Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатуға мүдделі еместігі күн өткен сайын айқындала түсуде. Мұны Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың «NBC News» арнасына берген даулы сұхбатынан да аңғаруға болады.

(Сурет: rbc.ru)
Ол: «АҚШ президенті Трамп өзі шешім қабылдайды. Біз оны құрметтейміз, себебі ол Американың ұлттық мүддесін қорғайды. Дәл сол сияқты президент Путин де Ресейдің ұлттық мүддесін қорғайды», - деді.
Бұл сөздің астарында Кремльдің шынайы саяси логикасы жатыр. «Ұлттық мүддені қорғау» ұғымы Ресей үшін бейбіт келісіммен ешқашан үйлеспейді. Империя өзін тек соғыс арқылы сақтап қала алады. Өйткені оның жеңісі – жаңа жерлерді жаулап алу мен қоғамды толықтай мобилизациялаудан тұрады.
Сонымен, Ресей неге бейбіт келісімге, соғысты тоқтатуға мүдделі емес? Бірнеше себебін тізбелеп айтайық:
Біріншіден, соғыстың тоқтауы Ресейдің әлеуметтік ахуалын ушықтырады. Майданнан оралған жүздеген мың сарбаз бен түрмеден босатылған жауынгерлер жұмыссыз қалып, ел ішінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршиді. Мемлекет оларды бейбіт өмірге бейімдеп, әлеуметтік төлемдер төлеуге мәжбүр болады. Бұл экономиканы тұралатады.
Екіншіден, соғыс – Мәскеудің артта қалған экономикасын «жандандырудың» жалғыз жолына айналған. Санкциялар арқылы Ресейді оқшаулау Кремльге «Made in Russia» өнімдерін күштеп насихаттап, ұлттық буржуазияны өзіне бағынышты ұстап отыруға мүмкіндік берді. Егер бейбітшілік орнаса, батыстық капитал мен брендтер қайта оралып, бұл жүйенің іргесі шайқалады. Сонымен бірге Мәскеудің Орталық Азияны экономикалық тұрғыда тәуелді етудегі амалы да әлсірейді.
Үшіншіден, саяси тұрғыдан алғанда, Ресей мен Қытай халықаралық қатынаста ежелгі «бөліп ал да, билей бер» қағидасына сүйеніп келеді. Бұл тәсіл Еуропа Одағының «бірігу және гүлдену» ұстанымына мүлде қарсы. Егер соғыс тоқтаса, бұл стратегияның құны көк тиын болып, НАТО мен ЕО Ресейдің әлсіреуін пайдаланып, Орталық Азияға еркін кіріп алады.
Төртіншіден, идеологиялық себеп бар. Ресей, Қытай және Иран демократия мен әмбебап құндылықтардың өз елдеріне жайылуынан өлердей қорқады. Еркін қоғамдармен көрші болу олардың авторитарлық билігіне қатер төндіреді. Сондықтан Кремль «Батыстың Украина мәселесіне араласуы – Ресейдің ішкі ісіне қол сұғу» деген ұстанымды әдейі халық санасына сіңіріп отыр. Егер бұл идеологиялық құралынан айырылса, режимнің тірегі шайқалады.
Бесіншіден, Ресей үшін соғыстың жалғасуы – тек геосаяси мүдде емес, билікті сақтап қалудың басты тетігі. Кремль өзін тек қақтығыс арқылы «ұлы держава» ретінде көрсеткісі келеді. Ал соғыс тоқтаса, Ресейдің әлемдік аренадағы беделі де, ішкі тұрақтылығы да күрт құлдырайды.
Түйін: Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавровтың Украина билігін «заңсыз» етіп көрсетуге тыраштануының түпкі мақсаты – соғысты тоқтату келісімінен жалтару. Яғни, Кремль мақұлдауымен ақпараттық кеңістікте жүзеге асырылып жатқан риторикалар – Ресейдің соғысты тоқтату, атысты тоқтатудан жалтаруға жасалған алғышарттардың бірі.
Mezgil.kz