялап тұрып менің қолымды алмай қойды. Сонда жұрттың бәрі оған назар аударды. «Трамп Меркелдің қолын алмай қойды», - деп шулады әлемдік ақпарат. Кейін жабық бөлмеге кірген соң ол маған: «Кешір, жаңа қолыңызды алмаппын», - деп қолымды алды. Ол сондай адам. Осындай да жолдармен өзіне назар бұрғызатын адам», - деп еді Меркел.
Мұны неге айтты дейсіздер ғой: Манағы Масктің аты Трамптан көп аталып, Масктың медиадағы салмағы арта түскені Трампқа жақпаған болуы да мүмкін. Сөйтіп, азды-кем айтыс-тартыстан соң, Трамп Маскті Ақ үйден «қуып шыққан». (Әлбетте Маск пен Трамптың арасының күрт суығанының басқа да саяси һәм экономикалық себептері жоқ емес. Десе де бұл сондай көп долбардың бірі).
Екеудің тартысы осыдан соң өрши түсті. Маск Трамп пен оның командасының шешімдерін қатал сынай бастады. Тіпті, бір жолы Трампты «педофилдік қылмысқа қатысы бар» деп айыптады.
Ал Трамп Масктың бірнеше елдің паспортына ие екенін еске салып, елден қуатынын айтып сес көрсетті. Осылайша, Трамп пен Масктың достығы - қазақтың «сауда сақал сипағанша» деген сөзінің керін келтіріп тұр.
ӘЛЕМДІК БАҚ МАСКТЫҢ ЖАҢА ПАРТИЯСЫ ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
«Politico» басылымы: «Трамп басқа саяси партия құру мәселесінде Маскпен мүлде келіспейді. Ақ үй басшысы Масктың «рельстен шығып кеткенін» көргенде қайғыратынын айтты», - деп жазады.
«Time» басылымы: «Республикалық партияның елдегі ең ірі доноры Маск «үлкен, әдемі заң жобасына» қолдау көрсетіп, дауыс берген кез келген республикашылдарға қарсы үгіт жүргізгісі келетін сияқты», - деп жазады.
«Axios» басылымы: «АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бесент те бұл жаңалыққа түсініктеме беріп, әлеуметтік сауалнамаларда миллиардердің танымал еместігін атап өтті», - деп жазады.
Mezgil.kz