31 шілде күні Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-ші мерейтойлық саммиті басталды. Бұл – аймақ үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды оқиға. Саммитке 22 елдің басшысы жиналса, олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

(Сурет: http://t.me/aqorda_resmi)
Мемлекет басшысы саммит қарсаңында, 30 шілде күні Қытайға барды. Сапар аясында ол Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізді. Бұл кездесудің ерекшелігі – Си Цзиньпин 22 ел басшысының ішінен тек үш көшбасшымен ғана жеке кездесті. Солардың бірі – Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесу ресми хаттамадан гөрі еркін, достық форматта өтті. Шамамен екі сағатқа созылған кешкі ас кезінде Си Цзиньпин бірнеше мәрте Тоқаевқа қарата «ардақты досым» деп ілтипат білдірді. Қазақ делегациясына көрсетілген мұндай құрмет екі ел қатынасының тек дипломатиялық сыпайылықпен шектелмейтінін, әлдеқайда терең әрі сенімді деңгейге шыққанын айқын көрсетті.
Тоқаев бұған дейін Қытайды Қазақстанның «мәңгілік әрі сенімді стратегиялық серіктесі» деп атаған болатын. Си Цзиньпин де бұл ойды қуаттап, екіжақты қарым-қатынас әлемдік саясаттағы өзгерістерге тәуелсіз екенін атап өтті. Ерекше назар аударарлық жайт – келіссөз қазақ және қытай тілдерінде өтті. Мемлекет басшысы тек қазақ тілінде сөйлеп, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастың тең әріптестікке негізделгенін нақтылап берді.
Тяньцзинь қаласы саммитке мұқият дайындалды. Әуежайдан бастап орталыққа дейінгі көшелер түрлі-түсті баннерлермен көмкерілген. Құттықтау жазулары қонақжайлықты айқын сездіреді. Қалада қауіпсіздік күшейтілгенімен, бұл тұрғындардың белсенділігіне кедергі болған жоқ. Көшелердің бойына жиналған халық кортежге қол бұлғап, қазақстандық делегация тоқтаған қонақүй маңына да көптеп жиналып, жылы лебіздерін білдірді.
13 миллионнан астам тұрғыны бар Тяньцзинь – Қытайдың ең ірі мегаполистерінің бірі. Мұнда ежелгі ғибадатханалар мен дәстүрлі үйлер заманауи зәулім ғимараттармен қатар орналасқан. Шаһарды әйгілі Ұлы Қытай каналы қиып өтсе, шығысын Бохай шығанағы шайып жатыр. Қала тұрғындарының көбі күнделікті өмірде мопедті көлік ретінде қолданады. Бірақ саммит күндері оларды жалға алу уақытша тоқтатылған, есесіне велосипедті пайдалану ұсынылған.
ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті 31 шілде мен 1 қыркүйек күндері өтпек. Биылғы шараның ұраны – «Шанхай рухын ілгерілету: ШЫҰ іс жүзінде». Кездесуде аймақтық қауіпсіздік, экономикалық серіктестік пен мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланады. Сонымен қатар «ШЫҰ плюс» форматындағы кеңейтілген отырыс та жоспарланған.
Айта кетейік, саммит қарсаңында, 30 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы Қытайдың China Daily газетінде жарияланды. Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызы және ШЫҰ әлеуетін арттырудың жолдары кеңінен айтылған.
Mezgil.kz