Газадағы гуманитарлық дағдарыс әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. БҰҰ дабыл қағып, ЕО елдері Израиль мен ХАМАС арасындағы ұрысты дереу арада тоқтатуды талап етуде.
БҰҰ-ның World Food Programme бағдарламасы Газада 470 мың адамның аш екенін айтуда. 70 мыңға жуық әйел мен балаға дереу арада дәруменге бай тағамдар мен ем-шаралары қажет дейді. Сарапшылардың айтуынша шілде айында Газадағы аштық өрши түскен. Шілдеде 20 мыңға жуық балаға тамақ жетіспей, оларды босқындар лагерінде емдеу басталған. Қазіргі сәтте 3 мыңға жуық баланың жағдайы ауыр.
Газадағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше аштықтан күніне орта есеппен 11 адам көз жұмуда. «Газа ауқымды аштық алдында тұр. Фактілерді көріп отырмыз. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Газадағы палестиндіктер гуманитарлық апатты бастан өткеруде», - дейді БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Израиль әлемдік қауымдастықтың қысымынан кейін Газада гуманитарлық мақсатта ұрыс қимылдарын бірқатар аймақта тоқтатты. Израиль Газаға гуманитарлық көмекті кіргізуді арттырып, әуеден парашют арқылы тағам мен дәрі-дәрмек тастауға рұқсат етті.
World Food Programme өкілдері Газадағы халықты 3 ай бойы тамақтандыруға жететін тағам қорының бар екенін айтты. Бастысы Израильдің гуманитарлық көмекті кіргізуге кедергі жасамауы дейді. Газада 2,1 млн адам тұрады және әр адамға күніне 3 мәрте тамақ беру ойластырылуда.
«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы Израиль билігі мен ХАМАС-ты айыптауда. Ұйымның мәліметінше 18-мамырдан бастап Газадағы аштыққа шалдыққандар саны 4 есеге артқан. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы Израиль билігі де, ХАМАС та аштықты қару ретінде қолданып отырғанын айтуда.
2025 жылдың наурызында Газадағы ұрыс қимылдары жаңа қарқынға көшіп, аймаққа гуманитарлық көмек кіргізу еселеп азайды. Израиль билігі ХАМАС-тың тұтқындарды босатуға ниетті еместігін айтып, көмек кіргізу жолдарын бұғаттап тастады. 19-мамыр күні Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Газаға қайта көмек кіргізуге рұқсат ететінін айтты.
Израиль гуманитарлық көмекті АҚШ-тың үкіметтік емес ұйымдары және Израиль органдары таратуы тиіс деген позицияны ұстануда. Осы позицияға байланысты Газада GHF ұйымы гуманитарлық көмекті тарата бастады. Израиль билігі БҰҰ-ның аймақта гуманитарлық көмекті тарату жүйесін сынға алды. Нетаньяхудың ойынша «БҰҰ гуманитарлық көмекті тарату сәтінде бақылау жүргізе алмай, көмектің басым бөлігі ХАМАС-тың қолына берілуде».
GHF Газада өзінің гуманитарлық көмек тарату орталықтарын ашты. GHF сайтында осы уақытқа дейін қордың 98 млн түскі ас таратқаны жазылған. БҰҰ-ның мәліметінше Газадағы гуманитарлық көмекті алу орталықтарында мыңға жуық адам қаза тапқан. Олар бір-бірін таптап тастаған немесе оққа ұшқан.
Газадағы жағдайды өз көзімен көріп, баға беру үшін Трамп аймаққа Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткоффты жіберді. Уиткофф Газаның Рафах қаласына келіп, Газадағы жағдайға баға бермек.
Mezgil.kz