Қазақстан Президентінің Түркияға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге серпін бермек. Бұл сапар аясында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық беріліп отыр. Осы орайда, біз Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшы-менеджері Олжас Төремұратовпен сұхбаттасып, сапардың мән-маңызы мен ықтимал нәтижелерін талқыладық.

(Сурет:https://t.me/aqorda_resmi)
– Қазақстан Президенті Түркияға ресми сапармен барды. Бұл сапар екіжақты стратегиялық серіктестікке қандай жаңа серпін беруі мүмкін?
– Қазақстан Президентінің Түркияға ресми сапары екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне өтуіне нақты алғышарттар жасауы мүмкін. Сапар бірнеше бағыт бойынша серпін береді. Ең алдымен, инвестициялар мен сауда көлемін арттыру – басым міндеттердің бірі екені сөзсіз. Түрік бизнесі үшін Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды нарық, әрі логистикалық хаб болып отыр. Сапар барысында нақты жобалар мен салалық ынтымақтастық (энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, өңдеу өнеркәсібі) талқылануы ықтимал.
Айта кету керек, Түркия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік экономикалық саламен шектелмейді. Ол мәдени, гуманитарлық бағытта да қалыптасқан.
– Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Тоқаевты әуежайдан өзі қарсы алуы – бұл дипломатиялық тұрғыда қандай белгі?
– Түркия Президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан жеке өзі қарсы алуы дипломатиялық протокол шеңберінен тыс, ерекше ілтипатты білдіреді. Қалыптасқан дипломатиялық практикада мемлекет басшысын әуежайда жеке қарсы алу – әдетте тек ерекше маңызға ие сапарлар кезінде жасалатын шара. Бұл, ең алдымен, қонақ елге деген құрметтің жоғары деңгейін, сондай-ақ қарым-қатынастың стратегиялық сипатын айқындайды.
Саяси тұрғыдан алғанда, мұндай символдық әрекеттер ішкі және сыртқы аудиторияға арналған месседж ретінде де қарастырылады. Бұл жағдайда Түркия Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді және басым серіктес ретінде көрсетіп отыр.

– Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Түркия тандемінің Орталық Азиядағы рөлі қандай?
– Қазақстан мен Түркия арасындағы серіктестік бүгінде прагматикалық және теңгерімді сипатқа ие. Геосаяси өзгерістер жағдайында бұл қатынас нақты мазмұнмен толығып келеді. Екі ел Транскаспий бағытын дамыту арқылы Еуразия кеңістігіндегі балама көлік дәлізін қалыптастыруға мүдделі. Түрік капиталы Қазақстанда өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және фармацевтика салаларында белсенді жұмыс істеуде. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Астана мен Анкара бастамашы рөл атқарып отыр. Қауіпсіздік саласында да үйлесімді әрекет байқалады. Ауғанстандағы жағдай, шекаралық тұрақтылық және діни экстремизм мәселелері бойынша екі елдің ұстанымдары жақын.
– Түркі әлеміндегі ықпалды елдердің бірі ретінде Түркия Қазақстанмен байланысты қай бағыттарда тереңдете алады?
–– Түркия түркі әлеміндегі ықпалды ойыншы ретінде Қазақстанмен байланысын бірнеше нақты бағытта тереңдете алады. Бірінші кезекте – көлік және логистика саласы. Мәселен, Орта дәліздің дамуы екі ел үшін де стратегиялық маңызға ие, сондықтан транзиттік инфрақұрылымды біріктіру, кедендік рәсімдерді жеңілдету басты назарда қала береді.
Екіншіден, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту әлеуеті бар. Түрік бизнесі Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібіне, құрылыс материалдарына, жеңіл өнеркәсіп пен агротехникалық кластерлерге қызығушылық танытып отыр. Бұл бағытта бірлескен кәсіпорындар мен арнайы экономикалық аймақтар маңызды рөл атқара алады.
Үшінші бағыт – білім мен мәдениет саласы. Түрік стипендиялары, академиялық бағдарламалар, қос дипломды білім беру және мәдени орталықтар арқылы байланыс тереңдей түседі. Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен инновация саласында да әріптестікті нығайтуға мүмкіндік бар.
Жалпы алғанда, Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық түркі интеграциясы, көпсалалы байланыстар мен ортақ өркениеттік мұраттар негізінде берік қаланып келеді. Өзара сенім мен мүдде тоғысында дамып келе жатқан екіжақты қатынас алдағы жылдары да көпқырлы сипатқа ие бола бермек.
- Рахмет!
Mezgil.kz