Бүгінде тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде интернет алаяқтық өршіп тұр.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Технология қарыштап дамыған сайын аляқтықтың да сан түрі күннен күнге пайда болуда. Құзырлы органдар дабыл қағып, алдын алу жұмыстарын жүргізгенімен, әккілердің арбауына түсіп қалатындар әлі де бар. Биыл ІІМ мәліметіне сүйесек, үш айда елімізде алаяқтық фактісі бойынша 11600 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның ішіндегі 5000-ге жуығы интернет алаяқтық екен.
Биылғы үш айда еліміздің азаматтары интернет алаяқтарға 6 млрд теңге беріпті. Бүгінде республикамыз бойынша алаяқтықтың алдын алуға арналған жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста интернет алаяқтықтың алдын алуға арналған жұмыстар қарқынды өтуде. Ең алдымен тұрғындарға интернет алаяқтықтан сақтану жолы көрсетілген үнқағаздар таратылыпты. Полиция мамандары тұрғындарға интернет алаяқтықтан сақ болуды ескертіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Интернет алаяқтықтың қандай түрі танымал, алаяқтықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?. Қылмыстың бұл түрінің алдын алуға қандай жұмыстар атқарылуда?
Mezgil.kz тілшісі интернет алаяқтыққа қатысты тиісті мамандармен сұхбаттасып, пікірлерін жазып алды.
ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ ЖАС ТАЛАҒАМАЙДЫ, АЙЛАСЫ БАСЫМ
Бақыт Жарқынбеков, Алматы облысы ПД өкілі:
– Алаяқтықтықтың сан түрі бар. Оған үлкені де, жасы да алданып қалып жатыр. Әсіресе егде тартқан адамдар алаяқтың құрбанына тез айналады. Өйткені, үлкен кісілер сенгіш келеді. Бізге арыз шағыммен зейнеткерлер көп келеді. Жарнамасы жер жарып, әжімді кетіріп сұлу қылып жіберетін косметикаға алданып, несиеге қалай тауар рәсімдеп жібергенін білмей қалатын қыз-келішектеріміз де бар. Олар тауарды сатып алдық деп ойлап, алаяқтар ұсынған келісімшарттарға қол қояды. Соңында ол тауардың несиеге берілгенін біліп, арыз түсіреді. Бұл жерде гипноз қолданылуы да мүмкін. Өйткені көбісі қалай құжатқа тез қол қойып жібергендерін түсіндіре алмайды. Бұл бір ғана мысал. Қазір банк немесе құқық қорғау қызметкерімін, шотыңызды бұғаттап ақшаңызды алғысы келеді, қорғап қалу үшін пин код ауыстырылу керек, код айтыңыз деп банк қосымшасынан ақша сыпырып алатындар да көбейді. Осы сынды мысалдар көп. Қазір елімізде кибер қылмысқа қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Құқық қорғау органдары барынша қызмет етуде. Заңгер ретінде кеңесім, кез келген жарнамаға, күмәнді әрекеттерге сене беруге болмайды. Көбінесе алақтың арбауына елу жастан асан адамдар жиі түседі. Қазір түрлі қосымшалар арқылы тауарды жарнамалап, алдан ала төлем алып алады. Тауардың жеткізілетін уақыты келгенде, байланыс нөмір өшіріледі. Ғаламтор дамыған сайын алаяқтық та дамып барады. Бірі анықталса, тағы екінші түрі шығады. Ресми мәліметтерге сүйенсек оларды анықтау қиын, өйткені олар ортадағы делдалдың «дроппердің» шотын қолданады. Олардың шоты арқылы қаржы шетелге аударылады. Шиеленісті шешу үшін уақыт пен біраз күш жұмсалады. Қазір құқық қорғау органдары тарапынан алаяқтықтың алдын алуға арналған бейнероликтер, алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде.
ЖЫЛТЫРАҚҚА АЛДАНБАҢЫЗДАР!
Назира Бұрханова, психолог:
– Тез алданатын, сыни ойлау деңгейі төмен болып келетін адамдардың психологияда оз орны бар. Оларды сыни ойлауы төмен деңгейге жатқызамыз. Психологияда адамдар үш позицияға бөлінеді. Олар: бала, ересек адам және ата - ана. Себебі жылтыраққа тез алданып, сенгіш келетіндерді бала позициясына жатқызамыз. Неге десеңізер олар әлемде қиял ғажайыптың барына әлі де сенеді. Сондықтан бала сияқты аңғал күймен алаяқтың арбауына тез түседі. Соңғы кезде әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған «квантовый скачок» дегенді көрген шығарсыздар. Ал психологияда ондай ұғым атымен жоқ. Бұл скачок арқылы тез баюға болады, көп ақшаның келуіне өзіңе рұқсат бер деп арбайтындар бар. Ал қарапайым адамдар бұның жай ғана маркетингтік қадам екенін түсінбейді. Сондықтан бала позициясындағы адамдар тез алдана береді. Менің ойымша қазір адамдар алаяқтықтан сақтана бастады. Дер кезінде жүргізлген ақпаратттық түсіндіру жұмыстарының арқасында қазір барлық іске күмәнмен қарап, мамандардан кеңес алатын адамдар көбейді. Бұл да «сақтансаң, сақтаймын» дегенді білдіреді. Сондықан алаяқтың құрбан болмау үшін барынша сақ болуға шақырамын.
Mezgil.kz