Бүгінгі таңда кез келген мемлекеттің іргетасы – Азаматтық қоғам. Ол – халықтың билікпен ашық диалог орнатуына, қоғамдық мәселелерге тікелей араласуына, мемлекеттің шешімдеріне ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды жүйе. Азаматтық қоғам – бұл тек үкіметтік емес ұйымдар немесе белсенді топтар ғана емес, бұл – әрбір саналы азаматтың өз қоғамына деген жауапкершілігі мен белсенді ұстанымының көрінісі.

(Сурет qualityvista.in сайтынан алынды)
Елімізде азаматтық қоғам даму үстінде. Оны түрлі дағдарсы сәттерінде анық байқауға болады. 2024 жылы болған су тасқынында азаматтар, еріктілер ұйымдары, қарапайым тұрғындар мен билік өкілдері бірлесе жұмыс істеп, апаттың зардабын жоюда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Бұл азаматтық қоғамның айқын көрінісі еді.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері азаматтық қоғамды дамыту бағытында түрлі қадамдар жасап келеді. Бүгінгі таңда елімізде мыңдаған жалындаған жастан құралған үкіметтік емес ұйымдар, бастамашыл топтар, еріктілер қозғалысы сынды азаматтық қоғам өкілдері жұмыс істейді. Олар экология, білім беру, денсаулық сақтау, адам құқықтары, гендерлік теңдік, жастар саясаты сияқты маңызды салаларда белсенділік танытып келеді.
Елімізде 24 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Тәуелсіздікті алған сәтте аталған ұйымдар саны 100-ге жетпеді. Кеңестік билік тұсында ұйымдарды құруға рұқсат етілмеді. Ал қазір демократияны дамыту принциптеріне сәйкес ҮЕҰ-дар саны артуда. 2020 жылы, 27-тамызда президенттің «Азаматтық қоғамды дамыту» концепциясы қабылданды. Бұл концепция ҮЕҰ-дардың дамуына да үлес қосуда.
Азаматтық қоғамның басты функциясы – халық пен билік арасындағы көпір болуында. Ол халықтың үні естілетін, пікірі ескерілетін, ұсынысы қабылданатын ашық алаң қалыптастырады. Бұл әсіресе жергілікті басқару жүйесінде маңызды рөл атқарады. Қоғамдық кеңестер, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары, қоғамдық тыңдаулар – барлығы да азаматтық қоғамды нығайтатын құралдар десек болады.
Бүгінде өңір халқы өз өміріне, өз ортасына бей-жай қарамайтын көзқарасты қалыптастырды. Олар өз көшесінің, мектебінің, ауруханасының мәселесін шешуге атсалысқысы келеді. Бұл тұста азаматтық қоғам институттары – ҮЕҰ, БАҚ, блогерлер де іске кірісіп, мәселенің оң шешім табуына үлес қосады.
Азаматтық қоғам – бұл тек наразылық білдіру немесе сын айту алаңы емес. Бұл – шешім ұсыну, диалог құру, жауапкершілікті бөлісу алаңы. Осы тұста мемлекеттің де міндеті айқын: азаматтық бастамаларға ашық болу, оларды қолдау, қаржылай және құқықтық жағдай жасау.
Қазіргі таңда Қазақстанда «Ашық үкімет», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымдары нақты іске асып, азаматтық қоғаммен серіктестік нығайып келеді. Цифрлық технологиялар да бұл үдерісті жеделдетіп отыр. Egov порталы, e-otinish жүйесі, онлайн петициялар – бұның бәрі азаматтардың қатысу мүмкіндігін арттыруда. Азаматтық қоғамның дамуына үлес қосуда.
Азаматтық қоғамның нағыз қуаты – оның адами капиталы. Яғни белсенді, білімді, бей-жай қарамайтын азаматтарсыз ешқандай жүйе жұмыс істемейді. Сондықтан азаматтық білім беру, құқықтық сауаттылық, еріктілер қозғалысын қолдау – болашақтың кепілі.
Азаматтық қоғам – бұл тек институттар жиынтығы емес, бұл – халықтың дауысы, елдің жүрегі. Оның дамуы – мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің алғышарты. Әрбір азамат қоғамдағы өзгерістердің қатысушысы екенін түсінгенде ғана, біз шын мәнінде әділетті, ашық және серпінді қоғам құра аламыз. Бүгінгі әрекеттер осы бағытта іск асуда.
Mezgil.kz