Трамп әлемді ала тайдай дүрліктіретін тірлігін жалғастыруда. Бір қарасаң «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесінге» саяды, бір қарасаң «Күштінің арты диірмен тартадыны» көз алдыңа әкеледі. Осы жолы Трамптың Ресейге кәрін шындап төккені, ендігі жерде сөзден гөрі іске басымдық бергенін АҚШ басылымдары жеріне жеткізе жаза бастады.

«Трамп «ядролық эскалация сатысында» алғашқы қадамын жасады» деп жазады The Daily Telegraph.
«Тіпті қырғи-қабақ соғыс кезінде де АҚШ-тың бірде-бір президенті Ресей суларына қарай атомдық сүңгуір қайықтарын ашық жіберген жоқ. Бұрын-соңды АҚШ-тың бірде-бір көшбасшысы ядролық соғыс қаупі алдында осындай әрекетке батылы бармады...Бұл Кариб дағдарысы емес. Бірақ бұл АҚШ президентінің әрекеттерідегі үлкен тәуекелдің белгісі. Ол Вашингтонның Ресейге қатысты ядролық күштерін құруы арқылы қалыптасқан жағдайды мүлдем өзгертіп, өзінің алдындағылардың ешқайсысы бел шешіп, батылы бармаған іске барды», - делінген мақалада.
Трамп бұл қадамға неге бел шешті деген заңды сұрақ туындайды. Жатқан жыланның құйрығын басқан Медведевтің мына сөзі болды десек артық айтпаймыз. Сонымен, әлқисса Медведев не деді соған тоқталайық.
Бұған дейін Трамптың сөзіне жауап ретінде Медведев: «Ол «Тірі өліктер» туралы сүйікті фильмдерін, сондай-ақ табиғатта жоқ «Өлі қолдың» қаншалықты қауіпті екенін еске түсірсін», - деп айтқан болатын. Батыста «өлі қол» деп ресейлік ядролық соққыны басқаратын «Периметр» жүйесін атайды. Ол басқару пункттеріне соққы берілген жағдайда, автоматты түрде ядролық соққыға қарымта жауап беруге бағдарланған құрылғы.
Медведев өзге де жазбаларды жазып, Трампқа сес көрсетті. «Ресей - ультиматум ұсынатын Израиль де, Иран да емес», - деп мәлімдеді ол. Медведевтің айтуынша, «Ресейге қойылған әрбір ауыр талап соғысқа қарай жасалған қадам болып табылады».
Трамп Медведевтің сөзіне байланысты АҚШ-тың 2 ядролық қару тасымалдайтын сүңгуір қайығын Ресейге жақын маңға аттандырды.
«Ресейдің бұрынғы президенті және бүгінгі Қауіпсіздік Кеңесінің төраға орынбасары Дмитрий Медведевтің арандатушы сөздерінен кейін, мен тиісті аймақтарға екі атом сүңгуір қайығын жіберуді тапсырдым. Оның ақымақ сөздері құр сөз күйінде болмаса ше деген оймен солай еттім. Әдетте сөздің салмағы ауыр болады және болжап білмейтін салдарға әкеледі. Бұл жолы олай бола қоймас деген ойдамын», - деп жазды АҚШ президенті Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ-тың екі атомдық сүңгуір қайығы Ресейге жақын маңға бет алды. Бұл мәліметті Трамп Newsmax агенттігіне берген сұхбатында растады. Бұл ретте ол олардың нақты орналасқан жерін ашып айтпады.
Трамптың әрекеттерінен кейін Медведев үнсіз қалды. Ол соңғы үш күнде өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жазба қалдырған жоқ.
Mezgil.kz