Еліміз жер көлемі бойынша әлем картасында тоғызыншы орынды ойып тұрып алған. Қазақстанда аспанмен тірескен таулар, кең дала, ну орман, адуынды өзендер, адйн-көлдер жеткілікті. Ел аумағының 80 пайызға жуығын дала, шөл және шөлейт аймақтар алып жатыр. Мал жайылымына арналған алқаптар да жеткілікті. Бірақ бұл байлықты шынайы пайдаға жаратып отырмыз ба? Жер қатынастары туралы сөз қозғағанда, шындық пен қағаз арасындағы алшақтықты байқамай қалу мүмкін емес. Мемлекет бұл олқылықтарды нақты шешіп, халыққа пайдалы, билікке тиімді, шаруаға оңтайлы ұсыныстарды қарастырып, бағдарламалар қабылдауда.

(Сурет eldala.kz сайтынан алынды)
Бүгінде ауылдағы кейбір ағайын жерге қарап өмір сүріп отырса да, оны рәсімдеуге келгенде тосылып қалады. Неге? Себебі жүйе күрделі, түсініксіз, әрі жиі өзгеріп тұрады. «Бір құжат жетпейді», «Мерзімі өтіп кетіпті», «Базада жоқсыз» деген жауаптарды естігенде шаруа адамның тауы шағылады. Ал ауылда мал бағатын, егін егетін адамның уақыты мен шыдамы шектеулі. Көпшілігі сол қиындықтан кейін жерден де, ниеттен де бас тартып жатады. Бұл – ел үшін де, жер үшін де үлкен жоғалту. Себебі Қазақстан ауыл шаруашлығын дамытып, экономиканы көтеруді ойластыруда. Егін егемін, мал өсіремін деген әрбір шаруаны мемлекет мейлінше қолдап, демеуі тиіс. Бұл ауылдағы халыққа жұмыс беріп, мемлекетке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген сөз.
Біреуге жер – құжат, біреуге – бизнес, ал біреуге – отбасының табыс көзі. Ауылдағы жұрт үшін жер – жай сөз емес, күнделікті өмір. Сол себепті бұл салада қандай өзгеріс болса да, халық бірінші болып сезінеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бірнеше рет ашық көтерген. Ол 2021 жылы жерге қатысты отырыста: «Жер – халықтың меншігі. Ешкім де оны саудалауға немесе шетелдіктерге беруге құқылы емес», – деп нақты айтты. Бұл – ел ішінде біраз даулы болған мәселеге нүкте қойған сөз болды.
Алайда жердің айналасындағы дау азаяр емес. Бұл ауылдағы жерді бөлісуге қатысты болып отыр. Ауылдағы ағайыннан жиі еститін сөз – «жалға алған жердің құжатын ұзартқым келіп еді, айлап күтіп жүрмін», «жайылымды бөліп алған, мал қайда жайылады?» деген сияқты шағымдар. Бұл – жер қатынастарының әлі де болса толық цифрланбағанын, жүйесіз екенін көрсетеді.
Президент тағы бір сөзінде: «Жерге қатысты барлық шешім әділ, ашық әрі халықтың мүддесіне сай қабылдануы тиіс», – деп атап өткен. Бұл қарапайым сөз емес – бұл бағыт, бағдар. Өңір басшыларына берілген нақты тапсырма деген сөз.
Қазіргі таңда бұл салада үлкен өзгерістер бар. Кадастр картасы цифрланып жатыр, онлайн өтініш беру мүмкіндігі артты.
Президент бір сөзінде: «Біз жердің иесі кім екенін анық білуіміз керек. Қанша жер игерілмей жатыр? Қанша жер қолды болды? Осыны ашық айтуымыз керек,» – деп мәлімдеді. Бұл шындық. Игерілмеген жер көп, ол жердің көбі шынайы жұмыс істегісі келетін адамның қолына тимей жатады.
Жерге ие болу – байлық емес, жауапкершілік. Қазір кей адамдарда мыңдаған гектар жер бар, бірақ соның шөбін шаппайды, мал жаймайды. Ал ауылда бір отбасы 5 гектар сұрап, жылдап кезекте тұрады. Бұл – әділет пе? Жоқ, әрине. Мемлекет осы теңсіздікті жоюға белсене кірісіп кетті. Тоқаевтың «Қолжетімді жайылым» бағдарламасын іске қосуды тапсырғаны соның айқын дәлелі.
Бірақ тек мемлекетке қарап отыра беруге де болмайды. Халықтың да белсенділігі керек. Жерге иелік ету құқығын алу үшін, құжатты түсіну үшін, дау туса – талап ету үшін – бәріне де ақпарат, білім қажет. Сол үшін жергілікті шаруаларды ақпараттандыру да қарқынды түрде жүріп жатыр. Қоғам белсенділері тарапынан жайылым жерлерді алу үшін, заңсыз жер иемденген тұлғалардан жерді қайтару үшін жасалатын әрекеттер артқан.
Жер қатынастарын оңтайландыру тек заңмен емес, адаммен жұмыс істеуден басталуы керек. Әр ауылға барып, елмен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын көбейткен жөн. Жер туралы заңдар мен жүйелер халыққа түсінікті, қарапайым тілмен жеткенде ғана өзгеріс болады.
Жер қатынастары туралы айтқанда, ресми тіл емес, адамның шын жүрегінен шыққан сөз керек. Себебі бұл сала – тіршілікпен тікелей байланысты. Әр сот шешімі, әр жалға беру құжаты – бір отбасының болашағына әсер етеді.
Президент: «Әрбір азамат өзінің туған жерінде еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік алуы тиіс», - деді. Бұл ең алдымен мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктерді көрсетеді. Сонымен бірге заңсыздықпен күреске де үндеу деп түсінуіміз керек.
«Қолжетімді жайылым» жобасы аясында әр өңірде түрлі шара іске асырылды. Прокуратура өкілдері ауыл және аудан әкімдерін жерді үлестіруге қатысты әрекеттерін тексерді. Жайылым жерді үлестіруде заңсыздыққа барғандар заң аясында жазаға тартылды. Малы жоқ бола тұра жайылым жер алғандар, малы көп бола тұра жайылым жерсіз қалғандар да анықталып, әділетсіздік тоқтатылуда. Бұл жер қатынастарында әділетті шешім қабылдау үшін жасалған әрекет саналады.
Mezgil.kz