Дінтанушы: Қауіпсіз қоғам - тұрақтылыққа сеп...

Қоғам қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі. Бұл ұғым азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тыныш әрі бейбіт мір сүруін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ел ішіндегі діни, мәдени және идеологиялық тепе-теңдікті сақтаумен де тығыз байланысты.

1754998109213489.jpg

(Сурет: Автордың мұрағатынан алынды)

Еліміз бүгінгі таңда осы бағытта ауқымды əрі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Соның ішінде жуырда қабылданған қоғамдық орындарда бет-əлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешек киюге тыйым салатын заң – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамның бірі. Қабылданған заңнамада қоғамдық орындарда адамның бет-əлпетін тануға кедергі келтіретін киім түрлерін (мысалы, ниқаб, бурка) киіп жүруге ты йым салынды. Бұл шешім қоғамда түрлі пікір туғызғанымен, оның негізгі мақсаты қоғамдық қауіпсіздікті күшейту əрі экстремизмнің алдын алу екені анық.

Қазіргі таңда бет-жүзді тану жүйелері қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тəсілі болып отыр. Мұндай технологиялар қауіп төнген кезде ғана емес, күнделікті өмірде де құқықбұзушылықтың алдын алуға сеп болады. Ал адамның тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлері құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатып, қауіп-қатерді арттыра түседі. Сондықтан бұл заң қоғамды ашық əрі  сенімді етуге бағытталған жəне ешбір діннің өзегіне қарсы келмейді.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда бұл ұстаным дінді жоққа шығару  емес, керісінше, барлық дінге бейтарап қарап, олардың еркін дамуына мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елімізде 3 500-ден аса діни бірлестік ресми тіркеліп, қызмет етіп келеді. Олардың басым бөлігі – ислам дінін ұстанатындар. Осы орайда еліміз үшін маңызды міндет – діни тұрақтылықты сақтау жəне деструктивті діни ағымдардың алдын алу.

Алайда кейінгі жылдары интернет пен əлеуметтік желілер арқылы түрлі радикалды ағымның идеологиясы жастар арасында таралып жатыр. Олар көбіне дəстүрлі исламды жоққа шығарып, қоғамға жат көзқарастарды енгізуге тырысады. Мұндай ағымдар тек діни емес, сонымен қатар əлеуметтік жəне ұлттық бірлікке де қауіп төндіреді. Бұл жағдай ұлттық қауіпсіздікке де əсер етеді. Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам дінін өзінің салт-дəстүрімен, тұрмыстіршілігімен сабақтастырып ұстанып келді. Бұл – ханафи мəзһабы мен Матуриди сенім мектебі негізіндегі дəстүрлі ислам жолы. Аталған бағыт бейбітшілік пен төзімділікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті дəріптейді. Дəстүрлі ислам – қазақы болмыспен толық үйлескен, дін мен дəстүрді қатар ұстануға мүмкіндік беретін жүйе.Бұған қарсы бүлдіргі ағымдар қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын жоққа шығарып, салт-дəстүрімізді бидғат деп есептейді. Олар жастарды отбасынан, қоғамнан, ата-баба аманатынан алыстатуға тырысады. Мұндай идеология – ұлттық тұтастыққа қарсы əрекет. Сондықтан қоғамымызда дəстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау – бүгінгінің басты міндеттерінің бірі.

Қазақтың ұлттық дүниетанымы мен салт-дəстүрі – қоғамның рухани тірегі. Тіл, музыка, ұлттық киім, отбасылық тəрбие, жеті ата ұғымы – мұның барлығы қоғам ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтады. Деструктивті діни ағымдар осы рухани өзекті жоюға ұмтылады. Сондықтан ұлттық құндылықтар мен дəстүрді сақтау – мəдениетті қорғау емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың тиімді тетігі. Мемлекет тарапынан ұлттық тəрбие мен отбасылық құндылықтарға негізделген идеологиялық саясаттың жүргізілуі – өте орынды əрі уақыт талабы. Өйткені отансүйгіш, мəдениет пен дінді қатар ұстанатын азаматтар – қоғам қауіпсіздігінің басты тірегі.

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау тек заң органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ол үшін діни тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұлттық құндылықтарды дəріптеу, жастарды теріс идеологиядан қорғау, сондай-ақ заманауи қауіпсіздік талаптарына сай заңнамалар қабылдау қажет.

Жуырда қабылданған бет-əлпетті жасыратын киімдерге қатысты заң – осы бағыттағы маңызды қадам. Дəстүрлі ислам мен қазақы салт-сананы ұштастыра отырып, біз бірлік пен бейбітшілікті сақтауымыз қажет. Себебі қауіпсіз қоғам – жарқын болашақтың негізі.

Нұрсұлтан Жаншин,

Дінтанушы

(Egemen Qazaqstan, 1 тамыз 2025 жыл, жұма №147 (31127)

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар