Нью-Йорк төрінде Қазақстан мен Украина сыртқы істер министрлері Нұртілеу мен Сибига кездесті.

(Сурет: un.org сайтынан алынды)
Бұған дейін 6 қыркүйекте екі министр телефон арқылы сөйлескен болса, араға екі апта салып, 22 қыркүйекте БҰҰ алаңында бетпе-бет жүздесті.
Әңгіме өзегінде екіжақты ынтымақтастықпен қатар, Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен шешу мәселесі тұрды. Қазақстан тарапы тұрақты бейбітшілікке мүдделі екенін тағы да айқын жеткізді.
Бұл ұстаным халықтың да көңіл күйіне сай: қаңтар-ақпан айларында жүргізілген «DEMOSCOPE» сауалнамасына сәйкес, қазақстандықтардың 60%-ға жуығы Ресей–Украина соғысы келіссөз арқылы аяқталатынына сенеді.
Украина да Қазақстанға жаңа қадамдармен келіп отыр. Тамыз айында Киев алғаш рет Сыртқы істер министрлігі аясында Орталық Азия істері жөніндегі бөлім құрып, «Орталық Азия+Украина» жаңа форматтағы әріптестікті бастамақ. Бұл қадам аймақтың геосаяси маңызын арттыра түсті.
Президент Тоқаевтың Нью-Йорк сапары – Қазақстанның сыртқы саясаттағы жаңа кезеңін айқындайтын сапар болды. Энергетика, цифрландыру, білім мен мәдениеттегі бастамалар елдің ішкі дамуына серпін берсе, Украина мәселесіне қатысты бейбіт ұстаным – Қазақстанның халықаралық аренадағы жауапты ойыншы екенін дәлелдейді.
БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңы – жаһандық саясаттың ең биік трибунасы. Дәл осы жерде, дәл осы алаңда Қазақстан өзінің Украина мәселесінде бейбіт келісімді қолдайтын ұстанымын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
Әлемдік геосаяси жағдайға, экономикалық, энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндірген Ресейдің Украинаға шапқыншылық соғысы 3,5 жылға аяқ басты.
Кеңес одағының шаңырағын шайқалтқан Борис Ельциннің батасын алып, билікке келген Владимир Путин 2000 жылы президенттік миссясын балшебектер жәркемдеп тастаған Николай II патшаның сүйегін жинап, Санк-Петрбуркке арулап көмуден бастады. Уақыт көрсеткендей, бұл – қазақтың соңғы ханы Кенесарының, қызылдар билігін мойындамаған Кейкі батырдың басын шауып, мөрлеген империалистік пиғылдың, орыс шовинизмнің қайта бас көтеруі еді. Сол имперлік пиғылдың асқынған кезеңі - Ресейдің бейбіт жатқан Украинаға басқыншылық соғыс ашуы болды.
Ал президент Тоқаев осыған дейін Путиннің «бөліп ал да билей бер» саясатын қолдамайтынын, Украинаның мемлекет тұтастығын құрметтейтінін Кремль қожайынына тіке айтты. Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайды. Мұны Қазақстан Президенттік һәм Сыртқы істер министрлігі деңгейінде бірнеше мәрте ашық білдірді.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Медиация мен модерацияға келетін болсақ, Қазақстанның медиатор ретінде әрекет етіп, бір нәрсені шешуге көмектесу мүмкіндігі мен қажеттілігі туындаса, иә, мұндай рөл атқара аламыз. Бұл Ресей-Украина соғысына да қатысты болуы мүмкін. Мен, әрине, тұтас процесс туралы айтып отырған жоқпын, бірақ нақты істерді қарастырғанда – неге болмасқа? Өйткені, келіссөздер процестері әдетте әртүрлі деңгейдегі мәселелер шешілетін әртүрлі орындарда өтеді», - деді.
Mezgil.kz