Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің елдігін айқындайтын құндылық. Біз Елтаңба, Ту, Әнұран арқылы дербес мемлекет екенімізді көрсете аламыз.

(Сурет: egemen.kz)
Төрткүл дүниенің төрінде көк Туымыз тік шалқып, Елтаңбамыз төрден орын алып, Әнұранымыз мемлекеттің символы, бірліктің алтын тұғыры саналғалы қашан. Жыл сайын еліміз 4 маусымда мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеді. Осы ретте Мezgil.kz тілшісі Алматы тұрғындарынан мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге қатысты пікірін сұрап білді.
Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауымыз керек!

Алмагүл Асанова, зейнеткер:
– Әр мемлекеттік өзінің рәміздері бар. Сол сияқты біздің елліміз де тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің мемлекеттік рәміздерін бекітті. Мен еліміздің рәміздерін мақтан тұтамын. Біздің Елтаңба, Ту мен Әнұран ерекше. Мемлекеттік рәміздеріміздің авторлары қазақ елінің тарихына, еркіндігіне, қырандай қайсар мінезіне ерекше мән берген. Жыл сайын маусым айында Мемлекеттік рәміздер күні аталынып өтеді. Менің ойымша, еліміздегі әрбір тұрғын мемлекеттік рәміздерге үлкен құрметпен қарауы керек. Әсіресе біздер артымыздан ерген болашақ жастарға елдігіміз бен егемендігіміздің белгісі рәміздеріміз екенін үнемі айтып, жастар санасына сіңіруді ұмытпауымыз керек.
Рәміздеріміз - елдігіміздің бейнесі!

Дархан Бәйсейітов, мұғалім:
– Қазақстан шекарасы шегенделген тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Мемлекетімізді өзге елдерден ерекшелендіріп тұратын төл рәміздеріміз бар. Ал рәміздер - еліміздің төлқұжаты. Біз осы рәміздер арқылы өзіміздің кім екенімізді көрсете аламыз. Бұл рәміздеріміз тек көркем бейне ретінде ғана қалыптаспауы керек. Қазақстанда тұратын әрбір азамат өз елінің рәміздеріне деген құрметті арттыруы керек. Ол үшін балабақшадан бастап, университетке дейін жастарымызға мемлекеттік рәміздеріміздің мәні мен мағынасы, символикасы жіті түсіндірілуі тиіс. Әр адам рәміздерімізге құрметпен қарап, оның ерекшелігіне аса мән беруі тиіс. Біз өз кезегінде ұстаз ретінде әр оқушыға рәміздеріміздің ерекшелігін барынша дәріптейміз. Ең басты мақсатымыз ұрпағымыздың париот болып қалыптасуына мектеп қабырғасынан ықпал ету. Ел ертеңі жастарымыздың қолында. Ал өзінің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарап өскен ұрпақтың, болашақта берері мол.
Рәміздеріміз арқылы әлем таниды...

Ерзат Асыл, журналист:
– Мемлекеттік рәміздер дегенімізде ең алдымен Елтаңбамыз, Көк туымыз бен Әнұранымыз бірден көз алдымызға оралады. Өздеріңіз білесіздер, рәміздер деген әр мемлекеттің ерекшелігін, қасиетін айқындап тұратын таңба. Елтаңбасы арқылы сол елдің тамырын, болашаққа деген ұмтылысын, дәстүрі мен мақсатын айқын көресің. Сол сияқты біздің де рәміздеріміз қазақ ұлтының ерекшелігіне, сеніміне, пайымына қарай құрастырылған. Әрине мемлекеттік рәміздеріміздің мәні мен мағынасын әрбір азаматыз біледі деп сеніммен айта аламын. Рәміздеріміз арқылы бізді әлем танып отыр. Әсіресе спортшыларымыз әлемдік олимпиадаларда алтыннан алқа тағынғанда әнұранымыз шырқалып, көк туымыз көкке көтеріледі. Қазақстан деген алтын ұямыз әлемге танылды. Сондықтан рәміздеріміздің қадір қасиетін ұлықтай білейік.
Mezgil.kz