Әлиевтің кезекті соққысы: КСРО Әзірбайжанды оккупациялаған!

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев «Әл-Арабия» арнасына берген сұхбатында Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік, жаңа көлік дәліздерінің маңызы, сондай-ақ халықаралық әріптестік туралы ойымен бөлісті.

1756460842108605.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Оның айтуынша, 8 тамызда Вашингтонда Дональд Трамптың делдалдығымен қол қойылған келісім аймақтағы ондаған жылға созылған қақтығыстарға нүкте қойып, бейбіт болашаққа жол ашты.

44 КҮНДІК ОТАН СОҒЫСЫ: БІЗ ЖЕРІМІЗДІ ҚАЙТАРДЫҚ!

Әлиев тарихқа тоқталып, 1990 жылдардағы ауыр кезеңді еске алды. Ол кезде Әзірбайжанның бір бөлігі Арменияның оккупациясында қалып, миллиондаған адам босқынға айналды.

«Бірінші Қарабақ соғысы елді әлсіретті, бізді халықаралық аренада да осал етті. Бірақ 2020 жылғы 44 күндік Отан соғысы әділеттілікті қалпына келтірді, халықаралық құқық негізінде біздің жерімізге ие болдық», – дейді ол.

Президенттің пікірінше, бейбіт келісімге қол қоюда басты бастамашы – Әзірбайжанның өзі болған.

«Бұл тек АҚШ-тың емес, ЕО, Түркия мен араб елдерінің қолдауына ие құжат. Сондықтан ол бүкіл аймаққа жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді мемлекет басшысы.

Әлиевтің айтуынша, келісім Арменияның саяси өзгерістеріне тәуелді болмауы тиіс.

«Ақылға қонымды кез келген үкімет бұл келісімді сақтайды. Өйткені онда басты нәрсе – аумақтық тұтастықты мойындау қарастырылған», – деді ол. Осы тұрғыда Минск тобының рөлі де аяқталғанын атап өтті.

«Бұл құрылым қақтығыс уақытында ғана қажет еді. Армения Қарабақты Әзірбайжанның бөлігі ретінде мойындаған соң, оның заңдық негізі қалмады», – дейді президент.

Мемлекет басшысы босқындарды отанына қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде 50 мыңнан астам адам ата қонысына оралғанымен, мина тазалау мен инфрақұрылымды қалпына келтіру үлкен кедергі болып отыр.

ЗӘНГЕЗУР ДӘЛІЗІ – БҮКІЛ ЕУРАЗИЯ ҮШІН МАҢЫЗДЫ!

Сұхбат барысында Әлиев Зәнгезур дәлізіне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, бұл жол – елдің тарихи арманы әрі стратегиялық маңызы бар жоба.

«Ол Әзірбайжанның батысын Нахичеванмен байланыстырады. Ұзындығы небәрі 42 шақырым. Біз өз аумағымыздағы құрылысқа кірістік, ендігі кезек Арменияда. Бұл дәліз тек біздің ел үшін емес, бүкіл Еуразия үшін маңызды, Азия мен Еуропаны жалғайтын жаңа көлік торабына айналады», – деді ол.

Әзірбайжан президенті Иранмен қарым-қатынасқа да тоқталды. Оның айтуынша, ресми деңгейдегі байланыстар сенімді әрі достық сипатта дамып отыр.

«Біз ортақ тіл табыса алдық. Кейбір сыртқы тараптардың айтқаны – бос әңгіме ғана», – деді ол.

Сондай-ақ Әлиев Сирияға газ жеткізу бастамасын да ерекше атады. Түркия арқылы жылына 2 млрд текше метр газ жөнелтілетінін айта отырып: «Бұл халыққа жарық пен жылу береді. Біз соғыс қиратқан Сирияға қолдау көрсетуге ниеттіміз», – деді.

ВАШИНГТОН КЕЛІСІМІ – КАВКАЗДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІКТІҢ ЖАҢА ДӘУІРІ!

Ресейдің ықпалына қатысты сұраққа да президент Әлиев нақты жауап берді. Оның айтуынша, Әзірбайжанда бірде-бір ресейлік әскери база жоқ, сондықтан қысым жасауға еш негіз болмайды.

Әңгіме соңында ол Дональд Трамптың рөліне жоғары баға берді. «Мен Армения басшылығымен бірге Трампты Нобель сыйлығына ұсындым. Өйткені ол Кавказдағы ғана емес, әлемдегі бейбітшілікке үлес қосты. Оның батылдығы мен шынайылығы бізді тәнті етті», – деді Әлиев.

ӘЗІРБАЙЖАН КСРО ҚҰРАМЫНА ОККУПАЦИЯ АРҚЫЛЫ ЕНГЕН!

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев «Әл-Арабия» арнасына берген сұхбатында Әзірбайжанның КСРО құрамына «басқыншылық» және «оккупация» арқылы енгенін айтты.

Ол Әзербайжанның екіге бөлінуі 1920 жылы Ресей әскерінің басып кіруінен басталғанын еске салды.

«1918 жылы құрылған Әзербайжан Демократиялық Республикасы алғашқы мұсылмандық демократиялық мемлекет болды. Алайда 1920 жылы сәуірде Ресей армиясы елге басып кіріп, біздің тәуелсіздігімізді тартып алды. Кейін сол жылдың қарашасында Зәңгезур өңірін Арменияға беріп, Әзербайжанды екіге бөлді», – деді Әлиев.

Әзірбайжан президентінің сөзінен аңғарғанымыз – Вашингтонда қол қойылған келісім аймақтағы жаңа дәуірдің бастауы болды. Ол тек қақтығыстарға нүкте қойып қана қоймай, өңірлік ынтымақтастық пен көлік дәліздері арқылы бүкіл Еуразияны байланыстыратын стратегиялық қадамға айналмақ. Ал бейбітшілікті қолдаған мемлекеттердің ұстанымы бұл бастаманың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар