Қаруланған әлем: Қазақстан Түркияның қаруларын алуда!

Әлем елдері жаппай қарулануға көшуде. Сарапшылар бейресми тұрғыдан қырғи-қабақ соғыстың басталғанын айтуда. Еуропа мен Азия, Африка мен Таяу Шығыс елдері милитаристік саясатқа көшті. Мемлекеттер қорғаныс саласына бөлінетін қаражатты көбейтіп, әскери әріптестікті арттырып жатыр. Қазақстан да әскери ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ниетті.


Спецназ Казахстана участвует в международных учениях в Турции

(Сурет liter.kz сайтынан алынды)

 

Әскери ынтымақтастық Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтып, егемендігін сақтау жолындағы маңызды фактордың бірі саналады. Соңғы жылдары Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздік құрылымдары аясындағы ынтымақтастықты едәуір кеңейтті. Олардың қатарына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), НАТО және БҰҰ кіреді. Еліміз БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында да дербес әрекет етуші ел құқығына ие болып, Таяу Шығыстағы бірқатар миссияларды іске асырдық.

 

Қазақстан елі Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Израиль, Өзбекстан, Әзербайжан және Үндістан сынды елдермен серіктестік орнату арқылы әскери әлеуетін дамытып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып келеді. Халықаралық әскери жаттығуларға қатысу, заманауи қару-жарақ сатып алу, технологиялар трансфері мен бірлескен бітімгерлік миссиялар — мұның бәрі Қазақстан Қарулы күштерінің дайындығын арттырып, Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосады. Қазақстанның әскери әлеуеті күшейіп, рейтингтерде жоғары сатыға көтерілуде.

 

Қазақстан түбі бір түркі әлемімен әскери ынтымақтастықты арттыруда. Бұл әскери саладағы бірқатар кедергілерді жылдам еңсеруге мүмкіндік береді. Себебі тарихи, экономикалық, саяси, мәдени жақындық әскери саладағы әріптестікті нәтижелі ете түседі.

 

Түркі елдерінің ішінде әскери әлеуеті дамыған, қуатты әскер қатарына кіретін Түркия бар. Түркия НАТО құрамындағы ел және әскери өндіріс кешендері батыстық стандартқа сай дамуда. Анкара жыл сайын өндіріс саласына млрдтаған инвестиция салуда. 2023 жылы Түркия әскери өнімдерді сату арқылы 5,5 млрд доллар пайда тапса, 2024 жылы ол көрсеткіш 7,1 млрд долларға жетті. Осылайша Түркия қорғаныс өнімдерін сату арқылы экономиканы көтеруді де ойластыруда. Түркия Қазақстанмен әскери салада бірнеше келісім жасасқан.

 

Екі ел арасында әскери әріптестікті нәтижелі ететін міндетті нормативтік-құқықтық база жасақталды. Қазақстан Түркияның әскери оқу орындарында білім алуға әскерилерді жіберуде. Қазақ әскерилері Түркиядан натолық стандартқа сай білім алатын болады.

 

Қазақстан Түркияның әскери өнімдеріне де үлкен қызығушылық танытуда. Соның ішінде дрондар өндірісі, кеме жасау саласы, әуе қорғаныс жүйелері, заманауи зымырандар бар.

 

Қазақстан Түркиядан дрондарды сатып алуда. 2022 жылы Қазақстан түркиялық ANKA дрондарын Қазақстан аумағында өндіру туралы келісім жасасты. Сонымен қатар түркиялық Aselsan компаниясы Қазақстанның «Kazakhstan Engineering» серіктестігімен бірге Астанада «Kazakhstan Aselsan Engineering» бірлескен қорғаныс кәсіпорнын ашқан болатын. Бұл екі ел арасындағы әскери байланысты арттыра түсті.

 

Осылайша Қазақстан Түркиямен әскери саладағы байланысты арттырып, жаңа ауқымды келісімдерді жасасуда. Бұл Қазақстанның қорғаныс саласын күшейтіп, қару саласындағы әралуандықты мығым етпек.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар