Ақ үйдегі басты кездесу: Путин Зеленскиймен жекпе-жекке келе ме?

Кеше Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде келіссөздер өткізді.

1755588187772049.jpg

(Сурет: lrt.lt)

Кездесуге Еуропаның жетекші мемлекеттерінің басшылары да қатысты. Талқыланған басты тақырып – Украинадағы соғысты тоқтату мен бейбітшілікке қадам басу болды. Сарапшылар бұл кездесуді соңғы төрт жылдағы ең маңызды дипломатиялық қадамдардың бірі деп бағалап отыр.

Ақ үйдегі жиынға Украина атынан Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, елші Оксана Маркарова, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің жетекшісі Рустем Умеров, СІМ орынбасары Сергей Кислица және Президент кеңсесі басшысының орынбасары Палиса қатысты.

АҚШ тарапынан вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, арнайы өкілдер Стив Уиткофф пен Кейт Келлог және Ақ үй аппаратының басшысы барды.

Еуропа лидерлерінің қатарында НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эммануэль Макрон, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және Финляндия президенті Александер Стубб болды.

Алдымен екіжақты, кейін үшжақты форматта өткен кездесуде қауіпсіздік кепілдіктерін беру, аумақтық мәселелерді талқылау және Ресеймен тікелей келіссөз жүргізу жолдары қарастырылды.

1755588149892821.jpg

(Сурет: bbc.com)

АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздерден кейін мәлімдеме жасап:

«Менің Ақ үйде құрметті қонақтармен өте жақсы кездесуім өтті. Біз Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесін талқыладық. Бұл кепілдіктерді Еуропа елдері қамтамасыз етеді, ал үйлестіруді АҚШ жүргізеді. Барлық қатысушылар бейбітшілікке қол жеткізуге оң көзқарас білдірді», – деді.

Трамп сонымен бірге, Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін атап өтті:

«Кездесуден кейін мен Путинмен сөйлестім және оның Зеленскиймен кездесуіне дайындықты бастадық. Әуелі екіжақты, содан соң үшжақты форматтағы кездесу жоспарланып отыр. Бұл – төрт жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтатудағы маңызды алғашқы қадам», – деді АҚШ басшысы.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио да келіссөзден соң Украинаға қатысты нақты ұстанымын жариялап:

«Қақтығыстан кейін Украина басқа мемлекеттермен қауіпсіздік келісімдерін жасауға құқылы, мұны Ресейдің өзі де мойындайды. Біз қазір еуропалық және өзге одақтастармен бірге қауіпсіздік кепілдіктерін әзірлеудеміз. Бұл Украинаның болашағын қорғауға бағытталған», – деді.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский кездесуден кейінгі пікірінде:

«Бұл – өте күрделі кезең. Сондықтан Еуропа лидерлерінің жеке қатысуы ерекше маңызды. Қауіпсіздік кепілдіктерінің нақты тетіктері алдағы 10 күн ішінде дайындалады. Аумақтарға қатысты мәселе тек менің және Путиннің арамызда талқыланады», – деп мәлімдеді.

Зеленский Путинмен жеке кездесуге дайын екенін де растады:

«Ресей алдымен Украина–Ресей деңгейінде екіжақты кездесу, содан кейін үшжақты формат ұсынды. Біз лидерлер деңгейінде кез келген форматқа дайынбыз. Сондықтан мен дайын екенімді растадым, және бұл ұстанымды барлық еуропалық лидерлер қолдады», – деді ол.

БАҚ: Киев АҚШ-пен 100 миллиард долларлық қару-жарақ келісімін жасағанын, ал бұл соманы Еуропа елдері қаржылай қамтамасыз етілетінін жазды. Бұдан бөлек, Украина мен АҚШ арасында 50 миллиард доллар көлеміндегі келісім жасалып, украин кәсіпорындары жаппай дрон өндірісіне кіріседі. Сондай-ақ Украина Мәскеудің бұғатталған 300 миллиард долларлық активін өзіне беруді талап етіп отыр.

Вашингтондағы осы тарихи кездесу – Ресей мен Украина арасында тікелей диалог бастауға негіз болған алғашқы маңызды дипломатиялық қадам. Кездесу орны мен уақыты әлі нақтыланбағанымен, Ақ үй бұл келіссөздерді ұйымдастыруға жауапты болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар