Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту мәселесі тәуелсіздік алған сәттен бері күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда бұл бағытта оң өзгерістер мен үміт күттіретін үрдістердің байқалып отырғаны факт. Азаматтық бастамалардың күшеюі, қоғамдық диалог мәдениетінің қалыптаса бастауы және халықтың әлеуметтік мәселелерге деген бей-жай қарамауы елімізде азаматтық қоғамның қалыптасу үдерісі жолға қойылғанын айғақтайды.

(Сурет daily.hse.ru сайтынан алынды)
Қоғам белсенділері мен блогерлердің ықпалы артқан сайын, билік те қоғамдағы ахуалды дер кезінде бақылап, азаматтық бастамаларға жауап қайтаруды күшейтті. Бұл – азаматтық қоғамның цифрлық кеңістікте нығайып келе жатқандығының көрінісі.
2015 жылдан бастап Қазақстанда Қоғамдық кеңестер институты енгізілді. Бастапқыда бұл консультативтік орган ретінде ғана қарастырылғанымен, бүгінде қоғамдық кеңестердің беделі артып, нақты шешімдер қабылдау процесіне ықпал ете бастады.
Көптеген өңірлерде қоғамдық кеңестер жергілікті халықтың мәселелерін билікке жеткізетін негізгі құралға айналуда. Олар бюджеттің жұмсалуына бақылау жасау, инфрақұрылымдық жобаларға сараптама жүргізу, заң жобаларын талқылау сияқты маңызды мәселелерде белсенділік танытуда. Бұл да азаматтық қоғамның нақты дамуының көрінісі саналады.
Бүгінде Қазақстанда тіркелген ҮЕҰ саны 22 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш азаматтық қоғам институттарының кеңінен таралғанын білдіреді. Соңғы жылдары әлеуметтік қорғау, экология, жастар саясаты, мүгедектер құқығын қорғау, әйелдер құқықтары секілді салаларда белсенді жұмыс істейтін ҮЕҰ-лардың саны көбейіп келеді.
ҮЕҰ-лар мемлекеттің әлеуметтік жобаларын іске асыруда серіктеске айналып отыр. Бүгінде көптеген әлеуметтік бағдарламалар ҮЕҰ арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың көлемі жыл сайын артып, үкіметтік емес сектордың экономикалық дербестігіне жол ашылуда.
Осылайша азаматтық қоғам жыл сайын алға басып, адымдап дамып келеді. Қоғамның түрлі мәселені өзі көтеріп, шешім ұсынуы мемлекеттің даму қарқынын үдете түседі.
Mezgil.kz