Тоқаевтың бейтарап дипломатиясы: Украина–Ресей қақтығысын шешудегі Қазақстанның рөлі

 Украина Президенті Владимир Зеленский Тоқаевқа қоңырау шалып, телефон арқылы пікір алмасты. Біз бұл қоңыраудың астары мен маңызы туралы саясаттанушы Жанерке Қайратқызының пікірін сұрап  білген едік.

1754831059106411.jpg 

(Сурет:https://qazdauiri.kz/)

– Жанерке Қайратқызы, Украина–Ресей қақтығысы басталғалы бері Қазақстан қандай рөл атқарды деп ойлайсыз?

– Үш жылдан бері жалғасып келе жатқан Украина–Ресей қақтығысы екі ел үшін де ауыр соққы болды. Соғыс өрті бауырлас халықтарды бір-біріне қарсы қойып, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа қатер төндірді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қақтығысты бейбіт келісім арқылы ғана тоқтатуға болатынын бірнеше рет атап өткен. Қазақстан бұл қақтығыста басынан бастап бейтарап, объективті ұстаным танытты. Біздің позициямыз өзгерген жоқ және бұл – дипломатиялық тұрақтылықтың айқын көрінісі. Украинамен де, Ресеймен де достық әрі серіктестік қатынасты сақтап қалу – өте жоғары дипломатиялық шеберлікті қажет етті. Бұл, әрине, Қазақстанның халықаралық беделін арттырды. Алматыда БҰҰ өңірлік орталығының ашылуы – соның дәлелі.

 

– Тоқаевтың Зеленскиймен сөйлесуінің негізгі себебі неде?

– Менің ойымша, Зеленский қақтығысты тоқтатуда жаңа бейтарап, сенімді алаң ретінде Қазақстанды қарастырып отыр. Тоқаевтың бейтарап риторикасы, тәжірибесі және барлық тараптың мүддесін ескере отырып шешім ұсына білуі – дипломатиялық тұрғыдан өте қиын келіссөздерде маңызды фактор.

 

– Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер тарихына тоқталсақ.

–  Үш раунд келіссөз Стамбулда өткен, бірақ тараптар негізгі мәселелер бойынша келісімге келе алмады. Бұл – Украинаның территориялық тұтастығы, қарулы күштердің саны және халықаралық әскери ұйымдарға мүшелік сияқты түйткілдер. Тіпті Трамп Зеленскиймен Ақ үйде кездесіп, соғысты тоқтатамын дегенімен, фундаменталды мәселелер шешілмеді. АҚШ билікке Трамп келгеннен кейін Украинаға қаржылай көмекті шектеді, ал Еуропалық Одақ көрсеткен көмек жеткіліксіз деп бағаланды.

1754830983715980.jpg 


– Қақтығысты тоқтатудың басты кедергісі не болып тұр?

– Ең үлкен түйткіл – Ресейдің үстемдік орнатқан территориялар, соның ішінде Қырым мәселесі. Ресей бұл аймақтар бойынша өз ұстанымынан бас тартпай отыр. Трамптың өзі де Зеленскийге осыны қабылдау қажеттігін айтқан еді. Әйтпесе Мәскеу соғысты жалғастыруға дайын екенін ашық білдірді. Бұл Украина мемлекеттілігі үшін үлкен қауіп.

 

– Тоқаев пен Зеленский арасындағы телефон әңгімесінің мәні неде деп ойлайсыз?

– Бұл қоңырау – Тоқаевтың бейбітшілік формуласы іздеу процесіне белсенді түрде қосылғанының белгісі. Әңгіме барысында ол Зеленскийді мемлекеттілікті сақтау үшін аумақтық мәселелерде белгілі бір ымыраға келуге шақырғандай болды. Бұл – дипломатиялық тұрғыдан өте маңызды қадам.

 

– Тоқаев қандай нақты месседж берді деп ойлайсыз?

– Ол аумақтық мәселелердің абсолютті басымдыққа ие екенін мойындады, бірақ олардың шешімі өте күрделі екенін және көбіне бейбітшілік жолындағы еңсерілмес кедергіге айналатынын атап өтті. Сонымен бірге, мемлекеттілікті жоғалту – орны толмас трагедия болатынын ескертті. Ал аумақтық дауларды болашақ ұрпақтың қарауына қалдыруға болатынын меңзеді.

 

– Бұл қоңырау Аляскадағы келіссөздерге қалай әсер етуі мүмкін?

– Аляскадағы келіссөздерге байланысты айтар болсақ, Ресейдің басты принципі – бөлінбейтін қауіпсіздік қағидасы. Яғни, бір мемлекеттің қауіпсіздігі екінші мемлекетке қауіп төндірмеуі керек. Бұл тұрғыдан алғанда, Украинаның НАТО-ға мүшелігі Ресей үшін тікелей қауіп ретінде қарастырылады. Егер осы түйткіл шешімін тапса, болашақта территориялық дау да шешілуі мүмкін.

 

– Мұндай жағдайда қандай сценарийлерді күтуге болады?

– Жаңа бір прецедент қалыптасуы мүмкін. Мысалы, даулы аумақ де-факто бір мемлекеттің бақылауында, бірақ де-юре халықаралық қауымдастықтың басым бөлігі оны мойындамайтын жағдай орын алуы ықтимал.

 

– Сіздің ойыңызша, бұл реалистік көзқарас па?

– Иә, бұл – қалыптасқан ерекше жағдайға шынайы баға. Бірақ түпкілікті шешім қабылдау құқығы Вашингтон мен Мәскеуде. Қазақстан бұл процесте маңызды делдал бола алады, бірақ негізгі ойыншылар әлі де осы екі астана болып қала береді.

 

– Қазақстанның бітімгер ретіндегі әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Қазақстан мүдделері бар барлық ірі және орта державалармен бірдей жақсы қарым-қатынаста. Бүгінде осы мемлекеттердің барлығы қақтығыстан шығу жолын іздеуде. Қазақстанның бейбіт келісім мен бітімгерлік ұстанымы олардың мүддесімен үндес келеді. Егер Қазақстан алдағы уақытта да арағайындық рөлін атқарса, бұл тек Украинамен және Ресеймен емес, басқа да ойыншылармен қарым-қатынасты нығайтады.  Зеленскийдің Тоқаевқа қоңырау шалуы – қақтығысты шешудің нақты жолдарын іздеудің бастамасы. Бұл – Қазақстан беделін одан әрі арттыратын қадам. Тоқаев тәжірибелі дипломат ретінде барлық тараптың мүддесін ескеріп, шынайы жағдайды бейтарап бағалай алады. Дәл осындай қасиет бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда өте қажет.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар