Ресейдің көлеңкелі соғыстары: Ресей агенттері жасаған 110 диверсия

2022 жылдан бері Еуропа Ресейдің көлеңкелі соғысының басты аренасына айналды. «Globsec» пен «ICCT» ұйымдарының зерттеуіне сәйкес, осы уақыт ішінде Мәскеуге тікелей байланысты 110 «диверсиялық инцидент» тіркелген.

1759485331120086.jpg

Бұл тек сандар емес — өртенген қоймалар, диверсияға ұшыраған инфрақұрылым, жарылғыш зат жасырылған сәлемдемелер мен адамдардың өміріне бағытталған қастандықтар. Мұндай оқиғалар Франция мен Польшада жиі орын алғанымен, бүкіл Еуропа Ресейдің көзге көрінбейтін соққыларына ұшырап отыр.

Бұл құбылыстың тамыры тереңде жатыр. 2018 жылы Еуропадан дипломатиялық бүркенішпен жүрген 600-ден астам ресейлік жасырын агент қуылғаннан кейін Кремль тактикасын өзгертті. Енді арнайы қызметтің орнына қылмыстық ортаға арқа сүйеп, диверсияларды «бір реттік агенттерге» тапсыра бастады. Әдіс экстремистік ұйымдардың тактикасын еске салады: Түрмеден шыққан немесе криминалдық топтарға қатысы бар адамдарды тарту, тіпті Telegram сияқты мессенджерлер арқылы кез келген адамды жалдау кеңінен қолданылуда.

АҚШАҒА АРБАЛҒАН АГЕНТТЕР...

Әшкереленген орындаушылардың географиясы кең әрі ала-құла. 23-і ресейлік, 26-сы украин, 15-і молдован, Эстония мен Болгариядан 12 адамнан. Бұлардан бөлек, Беларусь, Польша, Латвия, Германия мен Ұлыбритания азаматтары да бар. Кемінде 35 адам бұрын сотталған. Олардың барлығын біріктірген нәрсе — ақша. Біреулерге бірнеше еуроға проресейлік граффити салдырса, екіншілеріне стратегиялық нысандарды өртету мен жарылыс ұйымдастыру үшін қомақты қаржы төленген.

Нәтижесінде тіркелген 110 әрекеттің 89-ы табысты жүзеге асқан, тек 21-і ғана сәтсіз аяқталған. Әсіресе қауіпті кезең — 2024 жылдың алғашқы жартысы болған. Сол уақыт аралығында Польша мен Литвада жаппай өрт қоюлар тіркеліп, логистикалық қоймалардан жарылғыш зат жасырылған посылкалар табылды. Бұл Еуропаның дәл ортасында диверсиялық соғыстың қызғанын көрсетті.

РЕСЕЙ ЕУРОПА АУМАҒЫНДА ТЕРАКТ ЖАСАМАҚ БОЛҒАН!

Соңғы айларда ашылған деректер Кремльдің әдістерінің қаншалықты қауіпті екенін айқындай түсті. Польшадағы арнайы қызметтің мәліметінше, Ресей барлауы Польша, Литва және Германия аумағында ұшқышсыз дрондар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды пайдаланып терактілер дайындаған.

Жоспар бойынша, жүгері салынған банкалардың ішіне жасырылған бомбалар дрондар арқылы ЕО аумағындағы нысандарға тасталуы тиіс болған. Бұл іске қатысты 27 жастағы Владислав Д. дейтін Ресей агенті ұсталған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол Литва, Польша және Германия арасында дрон бөлшектері мен жарылғыш заттарды тасымалдаған.

«Wyborcza-ның» хабарлауынша, «банкілердің» бір бөлігі Каунастағы зиратқа көмілген, кейін ол Польшаға жеткізілуі керек болған. Барлық нұсқаулар орындаушыларға Telegram арқылы берілген.

Осы фактілердің барлығы бір ғана қорытындыға жетелейді: Ресейдің агрессиясы тек майдан даласымен шектелмейді. Кремль гибридтік соғыстың жаңа кезеңін бастап, Еуропаның тұрақтылығына қасақана соққы жасауда. Дрондармен тасымалданған жарылғыштар, қылмыстық ортадан шыққан жалдамалылар және жасырын нұсқаулармен орындалатын тапсырмалар — бұл бүгінгі күннің жаңа майданы. Ол көзге көрінбесе де, күн сайын қауіп төндіріп отыр.

Енді ең басты сұрақ — Еуропа осындай көлеңкелі соғысқа қарсы тұра ала ма? Бұл сұрақ тек қауіпсіздік органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, пошта мен логистика секторларының және халықаралық ынтымақтастықтың жауапкершілігінде. Барлау мен құқық қорғау қызметтері арасындағы ақпарат алмасуды жеделдету, логистика мен пошта қызметтерімен серіктестікті күшейту, қылмыстық және барлау орта арасындағы байланысты үзу — бүгінгі күннің ең шұғыл міндеттері.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар