Тоқаевтың Қырғызстан сапары: Қазақ-қырғыз ынтымақтастығына тың серпін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды. Манас халықаралық әуежайында оны қырғыз басшысы Садыр Жапаров салтанатты түрде қарсы алып, екі елдің әнұрандары шырқалды. Президенттер құрмет қарауылы ротасының алдынан өтіп, ресми делегация мүшелерімен танысты.


1755846446_2 KZ8_0073_2.jpg

 

Сапардың алғашқы күні Мемлекет басшысы «Ата бейіт» мемориалдық кешеніне барып, сталиндік репрессия құрбандарына тағзым етті. Сондай-ақ Тоқаев 1916 жылғы қырғын құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойып, Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат жасап, Құран бағыштады.

 

Кейін «Ынтымақ Ордо» резиденциясында өткен келіссөздерде тараптар сауда, көлік-транзит, су-энергетика, аграрлық және цифрландыру салаларындағы әріптестікті талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту да басты назарда болды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында екі халықтың тамыры терең тарихы мен тағдырлас жолын атап өтті:

Бұл сапар екі ел арасындағы достыққа тың серпін береді деп сенемін. Қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қазір ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық, – деді Қазақстан Президенті.

 

Сонымен бірге ол Қырғызстандағы оң өзгерістерге жоғары баға беріп, ел экономикасының 11,7 пайызға өсуін ерекше атап өтті. – «Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз», – деді Тоқаев.

 

Садыр Жапаров та Қазақстанмен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді:

Сізді Қырғызстанда тәжірибелі дипломат әрі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі. Соңғы жылдары екі елдің достығы бекемделіп, жаңа деңгейге өтті. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абай, Шыңғыс пен Мұхтар салған ізбен жалғасуда. Негізгі күшіміз – ынтымақ пен бірлік, – деді қырғыз басшысы.

 

Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

 

– Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің парасатты басшылығыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесіңіз зор. Бауырлас қырғыз халқы бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне сенемін. Бұл орден – Қазақ елінің Сізге және бүкіл қырғыз халқына деген шынайы құрметінің белгісі, – деді Тоқаев марапаттау рәсімінде.

 

Садыр Жапаров өз кезегінде Қазақстан тарапына алғысын білдіріп, бұл марапатты екі елдің стратегиялық серіктестігі мен бауырластығының жарқын көрінісі ретінде қабылдайтынын атап өтті.

 

Екі ел басшыларының төрағалығымен Қазақстан–Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті. Президент Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарын «Алатаудың қос қыранына» теңей отырып, одақтастық рухындағы байланыстардың одан әрі күшейетініне сенім білдірді.

 

Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге мүмкіндік бар. Су-энергетика, мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді, – деді Тоқаев.

 

Сапар қорытындысында мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойып, екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға жеткізу жөнінде Жол картасын қабылдады.

 

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары – тек саяси келіссөздермен ғана емес, «Алтын Қыран» ордені арқылы бауырластықтың символына айналған тарихи оқиға болды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар