Украинадағы соғыс жалғасып жатқан дәл қазіргі кезеңде Батыс елдері Киевке ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдіктерін берудің жаңа тетіктерін талқылауға қызу кірісіп кетті.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Ақ үйде өткен Украина президенті Владимир Зеленский, Еуропа басшылары және АҚШ президенті Дональд Трамптың кездесуінде Киевке нақты қауіпсіздік кепілдіктері берілетіні айтылды.
Ал кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін әзірлеу бойынша арнайы құрылған жұмыс тобына жетекшілік ететіні белгілі болды.
Рубио әзірленіп жатқан қауіпсіздік кепілдігінің бірсыпыра тармақтарын атап айтты. Сонымен, кепілдіктің негізгі бағыттары мынадай:
Бірінші бағыт – Еуропалық әскерді орналастыру. Қазір Еуропа және АҚШ тарабы Украина аумағында одақтас елдердің әскери контингентін уақытша немесе тұрақты орналастыру мүмкіндігін қарастыруда.
Осыдан бірнеше ай бұрын бұл тақырып қызу талқыланған. Сонда Ұлыбритания, Франция бастаған елдер жиыны 30 мыңға жуық әскер шығарып, Украинаға бітімгерлік миссиямен аттандыруды талқы еткен. Олар майданның артқы шебіне орналастырылатыны, атысты тоқтату режімінің сақталуын (бітімнің) қамтамасыз ететіні айтылған.
Екінші бағыт – Әуе қорғанысын күшейту. Заманауи әуе шабуылына қарсы жүйелер орнатып, Украина аспанын қорғауды нығайту.
Бұл ретте Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Вашингтон кепілдіктің бір бөлігі ретінде әуеден қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырып жатқанын растады. Оның айтуынша: «Президент құрлықтағы әскерді жіберу мүмкіндігін біржола жоққа шығарды. Бірақ әуе бағытындағы қолдау – қаралып отырған негізгі нұсқалардың бірі», — деді ол.
АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл ойды құптап, «Fox News-ке» берген сұхбатында былай деді: «Еуропалықтар өз күштерін жерге орналастыра алады, ал біз басқа бағыттарда көмектесеміз. Әсіресе әуеде, өйткені бізде бар мүмкіндіктер ешкімде жоқ», — деді ол.
Үшінші бағыт – Қару-жарақ жеткізу. Тұрақты әрі жедел қару-жарақ пен әскери техникамен қамтамасыз ету.
Осыған дейін Батыс ақпараттары Киев пен Вашингтон жалпы сомасы 100 миллиард долларлық қару-жарақ келісімін жасағанын хабарлаған. Бұл үшін Еуропа елдері қаржылай қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алатыны айтылды. Бұдан бөлек, Украина мен АҚШ арасында 50 миллиард доллар көлеміндегі келісім жасалып, украин кәсіпорындары жаппай дрон өндірісіне кіріседі.
Сонымен қатар, НАТО әскери комитетінің төрағасы одақтас елдердің бас штаб бастықтарын кезекті жиынға шақырған. Талқыланатын басты тақырып – Укаринаға әскери қолдау көрсету тетіктерін әзірлеу.
Төртінші бағыт – Бақылау тетіктері. Укриана аумағына бітімгерлік әскер енгізу. Бітім шарттары мен атысты тоқтату режимін сақтау үшін халықаралық бақылау жүйесін енгізу.
Бұл бағыт бойынша жұмыстарды үйлестіруді АҚШ жүргізеді, ал америкалық сарбаздар Украинаға жіберілмейді.
«Bloomberg» дерегінше, шамамен 10 мемлекет Украинаға әскер жіберуге дайын екенін білдірген. Соның ішінде – Ұлыбритания мен Франция қазірдің өзінде контингенттің санын және орналасатын аумақтарын талқылап жатыр. Еуропа елдері бұл бағытта белсенділік танытып жатса, АҚШ үйлестіруші рөлді өз мойнына алмақ.
«Reuters-тің» хабарлауынша, АҚШ-тың әуеден қолдауы әртүрлі жолмен іске асуы мүмкін: Украинаға қосымша әуе қорғаныс жүйелерін жеткізу немесе америкалық жойғыш ұшақтардың көмегімен ұшуға тыйым салынған аймақ енгізу қарастырылып отыр.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский қауіпсіздік кепілдігінің маңызын ерекше атап өтіп: «Бұл – соғысты аяқтауға және халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған маңызды қадам. Қазірдің өзінде кепілдіктің нақты мазмұны бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деді.
Осылайша, Еуропа әскері Украина жерінде орналастырылуы мүмкін болса, АҚШ әуеден қолдау көрсетуге әзір. Бұл бастамалар Киевке берілетін жаңа қауіпсіздік архитектурасының негізгі тірегіне айналғалы тұр.
Mezgil.kz