Қазақстан – ұлан-байтақ жері бар, ауыл шаруашылығына бейім ел. Жеріміздің басым бөлігі – егін егіп, мал өсіруге таптырмас байлық cаналады. Бұл игілікті тиімді пайдалану аса маңызды. Ауыл шаруашлығына қолайлы аймақтарды барынша пайдаланып, ел экономикасын өсіру және ауылдағы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру маңызды.

(Сурет direct.farm сайтынан алынды)
Ауыл шаруашылығы дегенде көбіміздің көз алдымызға бидай өсіріп жүрген шаруа немесе сиырын өріске айдап бара жатқан малшы елестейді. Бірақ қазіргі агроөнеркәсіп – бұл жай ғана егін мен мал емес. Бұл – тұқымнан бастап, дайын өнімнің сөреге жеткенге дейінгі жолы. Бұл жолда мыңдаған адам еңбек етеді: тракторшы, агроном, сүт тасушы, қойма меңгерушісі, экспедитор және басқа. Бұның бәрі бір тізбектің бөлігі саналады. Себебі ауыл шаруашылығы тек қана сүт пен етті, бидай мен күнбағысты шығаратын сала емес, бұл экономиканың бір маңызды бөлігі де.
2025 жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 триллион теңгеге жетіпті дейді статистика. Бұл тиімді бағдарламалар, жаңа технологияның арқасы. Жаңа шешімдердің негізінде өнімділік те артуда. Ауылдағы суару жүйелеріне өзгерістер енгізілуде. Жаңа суару технологиялары өнімді көбірек алуға сеп болуда және суды үнемдеуге көмектесуде.
Бүгінде еліміздің 7,5 млн халқы ауылдық аймақтарда тұрады. Бұл кей елдің халқынан көп көрсеткіш саналады. Мысалы Балтық елдерінің үшеуін қоса алғанда 6 млн адамды құрайды. Мемлекеттің алдында ауылдағы халыққа ауыл шаруашлығымен айналысуға жағдай жасау және ауыл шаруашылығын экономиканың басты рычагы ету міндеті тұр. Ауылда мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, еңбек етіп жатқан диқандар, шаруалар, малшылар жетерлік.

(Сурет canberratimes.com сайтынан алынды)
Бұл мәселе бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының тұрғыны, тәжірибелі диқан, фермер Бейбіт Тұрғановпен сөйлесіп көрдік.
– Бейбіт аға, егіншілікті қашан бастадыңыз?
– Жасым 50-ге жақындады. Шаруаға бала күнімнен араластым. Әкемнен қалған 15 гектар жерді игеріп, сонымен жан бағып келеміз. Алғашында тек бидай ексек, қазір қызанақ, қияр, алмаға дейін өсіреміз. Жылда бір жаңалық жасап көреміз.
– Қиындықсыз тіршілік болмайды ғой…
– Әрине. Басты мәселе – техника. Біздің трактор өткен ғасырдан қалған. Бұзыла береді, қосалқы бөлшек табу да қиын. Қаржылай қолдау бар дейді. Лизинг бойынша техника алуды қарастырып жатырмыз. Жақында жаңа техникаға қол жеткіземіз деп үміттеніп отырмын. Техниканы жаңартсақ дұрыс болар еді. Өнім де артып, жұмысымыз да жемісті бола түсер еді.
– Ал тұқымды қайдан аласыздар?
– Қазір сапалы тұқым табу қиын. Иа, түр-түрі интернетте толып тұр. Алайда оны өзің егіп көру маңызды. Сол үшін сенімді жеткізушілерден аламыз. Ауа райы өзгеріп жатыр ғой. Барлығы да тұқымға байланысты. Сапасыз болса, өнім де аз болады. Ауа райына қарай суару керек, кейде үсік жүрген сәтте бау-бақша өнімдерін жауып қоямыз. Ол да тұқымның сапасына байланысты. Мәселе көп.
– Үкіметтен нақты қандай көмек көріп жатырсыз?
– Соңғы екі жылда тамшылатып суару жүйесіне субсидия алдық. Соның арқасында өнім екі есеге көбейді. Бірақ ол жүйеге жету үшін талай есік тоздыру керек. Ауылдағы адамның уақыты мен жүйкесі оған жете бермейді. Дегенмен нақты ізденсеңіз, алуға болады. Бізде су жағынан мәселе бар. Диқандар көп, су тапшы. Сол үшін бұл өте қажет технология.
– Еңбектің қайтарымы бар ма?
– Еңбек ешқашан далада қалмайды. Биыл, шүкір, өнім жақсы болды. Бірақ табыстың тең жартысы техникаға, жанармайға, жұмысшыға кетеді. Қалғанын несие жауып кетеді. Бірақ үйреніп кеттік қой. Қозғалмай қалсақ, бәрі тоқтайды. Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ғой. Ерінбей еңбек ету керек.
Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға мүдделі. Азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықты отандық өніммен қамту – стратегиялық міндет. Осыған орай, «Ауыл аманаты», «Агроөнеркәсіпті қолдау бағдарламасы» сияқты бастамалар қолға алынды. Бұл бағдарламалар тиімді жұмыс істеп, ауылдағы шаруалардың жағдайын жақсартуға бағытталуда.
Ауылдағы ұсақ шаруаларды біріктіру – кооперациялау – әлі де ақсаңдап тұр. Әркім өз бетінше тірлік қылып, нарықпен жалғыз күреседі. Ал бірігіп жұмыс істесе, техникаға ортақтасып, өнімді бірге өткізу әлдеқайда тиімді болар еді дейді сарапшылар. Дегенмен бұл тұста «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» дейтін түсінік те бар екенін айтуымыз керек.
Ауылдың болашағы – жастар. Жастарды ауылда ұстап қалу, оларға жоғары жалақы, тиімді ұсыныстарды көрсету маңызды. Қабылданған бағдарламаларға жастарды тарту қажет. Ақпараттандыруды арттыру маңыздылығы әлі де өзекті болып тұр.
Агроөнеркәсіп – тек жер қазу мен шөп шабу емес. Бұл – ел экономикасының күретамыры. Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатын елге айналуы үшін ең алдымен ауылдағы қарапайым еңбек адамына жағдай жасалуы қажет. Мемлекет дәл осы міндеттерді шешу жолында әрекет етуде. Тиімді бағдарламаларды қабылдауда.
Mezgil.kz