Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметі сервистік қызмет көрсету жүйесіне көшкен болатын.

(Сурет: Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі)
Бұл өз кезегінде қылмыстың алдын алумен қатар, халық пен полиция арасында байланыс орнатуға бағытталған жоба. Бүгінде республика бойынша Астана, Алматы қалаларында полицияның қызмет көрсету пункттері жұмыс істеп тұр. Жоба аясында ірі мегаполистер қамтылып, сервистік орталықтар қала тұрғындары үшін қызмет көрсетуде.
Mezgil.kz тілшісі Алматы қаласындағы сервистік орталықтың жұмысы жайында Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбекпен сұхбаттасты.
Жобаның мақсаты – қоғаммен тығыз байланыс орнату, қылмыстың алдын алу, қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау, сонымен қатар тұрғындардың сұранысына сай жедел әрекет ету. Сервистік орталықтарда азаматтарымыз көші-қон, құжаттық мәселелер мен отбасындағы тұрмыстық зорлық- зомбылық әрі консультативтік кеңес ала алады.
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, орталықтар – қала тұрғындары мен полиция арасында тығыз байланыс орнатуға, жедел әрекет етуге бағытталған.
«Қаламыздағы сервистік орталықтар ең алдымен қылмыспен күресуге, оны дер кезінде анықтауға әрі алдын алу үшін жедел қызмет көрсетеді. Біз үшін ең маңыздысы қоғамдық тәртіптің сақталуы. Сұранысқа бағдарланған полиция қызметін дамыту, терроризмге қарсы тәуекелдерді азайту. Қазір жазғы демалыс мерзімі. Осы бағытта жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, түнгі уақыттарда ата-ананың қарауынсыз жүрген балаларды бақылау сынды жұмыстар күшейтілген режімде жүргізіледі. Полицияның сервистік орталықтары 09:00-ден 20:00-ге дейін. Ал сағат 20-00-ден 23-00-ге дейін әр аудандағы учаскелік полиция инспекторлары азаматтарды қабылдайды», — деді Салтанат Әзірбек.
Полицияның сервистік орталығында: қабылдау бөлімі, кітапхана, күту орны, азаматтардың өзіне өзі қызмет көрсету аймағы, кеңес беру бөлмелері мен қамтылған. Сонымен қатар орталыққа келген әр азамат көші қон мәселесі бойынша, шетелден келген азаматтар тіркеуге тұру сынды мәселерге қатысты туындаған сұрақтарына жауап ала алады. Жыл сайын көші қон мәселесіне байланысты 159 мыңнан астам шетелдік азамат көмекке жүгінеді екен. Қала тұрғындары көбінесе лицензиялау жүйесі арқылы көлік құралдарын қайта тіркеу, әкімшілік айыппұлдарды және автокөлікке қойылған шектеулерді тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша жыл сайын 80 мыңнан астам адам полицияның қызметіне жүгінеді. Ал қаламыздағы әр аудандық бөлімшелерге күніне орта есеппен 30-40 адам әр түрлі себептермен келеді.
«Біз алдағы уақытта сервистік орталықтың қызметіне 170-200-ге жуық азаматтар жүгінеді деп болжап отырмыз. Осы ретте тергеу бөлімшелерінің мамандары әр келушіге құқықтық кеңес беріп қана қоймай, заңнамалық нормаларды да түсіндіретін болады. Көбінесе орталыққа тұрмыстық зорлық- зомбылыққа ұшыраған қыз келіншектеріміз көмек сұрап келеді. Олармен арнайы психолог мамандарымыз жұмыс істейді. Сервистік орталықтар әр ауданымызда жемісті жұмыс нәтижесін көрсетуде. Қазір тұрғында полиция қызметіне сеніммен қарайды. Біз қоғам мен тығыз байланыс орнатқан сайын, қылмыс тың пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бірігіп әрекет етеміз. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарымызда», - дейді Салтанат Әзірбек.
Сервистік орталықтарда сапалы қызмет ұсыну үшін уәкілетті құзыретті қызметкерлер, атап айтсақ: полицияның жедел уәкілдері, аудандық учаскелік инспекторлар, медиаторлар, психологтар тұрғындар сұранысына сай қызмет көрсетеді.
Полицияға арыз шағым түсірген азаматтар дерекқордан өтінішінің қаралу барысын тексере алады. Сонымен қатар қала бойынша орнатылған бейнежазбаларды, уақыты мен орналасқан жері бойынша деректерге де сұраныс жібере алады. Қазір Полицияның сервистік орталықтары заманауи технологиялармен, мемлекеттік органдармен біріктірілген біріңғай мәліметтер базасымен жабдықталған.
«Полицияның қызмет көрсету орталықтарын» дамыту арқылы қылмыстың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде ретке келтіру көзделіп отыр.
Mezgil.kz