ҚР СІМ-ге сұрау: Шетелдік Шодиева Қазақстан паспортын қалай алып жүр?

«Қазақстанда заң алдында бәрі тең» дейміз. Бірақ кейде осы теңдік тек қарапайым халыққа ғана арналып айтылғандай әсер қалдырады. Өйткені елдің қазба-байлығынан миллиардтап пайда тауып, кейін шетел асқан олигархтардың отбасы мүшелері біздің заңға бағынбай, керісінше, заңды өз ыңғайына бейімдеп жүргендей.

1759396375843114.jpg

(Суреттер: bestnews.kz, rubaltic.ru)

ҚАЗАҚСТАН ПАСПОРТЫ ӘРКІМНІҢ ҚОЛЫНДА КЕТЕ БЕРЕ МЕ?

Олай деп топшылауымызға себеп те жоқ емес. Жуырда «Выход к морю» телеграм арнасы «Патох Шодиевтің қызы шетел азаматы бола тұра, Қазақстанның дипломатиялық паспортын қалай алып жүр?» деп сауал қойды.

Біз бұған дейін «Eurasian Resources Group-тың» бұрынғы басшысы Патох Шодиевтің Қазақстаннан қазба байлық арқылы байып, кейін бөтен елдің азаматтығына өтіп кетсе де, Қазақстаннан дивиденд алуға тыраштанып жүргенін жазғанбыз. Қазақтан қалтасын толтырып, өзі – өз, көйлегі – бөз болған соң Бельгияны барып паналаған Шодиевтер әулеті тіпті, «ERG-дің» жаңа басшыларын соттан сотқа сүйреп, сүйкімі кеткенін де тәптіштеп жаздық.

Енді міне, Патох Шодиевтің қызы Муниса Шодиева жайлы тың деректер қоғамды тағы да түрлі күмәнді ойларға жетелеп отыр.

ШОДИЕВТІҢ ШЕТЕЛДІК ҚЫЗЫ ҺӘМ ҚАЗАҚСТАН ПАСПОРТЫ

«Выход к морю» телеграм арнасының жазуынша: Шетелдің азаматы бола тұра, Муниса Шодиева Қазақстанның дипломатиялық паспортына ие болып шықты. Бұл құжатты 2003 жылы алған, кейін 2013 жылы қайта жаңартқан.

Мұндағы даулы мәселе мынада: Қазақстан заңнамасы қос азаматтыққа қатаң тыйым салады. Ал Муниса ол кезде Бельгия мен Ресейдің азаматы болған. Сонда қалай? ҚР Сыртқы істер министрлігі мұны білмеді ме, әлде көз жұма қарады ма? Сарапшылардың пікірінше, мұндай «артықшылық» Назарбаев әкімшілігінің қолдауынсыз мүмкін емес. Өйткені Шодиев пен оның серіктестері бұрыннан экс-президенттің сенімді шеңберінде жүрген.

Муниса Шодиева Қазақстанда тұрмаған, мемлекеттік қызмет атқармаған. Негізгі өмірін Лондон мен Мәскеуде өткізген. Оның дипломатияға қатысы бар жалғыз нәрсе — әкесінің МГИМО-да оқығаны ғана. Бірақ ол соның өзінде Қазақстанның атынан дипломат ретінде құжат алып жүр. Бұл жағдайдың өзі дипломатиялық паспорттың кімдерге, қандай жағдайда берілетінін қайта қарауға мәжбүрлейді.

Бұл құжаттың артында белгілі бір саяси есеп тұрғаны да айқын. Өйткені дәл сол жылдары Бельгияда Патох Шодиевке қатысты ауыр қылмыстық іс қозғалды: Ақшаны жылыстату, пара алу, энергетика саласына заңсыз кіру. Сот процесі он жылдан аса уақытқа созылып, ақырында Шодиевтер отбасы 23 млн доллар төлеп, мәселені шешті. Бірақ сол уақыт ішінде Бельгия азаматтығынан айырылу қаупі төніп тұрған. Демек, Қазақстанның дипломатиялық паспорты — отбасының «сақтандыру қадамы» болған деп болжауға да себеп жоқ емес!

Алайда Шодиевтердің проблемалары мұнымен де бітпеді. 2022 жылғы Қазақстандағы оқиғалардан кейін Шодиевтің аты Ұлыбритания парламентінде «қазақстандық клептократтардың» қатарында аталды. Лейбористер оның елде жинаған активтерін тексеруді талап етті. Қазір бұл тексеру ресми рәсімге айналды. Ал ол активтер аз емес: Лондондағы қымбат жылжымайтын мүлік, Мәскеу маңындағы резиденциялар, Мэн аралындағы офшор арқылы рәсімделген компаниялар т.б.

Сонымен қатар, Қазақстанда да дау-дамай тоқтамады. Муниса Шодиева әкесімен бірге бұрынғы серіктесінің ұлы Шухрат Ибрагимовпен «Еуразиялық қаржы компаниясына» бақылау орнату үшін соттасып жатыр. Бұл жолы іс олардың пайдасына шешіліп жатқан жоқ.

Осының бәрі бір ғана сұрақ туғызады: Муниса Шодиева кімнің мүддесін қорғап жүр? Қазақстан үшін ол — кім? Муниса Шодиеваға Қазақстанның дипломатиялық паспортын кім берді, не үшін берді?

М.Шодиева – мемлекеттік қызметші емес, Қазақстанда тұрмайды, шетелдің азаматы — бірақ біздің елдің атынан дипломат болып жүр. Бұл — мемлекеттің беделін аяққа таптау. Бұл — заңға түкіргендік.

а 1.png

ҚР СІМ-ІНЕ РЕДАКЦИЯЛЫҚ СҰРАУ ЖОЛДАНДЫ

Түйін: Біз Муниса Шодиеваға Қазақстанның дипломатиялық паспорты қалай және не үшін берілгендігін сұрап, ҚР Сыртқы істер министрлігіне ресми түрде редакциялық сауал жолдадық. Алдағы уақытта аталған жауапты Mezgil.kz ақпараттық порталында жариялайтын боламыз...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар