Агроөнеркәсіптік кешен бұл қарапайым ауыл шаруашылығы емес, бұл кез келген мемлекеттің экономикасының стратегиялық маңызды саласы. Экономикалық тұрақсыздық пен қымбатшылық орнаған заманда Қазақстанның агро саласы қарқынды дамып келеді деп нақты айта аламыз. Бұған бірден-бір себеп, ол 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті -кешенді дамытуға арналған ұлттық жобаның оң нәтижелері.

(Сурет mail.kz сайтынан алынды)
Агроөнеркәсіп бұл тек экономикалық маңызды сектор емес, бұл – ауыл өмірі, ауыл мәдениеті мен дәстүрлі еңбек түрі. Ауыл – ұлттың тамыры. Сондықтан агроөнеркәсіпті кешенді дамыту жобасы арқылы біз тұтас бір қоғамның әл-ауқатының өсуі мен экономикалық қауіпсіздіктің нығаюына баса назар қоямыз.
Осы бағытты қолдауда мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасын орындау жауапкершілігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асуда.
Бүгінде, дәл осы жоба қатысушылары тұтас бір ауылды жұмыспен, азық-түлікпен қамтып отыр. Сонымен қоса бұл Қазақстанның жаһандық рейтингтерде алғашқы ондықта өз орнын иеленуге өз көмегін тигізуде. Сондай нақты фактінің бірі, Қазақстан бидай өндіру бойынша жаһандық рейтингте 9-орынды иеленіп отыр. 2024 жылы Қазақстан бидай және өзге дақыл түрлерін рекордтық деңгейде экспорттады. Біз көршілес Орталық Азия елдері мен алыс Еуропа мемлекеттеріне келісім аясында өз өнімдерімізді жеткіздік. Қазақстанның сапалы астығы мен кәсіби жұмысы сатып алушылар тарапынан жоғары бағалануда.
Сонымен қатар, азық-түлік дағдарысы белең алып келе жатқан уақытта еліміз әлемнің 90-ға жуық еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Әсіресе, бидай, ет, өсімдік майы, майлы дақылдар жоғары сұранысқа ие. Мысалы, бидай өнімі бойынша 2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстан көршілес Қытай еліне 324,8 мың тонна, Италияға 186,3 мың тонна және Ауғанстан еліне 59,7 мың тонна экспорттады. Бұл көрсеткіш 2025 жылы арта түсті. Осылайша еліміз ауыл шаруашылығын экономиканың басты тетіктерінің біріне айналдыруда.
Бұның бәрі, бүгінгі таңда елімізде аталмыш саланы дамыту бағыты жаңа сапалық деңгейге көтерілгендігінің көрінісі. Ұлттық жобаны іске қосу арқылы мемлекеттің фермерлер мен диқандарды қолдауы, техника мен технологияны жаңартуы, кооперация жүйесін дамыту деңгейі артты.
Алайда, жетістіктермен қатар, шешімін таппаған мәселелер де бар. Мысалы, су ресурстарының тапшылығы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, өнімді өткізудегі нарықтық шектеулер – отандық агро шаруашылықты тежеуші факторлар саналады. Оның үстіне жас мамандардың тапшылығы да байқалады. Бүгінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің орташа жасы 50-де. Демек, ауыл шаруашылығына жастарды тарту, оларға жаңа тиімділікті көрсету маңызды. Жастардың ауыл шаруашылығымен айналысып, кәсіп дөңгелетуіне қатысты түрлі мемлекеттік бағдарлама ашылуда. Ендігі таңда сол бағдарламаларды барынша насихаттау да маңызды болып отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жаңа мамандықтар қосылуда. Бұл ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты мамамдықтар саналады.
Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту – стратегиялық маңызды қадам. Бұл салаға инвестиция салу, білім мен ғылымды енгізу, жастардың осы салаға қызығушылығын арттыру – ел болашағына салынған маңызды инвестиция болмақ. Әлемдегі алмағайып кезең күшейген сәтте, Қазақстан ауыл шаруашлығын экономиканың бір драйвері етуі тиіс.
Mezgil.kz